Qoǵam
Білімсіздік рухани апатқа алып келеді
Бала кезімізде атамыз бен әжеміз шұбыртып тоқтамастан, кідірместен тарихи оқиғалар мен ертегілерді айтып беретін. Сол кезде ол кісілердің мұншалықты нәрселерді қайдан біледі деген сауал туындайтын? Ес біле келе ол кісілердің жұмыстан босай қалса кітапқа, газет-журналдарға үңіле кететінін де көріп өстік. Сонау қиын-қыстау уақытта да жанына рухани азықты серік еткен, кешегі ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміздің тосылмай сөйлеп, ұтқыр ой, тұшымды жауап қатуының сыры кітапты көп оқуларынан екендігі айтпаса да түсінікті болды. Қазір де үйімізге барғанда дастарқан басындағы әңгіме барысында әкеміз бен анамыздың тарихи оқиға не болмаса халықтың мақал-мәтелдерімен әңгімені әрлейтін әдеттерінен әлі де жаңылмаған.
Тарих пәнін оқыту барысында оқушыларға отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, барлық халықтармен достыққа, бейбітшілікке, еңбекке, еңбексүйгіштікке, эстетикалық тәрбие мен дүниеге ғылыми көзқарасы қалыптастырылады дейміз. Бірақ, тарих пәнінен қосымша әдебиетті емес орта мектептің өзінің негізгі бағдарламасын да игермегені кімге де болса сын екендігі ақиқат. Терең тарихымыздан үлгі алып, жарқын болашаққа нық қадам қоюымыз үшін жастарға осынау сан қырлы да қатпарлы тарихымызды сапалы оқытуымыз қажет.
Рас, қазір дамыған техника мен технологиялардың дәуірі. Жастар бүгінде өз салаларымен қатар дамыған заманның технологияларын жетік меңгеруі қажет. Мен бұл тақырыбымды қазіргі уақыттың жетістіктерінің бірі, қазіргі жас буын өкілдеріне өзінің пайдасынан зиянын көп беріп жүрген әлеуметтік желілер туралы сөз қозғамақпын. Әрине мен бұл сөздеріммен әлеуметтік желілерді мүлдем қолдануға қарсымын дегенім емес, тейісінше өз орнымен қолдану маңыздырақ дегім келеді. Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңін оқып отырып, еріксіз таңданасың.
… Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды,- деп келетін жолдары бар. Өлеңін нақ бір қазіргі технологияның мүмкіндігіне тамсанып жазып отырғандай.
Әлеуметтік желілердің тарихына үңілетін болсақ, алғашында әлеуметтік желілер АҚШ әскери күштерінің құпия мағлұматтарын тасымалдайтын компьютерлік бағдарлама болған. Кейіннен заман талабына сай ол бағдарлама көпшіліктің қолдануына рұқсат етілген әлеуметтік желіге айналды. Ал бүгінде сол әлеуметтік желілердің жүздеген түрлері бар. Әркім өз қалауы бойынша қалаған әлеуметтік желісіне еркін қосыла алады. Бірақ, бұл дегеніміз бар уақытымызды таңның атысы мен түн ортасына дейін әлеуметтік желілерде өткізуіміз керек деген сөз емес.
Бүгінде уақытының көп бөлігін осындай әлеуметтік желілерде өткізіп жатқан жастарымыздың психологиясында айтарлықтай өзгерістер мен ауытқулар сезіліп те жатыр. Мінезінде ашуға тез берілу, сабыр сақтап күте алмау, сонымен қатар есте сақтау қабілетінің төмендеуінің барлығына дерлік әлеуметтік желілерді тиімсіз пайдалануы себеп болып отыр. Сондай-ақ, жастар арасында сөздің, достың қадірі жоғалып барады.
Әлеуметтік желілерде байланыс орнатудың түрі көбейген сайын оған қызыға түскендердің қатары артуда. Әлеуметтік желіде мың досы бар жандардың шынайы өмірде сыр бөлісе алатын жалғыз жолдасы да жоқ. Оған өкінбейтіндері де кем емес. Виртуалды әлемді өзі танымайтын, өзі көрмеген досының мақтауына семіріп, өзін керемет жан сезінетіндер жұртпен араласудан қалып барады. Сонымен қатар әдеби кітаптар оқу мен білім алуға деген қызығушылығын да төмендетіп жатыр. Ал бұл дегеніміз өсіп келе жатқан жастар мен жасөспірімдердің рухани азық ала алмай ішкі жан дүниесінің тұрақсыздығына алып келіп, рухсыз ұрпақтың өсіп шығатындығының белгісі.
Адам баласына Алла тағала бұл дүниеде екі нәрсені аманатқа берген. Олар денсаулық пен уақыт. Біз жоғарыда әлеуметтік желілердің адамның психологиясына, денсаулығына кері әсерлері жөнінде аз-кем айтып кеттік. Енді уақытты тиімді пайдалану жайында сөз қозғасақ. Адам өміріндегі ең маңызды сәттердің бірінде ғылым үйреніп, білім алған кездері десек қателеспегеніміз болар. Ал сол жастық уақытты тиімді пайдалану жайында Абай Құнанбайұлы былайша өз өлеңімен өрнектейді:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Сонымен қатар, ғылым мен ғалымның, білімнің біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Бұл жайында ислам дінінде көптеген аяттар мен хадистер келтірілген. Мәселен, Құран Кәрімдегі ең алғашқы аят «Алақ» сүресінің алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!»,-деп басталуы тегін емес. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды»,-дейді. Сондай-ақ: «Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді» деген.
Енді бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с) «жастық шақта алынған білім тасқа қашалып жазылған жазумен тең» деп жастық кезеңдегі алынған білімнің маңыздылығын нақтылағандай. Алла адамға өмірді бір рет қана бергені секілді, сол өмірдегі жастық шақты екі рет қайтып бермейтінін әсте естен шығармай, жастық дәуірімізді тиімді, пайдалы істерге арнағанымыз жөн.
Жоғарыдағы ойымызды қорытындылай келе, ислам діні қатып қалған шариғат шарттарынан тұрмайды, керісінше ислам діні жаңа заман жаңалықтарын өз ішіне сыйдыра алатын дін. Адам баласы жаратылғалы бері түскен бір дін, бүкіл пайғамбарлар сол бір ғана дінді түсіндіруге жіберіліп отырған, дін қағидалары ешқашан өзгерген емес, тек шариғат шарттары ғана қоғамға сәйкес өзгеріп отырған. Демек бұл дегеніміз, ислам діні қазіргі заман жетістіктерін жоққа шығармайды деген сөз. Ал әрбір жетістікке жетуге ғылым керек десек, ғылым біліммен, білім тек оқумен келетінін естен шығармауымыз керек.
Елбасы Н.Назарбаев: «Компьютерде отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді» дейді. Бұдан шығатын қорытынды, біз өмір бойы өзгелерге қызмет етіп өтпеуіміз үшін жаңа заман технологияларын меңгерумен қатар, бір сәт рухани азығымыз – кітап оқуды да естен шығармауымыз тиіс.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»