Qoǵam
Тіл – рухани байлық
«Туған тілім –тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Тілім өссе мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе мен бірге өшемін»,- деп Халық ақыны Әбділда Тәжібаев атамыз жырлағандай, туған тіліміз елдігіміздің басты белгісі болып саналады. Расымен де, ана тілі – адамзат баласы жаралғалы бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін һәм мәңгі құламайтын бәйтерегі болып келеді. Туған тіліміз – қазақ тілінің өткені мен бүгіні һәм болашағы туралы ақындар әлі толғана жырлай береді. Өйткені, тіл тағдыры – ел тағдыры.
Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Қай кезде, қай қоғамда болсын тіл мәселесі сол тілден сусындаған ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті, оның әрбір дыбысы мен жалғау жұрнағы әрбір азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Осы тұрғыда Алаш арысы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпіндей тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ»,- деп тіл жайында терең толғанған екен.
Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды. Қазақ елінде қазақ тілі мемлекеттік деңгейде өркендеуі қажет деп білемін. Оған Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлттардың үлес қосуы маңызды.
Қазақ халқының бар рухани қуатын бойына сіңірген ардақты асылы – тілі. Әр халық өз тілі арқылы әлемді, дүниені, өмірдің құнды тағылымдарын таниды. Елінің мәдениетін жасап, келешек ұрпаққа түйген тұжырымдарын жеткізеді. Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Алайда азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да оның толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін әлі де қыруар жұмыстар атқарылуы шарт.
Тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты көп сөзден гөрі айқын да нақты істер керек. Қазақстанда тілді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Біз оған қуанамыз. Ана тіліміз – асыл мұрамыз, рухани байлығымыз. Тіл – халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу баршаның борышы екені даусыз.
Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Әркімнің ана тілі тірлік үшін керек болса, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек. Осыны Қазақстанның әрбір азаматының жан жүрегімен ұққаны жөн.
Айгүл Төребаева,
Облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесінің меңгерушісі