Qoǵam

«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді»

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсету жайлы сөз болып жатыр. Себебі, мал ауырса, ауыл шаруашылығы саласы шаш етектен шығынға батып қана қоймай, ауру адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді.
Ветеринар жан-жануарлардың ауруын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болған жағдайда ота жасайды. Малдан алынған ет,сүт т.б. өнімдерінің жарамды-жарамсызын анықтайды.
«Сен істі сүйсең ғана, іс саған бас иеді»,- демекші, мал дәрігері болу үшін білімділік пен біліктілік, өз мамандығына, жан-жануарға деген көңіл қажет.
Мал дәрігерінің жұмысы өте жауапты іс. Себебі, азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы мал дәрігерінің жұмысына тікелей байланысты.
Бүгінде елімізде мал дәрігері мамандары жетіспеуде. Бұл проблема біздің ауданда да бар.
Аудандық ветеринария қызметі мекемесінің басшысы Ғабитбек Кебеевтің айтуынша, ауданда 14 ветеринарлық пункт меңгерушісі, 33 фельдшер, 20 санитар, 6 ветеринар еңбек етуде. 14 меңгерушінің 10-ы жоғары білімді маман болса, төртеуі арнаулы орта білімді мамандар.
Мал дәрігерінің негізгі міндеті – белгіленген қауіпті 18 ауру бойынша профилактикалық шараларды жүргізу, яғни қан алу, ауруды анықтау, вакцина егу, ауру малдарды жою, т.б. 18 ауру ол: сібір жарасы, бруцеллез, туберкулез, аусыл, т.б
Мал дәрігерлері сонымен бірге малдарды бірдейлендірумен, сырға салумен айналысады. Форма-1 тірі малға, форма-2 етке, сүтке, форма-3 жүнге, теріге анықтамалар берді. Бұл анықтамалар Қазақстан бойынша жарамды болып есептеледі. Бұл қызметтер тегін атқарылады. Сонымен бірге жылқы малына чип салады. Чипті мал иесі сатып алады. Салып беру тегін. Ал, басқа ауруларды емдеу жұмыстары ақылы.
Көтеріп отырған тақырыбымызға жауапты ветеринария қызметі мекемесі жауапты болғандықтан мекеме басшысын әңгімеге тартқан едік.
-Ғабитбек Ақылбекұлы, ветеринар мамандығына деген бүгінгі жастардың қызығушылығы қандай?
-Бұрын колхоз-совхоз болып тұрғанда бұл мамандыққа қызығушылық жоғары болатын. Ол кезде мал да көп. Еліміз тәуелсіздігін алып, жаңадан тәй-тәй баса бастаған шақта, жер-жерде жаппай жекешелендіру жүрді, мал басы да азайып кетті. Мал дәрігерлері жұмыссыз қалып, арада оншақты жыл бұл мамандыққа деген сұраныс болмай қалды. Жастардың сана-сезімі де өзгерді. Бұл мамандыққа ықыласпен емес, амалсыздан баратындар саны артты. Салдарынан жұмыс ақсай бастады. Ауру мал, мал өнімдерінен ауруды жұқтырған адамдар да көбейді.
Есімде 2005-2006 жылдары бруцеллезбен ауыратын малдың саны 6000-ға жеткен кездер болды. 2012-2013 жылдары бұл ауруды жұқтырған мал саны 2 жарым мыңдай болды. «Көш жүре түзеледі» демекші, үкіметтің мамандық иесіне, салаға деген қамқорлығының нәтижесінде ауру малдың, ауруды жұқтырушылардың да саны азайып келеді. Мысалыға, өткен жылы бруцеллез ауруы анықталған мал саны – 95 бас болса, ауруды жұқтырған адамдар саны -13 болып отыр. Ауырған адамдардың үйіне барып, малдарын тексергенде көбінің сырттан, яғни кафелерден кәуап, тағы да басқа тамақтардан жұқтырғаны анықталып отыр.
Сұрағыңызға келсем, жастардың мамандыққа деген қызығушылығы әлі де төмен. Салдарынан маман жетіспеушілігі проблемасы бар. Біз маман жетіспеушілігінен аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы малсақ 10 адамды әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмысқа алдық. Әсіресе, шалғай ауылдарға Қошқарата, Боралдай, Жетітөбе ауылдық оругтерінде маман жетіспейді.
-Ветеринар мамандардың жалақысы қандай көлемде?
-Жұмысты талап ету үшін міндетті түрде маманға жағдай жасау керек. Біз үш жыл қатарынан қолымыздан келгенінше жалақыларын көтеріп келеміз. Қазіргі таңда ең төменгі айлық жалақы 63 мыңнан басталады, жоғарғысы 124 мың. Әлі де мүмкіндік болса көтеру жоспарда бар.
-Ауданда ветеринар мамандарына қаншалықты жағдай жасалған?
-Ветериналар көлікпен қамтамасыз етілген. Бірақ олардың тозығы жетіп тұр. Себебі, олар мал қыстауларына барады. Тауда да, таста да жүреді. Сондықтан олардың көліктерін жаңарту керек. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Енді жаңа заманға сай құралдар алуды жоспарлап отырмыз. Барлығында ноутбук бар. Бірақ интернетке қосылмағандары бар. Оларды интернетке қосу жоспарлануда. Ветеринарларға арнап жаңа логативімен формалар дайындап жатырмыз. Мамандар бұрын халатпен жүретін. Малдың арасында жүргендіктен бұл өте ыңғайсыз. Халаттары кірлеп, жыртылып кетеді. Қазіргі дайындап жатқан формамыз өте ыңғайлы, жинақы. Бұл бір жағынан адамның маман иесіне деген көзқарасының өзгеруіне септігін тигізеді.
Заман талабына сай жұмыс істеуі үшін әлі де жағдай жасалу керек.
Соңғы жылдары салаға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жастарға талапқа сай көмектер көрсетілуде.
– Салада жастарға үлгі боларлық тәжірибелі, білімді де білікті мамандар бар ма?
-Бар. Атап айтқанда, мекемеден Мұратәлі Жүрғараев, Мыңбұлақ ауылдық округінен Бекболат Өтегенов, Билікөл ауылдық округінен Нұрлан Ақышев, тағы да басқалар. 35 жылдық тәжірибесі бар Мұратәлі Жүрғараев былтыр жастарды мамандыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «Еңбек жолы» облыстық конкурсына қатысып, І орынды иеленіп, республикалық конкурсқа жолдама алып, республикалық конкурстан «Ең үздік тәлімгер» номинациясын жеңіп алды.
Тәжірибелі мамандардан үйреніп, ерекше қызығушылықпен жұмыс істеп жүрген жас мамандар да бар. Олардың келешегіне үлкен үміт артуға болады. Олар: Есжан Қасымбекұлы, Мақсат Қанатбек, Асқар Жүнісбаев, Нұржан Аушенов, т.б.
-Кез келген жұмыстың жауапкершілігі, талап-тәртібі болады? Бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлесіздер? Базардан жаңа сатып алған малдарды, жаңа туылған төлдерді тексеру қалай жүзеге асырылады?
-Дұрыс айтасыз. Талап барлығына ортақ. Әр ауылдық округке мал басының санына қарай жоспар берілген. Жоспар уақтылы орындалмаса, айлық жалақыларынан 25 пайызы қысқарады. Оның үстіне қазір барлық жұмыс базаға енгізу арқылы атқарылады. Сондықтан, оның атқарған жұмысын ашық көріп отырамыз.
Заң талаптарына сай мал иесі асырап отырған малының ауруы бар ма, жоқ па оны тексертіп, емдеп отыруға, бірдейлендіруге міндетті. Яғни, мал төлдегенде, базардан мал сатып алғанда малды тексертіп, қажет жағдайда емдетуге міндетті. Малының саулығы үшін мал иесі алаңдауы керек. Алайда, мал иелерінің тарапынан әлі де немқұрайдылық көзқарас басым. Халықтың саулығын емес, пайдасын ойлап ауру малды тездетіп сойып, мамандарға тексертпестен өткізіп жіберуге тырысады. Дегенмен, әрине, малдың ауруының алдын алуға ветеринар дәрігер де, мал иесі де жауапты,- дейді Ғабитбек Ақылбекұлы.
Иә, бұл жерде мал дәрігерінің жетіспеушілігі проблемасымен қатар, маман иесінің, мал иелерінің немқұрайды іс-әрекеттінен де көптеген проблемалар туындауда.
Тақырыпты ашу үшін сала ардагері, бүгінгі таңда еңбек етіп жатқан тәжірибелі маман және жас мамандармен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Жетпіс Көпбаев, сала ардагері, Күреңбел ауылының тұрғыны
– Карл Маркстың мынандай сөзі бар: «Медицина адамды емдейді, ал, ветеринария адамзатты емдейді». Яғни, мал дәрігері – жан-жануар мен адам арасындағы қалқаны.
Қазақ халқы бір-бірімен кездесіп, амандасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деп сұрауы тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі.
Колхоз, совхоз тарап жекешелендіру басталғанда мал дәрігеріне ешкім көңіл бөлмеді. Нәтижесінде ауру көбейді.
Ветеринар маманының жұмысы енді-енді дұрыстала бастады. Мамандар қазір малдардан қан алып, уақтылы вакциналарын салып, емдеп жатыр. Бірақ әлі де кемшіліктер көп. Ең негізгісі – ауру, өлген малдың етін тексертпестен көлікке артып, шұжық цехтарына, сауда орындарына өткізу. Бұл халыққа төнген қауіп, үлкен қателік. Бұрын ондай жағдайда міндетті түрде мамандарды шақырып, оның еті жарамды ма, жарамсыз ба тексерілетін. Қазір оған ешкім көңіл бөлмейді. Оның салдары-адамдардың, жаңа туылған сәбилердің түрлі аурулармен ауруы. Сондықтан бұған міндетті түрде көңіл бөлу керек. Жоғарыдан бастап талапты күшейтсе, бұл мәселе де шешімін табар еді. Айта берсе, кемшіліктер көп. Барлығы бірте-бірте ретке келер деп үміттенемін.
«Ауру – астан» деп бекер айтылмаған. Ішіп отырған азық-түлігіңіз, сүтіңіз, етіңіз таза болса, ауру да болмайды.
Мал дәрігеріне жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Сондықтан жастар сол жауапкершілікті сезініп жұмыс істеуі керек.
Бекболат Өтегенов, Мыңбұлақ ауылдық округінің бас ветеринар маманы
-Ветеринар маманы жұмысты тазалықтан бастауы керек, халықпен тіл табысып, дұрыс қарым-қатынас жасай білуі тиіс. Ветеринар маман күн-түн демей еңбек етеді. Соған төзе білуі керек. Мәселен, біреудің күнкөрісі болып отырған жалғыз сиыры түнде ауырып қалды дейік. Оған маманның шұғыл көмегі керек. Ветеринар хабарды ести салысымен көмек көрсетуге дайын болуы керек. Кей мамандар өзінің жауапкершілігін дұрыс түсінбей жатады. Сондықтан мен жастарға үнемі осы мәселені айтып отырамын.
Біздің жас кезімізде ауылда Дархан Батырбаев, Шәпигулла Зангиров сынды мал дәрігерлері болатын. Мен сол кісілерге еліктеп, оқуға түстім. Бір жағы маған ауылда тұру ұнайтын.
Биыл мал дәрігері болып еңбек еткеніме 39 жыл болады. Алла қаласа, зейнет демалысына шығамын. Қашанда мамандығымды мақтан тұтамын. Адам өз мамандығын жақсы көрсе, ерінбей еңбек ете білсе, абыройға да, құрметке де бөленеді. Мал дәрігері мамандығы ешқашан маңыздылығын жоймайтын, қашанда сұранысқа ие, өміршең мамандық. Сондықтан, осы мамандықты қызығушылықпен таңдаған жас мамандарға табыс пен сәттілік тілеймін!
Есжан Қасымбекұлы, Қарасаз ауылының ветеринар маманы
-Мен облыс әкімінің грантымен 2016 жылы Қазақ аграрлық университетін бітірдім. Негізгі арманым – ғылыми жұмыспен айналысу болатын. Алайда қазір ветеринар болғаныма өкінбеймін. Ветеринарға қойылатын талап жоғары. Ауылдық округтегі малдарды есепке алып, уақтылы вакцина салып, емдеп, заман талабына сай базада да дұрыс жұмыс істей білу керек.
Жұмыс істегеніме биыл үш жыл болды. Алғаш жұмысқа орналасқанда қорықтым. Кейін тәжірибелі ағалардың ақылымен, бағыт-бағдарымен көп нәрсені үйрендім. Әлі де үйренеріміз көп. Көп ізденуіміз, еңбектенуіміз керек. Әр жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Менің мамандығымның қиындығы – мал ауырған жерін айтпайды, малдың ауруын дәл, шатастырмай тауып, емдеу. Ол үшін университетте алған білімімізді, ағаларымыздың ақылын тәжірибеде ұштастырып, еңбек ету керек.
Бұл – мамандардың пікірі. Демек, ветеринар маманға еңбекке қабілеттілік, байқағыштық, жинақылық, мол жауапкершілік, ұйымдастырушылық, тәртіптілік, жануардың барлық түрлерін ұнату қасиеттері керек.
Халықтың денсаулығын адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын жұқпалы және экзотикалық аурулардан қорғау – ветеринар мамандардың міндеті. Ветеринар маманы өз ісіне атүсті қарауына болмайды. Малдың кеселі – адам денсаулыған кесірін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан өз ісін сүйетін, жауапкершілік қасиеті жоғары мамандарымыз, ауылына, халқына, Отанына жаны ашитын жастарымыздың, азаматтарымыздың көп болуы саладағы проблемалардың түйінінің шешілуіне негізгі себеп болмақ.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close