Qoǵam
Бақ – бағалағанның ғана басында тұрады
Ұлы дала. Ұлт тарихы. Бұл – ошақтың үш бұтындай бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар іспетті. Олай болуы заңды да. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан-ақ ұлт тарихын түгендеу жұмыстарын қолға алғаны әмбеге аян. Елбасы бір сөзінде: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегенді де тектен-текке айтпағаны анық. Өйткені ұлтымыздың тарихы тек ұлы жеңістерден ғана тұрмайды. О баста тағдырына талай сынақтарды үйіп-төгіп берген қазақ халқының басынан ғасырлық ғаламат қиындықтар өткені белгілі. «Көппен көрген ұлы той» демекші, соның барлығын ұлт болып еңсере білген ұлысымыз осынау азаттыққа ат шалдырып отыр. «Мың өліп, мың тірілген» халықтың тарихы осындай азапты жолдармен, содан соң азаттық таңы арқылы түзілді деуге болады. Біз халқымыздың мұндай ерлік істерін: «Азаптардан жұлдызға жол салған» деп бағалауымыз керек сияқты. Ұлт тарихын түгендеу турасындағы іргелі мен жүйелі жұмыстар бүгін басталған жоқ. Елімізде бұған дейін бірқатар бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Тәуелсіздікке дейін сыңар жақ пікірлер айтылып келген, солақай көзқарастар қалыптасқан тарихымызды тарихшылар тәуелсіздік рухымен қайта зерделеп, зерттеп жазып шықты. Әлем елдеріне танымдық саяхаттар ұйымдастырылып, ұлт тарихына қатысты құнды мәліметтерге, сол жақтағы архив деректеріне қол жеткізілді. Соңғы онжылдықтың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты бастамаларымен «Халық – тарих толқынында» «Ұлытау төріндегі толғаныс», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», сонымен бірге «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары жарық көріп, соның негізінде бірқатар игілікті шаралар қолға алынып отыр. Мысалы, «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы бойынша шетел архивтерінен құнды деректерге қол жеткізілсе, Елбасы Ұлытау төріндегі толғанысы арқылы ұлт тарихына қатысты біраз жайттарды қайтадан зерделеу керектігін еске салды. Бұл сұхбатта Елбасы ұлттың өткен тарихынан бастап бүгінгі даму жоспарына дейін, мәдениет, дін, тіл, секілді мәселелермен бірге ел экономикасы, инновациялық даму жайын да сөз етті. Себебі мұның бәрі халықтық мәнге ие ұғымдар мен ұлт болашағына қатысты мәселелер екені даусыз. Ал соңғы екі жылдың бедерінде жарық көріп, халық санасына жарық сәуле түсірген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының жөні тіптен басқаша. Алғашқы бағдарлама халқымыздың асқақ рухын тағы бір қырандай дүр сілкіндірді деуге болады.
Елдің рухани тұрғыдан жаңғыру жайы сөз бола қалса, біз ең алдымен сол елдің рухының шырақшысы болған ұлы тұлғалардың пікіріне құлақ асамыз. Бұл туралы ұлт руханияты мен әдебиетінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл» деп тереңнен ой толғағаны белгілі. Бұл әлбетте, әйгілі «Күлтегін-Тоныкөк» жырында айтылатын «Жұқаны бүктеу – оңай, жіңішкені үзу – жеңіл» деген тәмсілмен үндес келеді. Рухтың жаңғырығы қашанда ел ертеңіне әсер етпей қоймайды. Рухтың асқақтығы, руханият мәселелері бірінші орында тұратыны да сондықтан.
Ұлы даланың қасиеттері туралы сөз қозғап, қалам тербегенде бұдан үш жыл бұрын халыққа жол тартқан Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» мақаласына соқпай өтуге болмайды. Бұл мақаланың да өне бойына ұлтымыздың ұлы мұраттары кеңінен арқау болған. Онда: «Біз – Ұлы дала елінің ұрпағымыз. Осы жердің заңды да тарихи мұрагеріміз. Әрбір қазақстандық осы атауды жүрегіне жазып, оны мақтан еткен жағдайда ұлы бабаларымыздың мәңгілік арманын орындап, тәуелсіздігіміздің туын берік қолда ұстай аламыз. Біз ұлы дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз» делінген. Шынында біздің халқымыздың дүниетанымында Ұлы дала ұғымынан асқан құндылық жоқ. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да осындай ұлы ойлардан туындап, ұлт болашағына бет алып барады. Онда атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны екендігі аса мақтанышпен айтылды. Аталған мақаланы оқып шығып, ұлы құндылықтарды көңіліне сімірген адамның бойында мақтаныш сезімі пайда болатыны анық.
«Бағалай білгенге бақ қонады, қадірлей білгенге құт қонады» демей ме?! Бағзыдан жеткен тарихымыз, ұлтымыздың ұлы құндылықтары – біздің бағымыз. Басқа қонған бақты бағалай білу біздің халқымызға ұлы сын екені белгілі.
Халқымыздың ұғымында жеті саны қашанда киелі саналады. Сол себептен де ұлы даламыздың қырлары тектен-текке жеті санымен өлшеніп отырған жоқ. Жеті қырымыз – жеті қат көкпен, жеті ғаламмен, сондай-ақ жеті санына байланысты өзге де құндылықтармен астасып жатқаны анық. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегенді де жиі айтып, өмірде қолданамыз. Сондықтан әбден пісіп-жетіліп, дәуір сынақтарынан өтіп, осы күнге жеткен ұлы даламыздың жеті қырының мән-мағынасына терең үңілу, оны мақтаныш ету – бәріміздің асыл парызымыз болып қала бермек….
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»