Qoǵam

Жауапкершілікті күшейтпей, жағдай оңалмайды

Сақ болсақ, сау боламыз. Жалпы халық қауіпті індеттің алдын алу, оны жұқтырмау және таратпау, жақындары мен туған-туыстарын осы дерттен сақтау үшін сақтық шараларын қатаң сақтағандары абзал болмақ.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ел халқының алдында жасаған мәлімдемесінде де баса айтты. Президент сөзінен мысал келтіретін болсақ: «Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.
Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты. Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда.
Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік. Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз. Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп.
Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын»,- деді Президент.
Міне былтырдан бері әлемде қауіпті індет өрши түспесе, оның беті әлі қайтқан жоқ. Қазақстанның жекелеген кейбір өңірлерінде эпидемиологиялық ахуалдың оңалатын түрі көрінбейді. Кейбір өңірлер «қызыл аймаққа» енуде. Енді не істемек керек? Сақтық шараларын қатаң сақтап, халықтың той-томалақтан, басқа да отбасылық жиындарға барудан бас тартулары керек. Сонда ғана індеттің төңірегіндегі эпидахуалдың біршама түзелетіні анық.
Өткен аптаның сенбісі күні індеттің алдын алу және түсіндірме жұмыстарын жүргізетін аудан әкімдігі жанындағы мониторинг топтарының мүшелері аудан орталығын және ауылдарды аралап, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Топ мүшелері ең алдымен аудандық орталық аурухана аймағындағы сауда орындары мен дүкендердегі санитариялық талаптардың сақталуын зерделеп, дүкен иелері мен сатушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «Әлішер», «Жалғас», «Индира» азық-түлік дүкендері, шаштараз, ломбард, ветеринариялық дәріханалар араланып, сақтық шараларына байланысты кәсіпкерлік иелерімен қатар, клиенттерге де түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Келесі кезекте Қайрат, Көлбастау ауылдарындағы дүкендер мен көпшілік жиналатын орындардағы санитариялық талаптардың сақталуына зерделеу жүргізді. Аудан орталығында да бірқатар нысандар араланды. Мысалы, базар аймағындағы «Алатау» мейрамханасына барғанымызда, онда той болып жатты. Той иесі: «Шағын құраммен құдалық өткізіп жатырмыз. Қонақтар 50 адамнан аспайды»,- десе, өзін мейрамхана иесімін, есімім Алтын деп таныстырған әйел кісі: «Қазір Ораза айының алды болған соң көп кісілер қуаныштарын өткізіп алуға жанталасып жатыр. Бізде де солай. 30 бен 50 адамның арасында қуаныштарды қабылдап, жасап жатырмыз. Былтыр пандемияның алдында үлкен сомада несие алып, мейрамхананың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Індеттің таралуына байланысты артынша-ақ тойханалардың барлығы жабылып қалды. Несиені қалай өтейміз деген қорқынышымыз болды. Шынын айту керек, былтыр қатты қиналдық. Ең болмаса, қыста жаққан газ бен жарығымызды, басқа да коммуналдық шығындарымызды өтеп алайық деп отбасылық қуаныштарға тапсырыс қабылдап жатырмыз. Індет тараған мынадай кезеңде бізге де оңай емес. Тойханада санитариялық талаптардың барлығы сақтаулы»,- дейді ол.
Мониторинг тобы келесі кезекте Шақпақата және Қарасаз ауылдарында болып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарына, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дүкендерде санитариялық талаптарды сақтамаған бірқатар азаматтардан түсініктеме алынды.
Шынында үлкен-үлкен тойханалар салып, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге індет біршама қиындықтар әкелгені рас. Алайда қонақтардан босап қалған кейбір тойханалардан басқа да кәсіп түрлерінің ашылып жатқанын көріп жүрміз. Былтыр той жасамақ тұрмақ, қара бастың амандығы үшін сабылғанымызды, дәріханалар мен дүкендердің алдында туындаған ұзын-сонар кезекті қайтіп естен шығарамыз? Денсаулықтың зор байлық екенін әсіресе, қауіпті індет тараған тұста анық сезініп жатырмыз. Індеттің беті әлі қайта қойған жоқ. Сондықтан үйде де, қоғамдық орындарда да сақтық шараларын сақтап жүруді әдетке айналдыруымыз қажет. Адамзат тағдыры таразыға түскен осындай сын сағатта жауапкершілігімізді күшейтейік. Тұрғындардың жауапкершілігі күшеймей, жағдай да оңалмайды. Сондықтан сақ болсақ, сау болатынымызды естен шығармайықшы, ағайын!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close