Qoǵam

Қосаровтар жанұясының қоғам дамуына қосар үлесі мол

«Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде іс басында болған азаматтарымыздың бірталайы қазір зейнеткерлік кезеңге жетіп, қадірлі қарттықтың қызығын көріп отыр. Олар әлі де қатарымызда. Мемлекет дамуының барлық мәртебелі шақтарында ақыл-ойымен, шынайы пейілімен, жастарға тәлім-тәрбие беруімен ұлттық ұлы дәстүрлерімізді ұлағаттап, парасат биігіне көрінуде». Біз бұл сөйлем жолдарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінен алып отырмыз. Иә, шынында тәуелсіз еліміздің іргетасы абыз ақсақалдар мен ақ кимешегін кір шалмаған ардақты апа-әжелеріміздің ақ батасымен, сонымен бірге ұлағатты ұрпақ өсірген отбасылардың үлес қосуымен мықтап қаланғаны белгілі. Отанның – отбасынан басталатыны сияқты, қоғамның да болашағы отбасылармен тікелей байланысты екені даусыз. Мемлекеттің дамуы мен кемел келешегінің жарқын болуына қомақты үлес қосқан, әлі де қосар үлесі мол жанұяларды насихаттау ісі де қолына қалам ұстаған журналистер қауымының басты мақсаты. Осы орайда біз Қосаровтар жанұясы туралы аз-кем әңгімелесек дейміз.
Сонымен бүгінде Билікөл ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылында түтін түтетіп отырған Өсербай Қосаровтың әкесі Әбдір ақсақал да Кеңес Одағы тұсында ұзақ жылдар бойы шопанның ақ таяғын қолына мықтап ұстаған алдыңғы қатарлы қойшы болған. «Мал – баққанға бітеді» немесе «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген халық нақылын жастайынан санасына мықтап сіңірген Өсербай аға сонау 1968 жылы әкесі Әбдір ақсақалдың қолынан қойшының ақ таяғын алады. Содан ол «Билікөл» совхозының Жылыбұлақ бөлімшесінде табаны күректей 30 жыл шопан болып еңбек етеді. «Қой шелді болмай, төлді болмайды» демекші, Жылыбұлақтың малға жайлы адыр-қырқаларында ақтылы қой өргізген Өсербай шопанның жүз қойдан 131 қозы берген кездері де болыпты.
-Кеңестік кезеңде малшыларға, жалпы еңбек адамдарына деген құрмет ерекше болатын. «Әлемнің әміршісі – еңбек» десек, олай болуы заңды да сияқты. Адам еңбекпен өсіп, көркейеді. Біз де жастайымыздан көп қиыншылық көріп, барлық материалдық игіліктің, басқа да құндылықтардың тек еңбекпен, маңдай термен келетінін біліп өскенбіз. Әкем Әбдір мен анам Шәйзада біз ес білгелі мал бақты, совхоздың басқа да жұмыстарының басында болды. Отбасындағы балалардың барлығы осындай игі тәрбиемен өсіп, өмірден өз орындарын тапты.
Мен де өз алдыма жеке отау болып, еңбек етіп ауданның, туған ауылымның дамуына үлесімді қостым. «Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, Құдай қосқан қосағым екеуміз үш ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде барлығы өмірден өз орындарын тапты. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Үлкен ұлым Дүйсенді құрылысшы болса, Рақым мен Қуаныш өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Қыздардың да өз таңдаған мамандықтары бойынша жұмыстары бар. «Бала – балдан тәтті, немере – жаннан тәтті» демей ме дана халқымыз? Ұл-қыздарымыздан 33 немере, 10 шөбере сүйіп бақытқа кенеліп отырған жайымыз бар,- дейді Өсербай Әбдірұлы.
«Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, Өсербай Қосаров совхозда қойшы болып еңбек еткен жылдары бірқатар марапаттарға ие болған. Ол 1986 жылы Алматы қаласында өткен съезге делегат боп қатысқан сәтін де әлі күнге мақтанышпен айтады. Бұл – еңбек адамына мемлекет тарапынан көрсетілген құрметтің бір парасы ғана.
Мал бағуға да ынта мен талап керек. Ештеңе де өздігінен болмайды. Осыны терең түсінген Өсербай аға біраз жыл бұрын «Әбдір» шаруа қожалығын құрады. Қазір аталған шаруашылық ауылдық округтің жер жағдайына қарай төрт-түлік өсірумен айналысады. Табыстары жаман емес.
Қара шаңырақтың қасиеті өз алдына. Қара шаңырақтан өсіп-өніп, саналы ұрпақ өрбіткен үлгілі де мерейлі отбасылар біздің елімізде мыңдап саналады. Олар қашанда еліміздің мықты тірегі. Отбасындағы тәрбие дұрыс болса, қоғамның да келбеті дұрыс болады. Осы орайда Жылыбұлақ ауылында түтінін түзу ұшырып, жан-жағына сыйлы болып отырған Қосаровтар әулетінің отағасы Өсербай Әбдірұлы ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып келе жатқан айтулы азаматтың бірі. Ел қашанда ағасыз болмайды. Өсербай ағаның ауылдық ақсақалдар алқасына төрағалық етіп келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Ақсақалдықты абыройлы қасиет деп білсек, бүгінде жемісті де кемел жас саналатын 70 жастың асқарына шыққалы отырған Өсербай ағаның ауыл-аймаққа айтары бар. Қалай десек те туған ауыл мен туған жердің көркеюіне атсалысып жүрген, қоғам дамуына әлі де қосар үлесі мол Қосаровтар жанұясының тәрбиесі мен өнегесін үлгі етуге тұрарлық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close