Qoǵam
Өзін-өзі тану – адамгершілік әліппесі
«Мен, бала жас кезінен-ақ әрқашанда сау да әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін калаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс».
Сара Алпысқызы
Өзін-өзі тану пәнінің мектеп бағдарламасына енуі – Тәуелсіздіктің тәтті жемісі. Рухани-адамгершілік тәрбиесі – Адам болып қалыптасуының алғы шарты. Білім беру жүйесінде балаларды адами құндылықтар әлеміне тартып, адами қарым-қатынас нормаларымен таныстыру, азаматтық мәдениетті қалыптастыру және дамыту осы пәннің еншісіне тиді. Бұл істе – Сара Алпысқызы Назарбаеваның еңбегі орасан. Үлкен жүректі Ел Анасының, сүйіспеншілік пен махаббатқа негізделген ойлары мен тұжырымдарының жемісі. Жақсыны ұлықтай білу де, жайсаңды қызықтай білу ақылдың ісі.
Жуырда №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» тақырыбында онкүндік өтті. Онкүндіктің мақсаты – адамгершілік рухани білім беру бағдарламасының негізіне жататын тәрбие мен білім беру жүйесінде рухани жетілдіру идеясы оқушыларды жалпы адами құндылықтар әлеміне тартып, адами қарым-қатынас нормасымен таныстыру, азаматтық мәдениетке қалыптастыру және дамыту болып табылады.
Онкүндіктің салтанатты ашылуында сөз алған мектеп директоры Руслан Сайлаубаев онкүндікті өткізудегі мақсат пен күтілетін нәтижеге тоқталып, мектеп ұжымы мен оқушыларын белсенділік танытып, шараға қатысуға шақырды.
Онкүндікте алғашқы болып «Бөбек» қорының Президенті С.Назарбаеваға арналған тақырыптық сынып сағаттары мен «Сүйіспеншілік – өмір негізі» тақырыбында жалпы республикалық ашық сабақтар өтілді. «Балаға жүрек жылуы» атты сынып сағаттарында Сара Алпысқызының өмір жолы, балаларға деген қамқорлығы, жасаған жақсылықтары туралы түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға түсінік берілді. «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани бағдарламасының авторы С.Назарбаеваның қызметі туралы, оның ішінде автордың жазған кітаптары мен қазақстандық және әлемдік ойшылдардың, педагог-гуманистердің шығармалары туралы мектеп кітапханасында «Мейірім төгетін ана» тақырыбында кітапханашы Айгүл Баяділованың ұйымдастыруымен кітап көрмесі қойылды.
Онкүндік ішінде директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ләйлә Жолболдиева мен қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің жетекшісі Мая Құрмашованың ұйымдастыруымен 2-10 сынып оқушылары арасында «Алтын жүрек анамыз» тақырыбында мәнерлеп оқу байқауы өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша таңдап алынған шығармаларының ерекшелігі, сөйлеу мәнері мен актерлік шеберлігіне орай 3 сынып оқушысы Нұрасыл Ұзақбай, 4 сынып оқушысы Балғаным Алмағанбет мен 9 сынып оқушысы Ақбала Бердібай жеңімпаз атанды. Мектеп дәлізінде еңбек пәнінің мұғалімдері Қасымбек Әбдіханов пен Жанар Мырзахметованың ұйымдастыруымен «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында 5-10 сынып оқушыларының қолдан жасаған бұйымдары көрмеге қойылып, авторлар мектеп оқушылары мен қатысушы ата-аналарға бұйымдардың күнделікті тіршілікте қолданылуы мен қалай жасалатыны туралы шеберлік сабақтарын өтті. Оқушы қолынан шыққан әрбір туындыға мектеп ұстаздары мен ата-аналар жоғары баға беріп, оның ішінде 7 сынып оқушылары Жайна Тұрарбек мен Сымбат Әдібайдың, 9-сынып оқушысы Аяулым Алиқызының жұмысы үздік деп танылды. Онкүндік аясында тарих пәнінің мұғалімі Махмұджан Мамытовтың ұйымдастыруымен «Ел болашағы – білімді ұрпақ» тақырыбында 7-9 сынып оқушылары арасында пікір-сайыс ойыны өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша 9 сынып оқушыларынан құралған «Ақиқат» фракциясы бас жүлдені иеленіп, Ақбала Бердібай мен Нұржас Тұрарбек «Үздік спикер» аталымын жеңіп алды. Сонымен қатар онкүндік аясында «Қайырымдылық – жер бетінде» флеш-мобтары, «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциялары өткізілді.
Онкүндік нәтижесінде «Бәрі сүйіспеншіліктен басталады» тақырыбында қорытынды кеші өтіп, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ән – көңілдің ажары» атты фестиваль-конкурсымен аяқталды. Ән фестиваліне 1-10 сынып аралығындағы жас өнерпаздар, өнерлі оқушылар қатыстырылды. Өнер – халыққа тән болса, сол халықтың болашағы болып табылатын жас өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткері С.А.Назарбаеваның сан салалы қайырымдылық қызметімен қатар тұлғаны қалыптастыруда рухани–адамгершілік құндылықтарды сіңіруді мақсат тұтқан жарқын бастамаларының игі әсерін тигізіп жатқандығы айтылды. Кеш соңында мектеп директоры Руслан Сайлаубаев онкүндікке белсенді қатысқан ұстаздар мен онкүндік аясында өткен байқау жеңімпаздарын марапаттап, арнайы Алғысхаттар табыс етті.
«Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам ешқашанда сол қалпында қала алмайды», деп Ман Томас айтқандай, әрбір жеке тұлға дамып жетілуі тиіс. Бір қалпында тұрып қалуға болмайды. Себебі, уақыт адамға бағынбайды. Жеке тұлға білімін жоғарылатуы арқылы оның рухани тәрбиесі де арта түседі. Рухани тәрбиенің дұрыс берілуі – рухы биік ұрпақ тәрбиелеудің негізгі кепілі демекпін.
Бақытгүл Нұралиева,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта
мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі