Qoǵam

Сақтанған қапы қалмайды

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп біліп отырмыз. Жағдай әрине, мәз емес.
Біздің ауданымыздың өзінде бүгінгі таңда ауырып жатқандар көп. Ауруханада жатқандардан бөлек, үйлерінде ем қабылдап жатқандар қаншама?

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының бас маманы Нәзипа Әзімбекованың айтуынша, 2020 жылы ауданда 174 адам ковидпен ауырса, 30 адам коронавирусты пневмониямен ауырған.
Ал үстіміздегі жылы осы уақытқа дейін 240 адам індетке шалдықса, 511 адам коронавирусты пневмониямен ауырған.
Аталған басқарма мамандары ауру ошақтарына барып, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізеді.
-ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 12.12.2020 жылғы №67 Қаулысының 36 қосымшасына сәйкес ауру ошақтарына барып, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, ауру анықталған жанның отбасына барып, карантин талаптарын түсіндіріп, үй карантинін сақтау туралы қолхат береміз. Сонымен бірге аудандық ауруханаға ауырған адаммен байланыста болған адамдардан ПТР тест алу үшін санитарлық қаулы береміз. Бұл отбасына ауруханадан мобильді топ барып, тиісті жұмыстарды атқарады және отбасы 14 күн аурухананың бақылауында болады.
Сонымен бірге үйді оқшаулау туралы қаулыны жергілікті әкімшілік пен аудандық полиция бөліміне береміз.
14 күн уақытша карантинге жабылған адам көпшілік орынға баратын болса, егер кәсіпкерлік нысанда Ashyq бағдарламасы арқылы тексергенде мәртебесі “қызыл” болса, айыппұл салынады. Егер “сары” болса, ескерту беріледі. Ауданда мұндай жағдай бойынша бір кісіге айыппұл, үш кісіге ескерту берілді.
Ауырған жанның үйіне барғанда маман ретінде біз де өзіміздің кеңесімізді, көмегімізді береміз. Ең бастысы, үрейленбеу қажеттігін, уақытша жағдайға сабырмен қарау керектігін, саламатты өмір салтын ұстанып, иммунитетін көтеру, денсаулықты күту туралы кеңесімізбен бөлісеміз.
Мекемеміздегі төрт жауапты маман осылай барлық ауырған жандардың үйлерін аралап, жұмыс жүргіземіз.
Үстіміздегі жылы 14 шілдеге дейін індетпен ауырған науқастың үйіне үкімет тарапынан дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетін. 14 шілдеден бастап бұл жұмыстар тоқтатылды.
Жалпы КВИ аурушаңдығының соңғы апта мен алдыңғы аптадағы салыстырмалы көрсеткішіне қарасақ, індетпен ауырғандар саны шамалы ғана болса да азайды.
Бұл қауіпті індет жұқпалы болғандықтан көпшілік орындарға бармай, сақтанып жүрген маңызды,- дейді Назипа Өрісбекқызы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close