Qoǵam
Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел
Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде ел атынан тұңғыш сөз сөйлеген, талай әккі саясаткерлер мен дипломаттардың алдын орап, өзінің қайсар да байыпты мінезімен мәмілегерлік саясатта да, оқу ісі мен әлеуметтік даму саласында да ерен еңбек еткен қазақ қызы бар. Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері Киссинджирдің өзі «Еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия – білектіні бүгетін өнер» деген. Бұл сөз ел арасында жүріп, қарапайым мінезімен, жанашырлығымен әрі батыл қадамдарымен есімі жаңғырған, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтіріковаға да тән.
1921 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аймағында дүниеге келген Балжан Бөлтірікова 1941 жылы Алматыдағы мұғалімдер институтын, 1943 жылы Қазақ педагогикалық институтын тамамдаған. Көпбалалы отбасында өскен Балжан Бөлтірікқызы өзі де көп балалы ана болып, перзенттеріне барынша тәлім-тәрбие бере білді.
Балжан университет қабырғасында үздік оқып, сталиндік стипендия иегері атанып, кейін сол жылдары Алматы қаласы Фрунзе аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесіне сайланған. Болашақ жары, композитор Бақытжан Байқадамовпен де сол тұста танысқан.
Лепсіге жолдама алған Балжан Бөлтірікова оқу меңгерушісі, кейіннен №12 мектептің директоры болып тағайындалады. Небәрі 21 жасында директор болған қыз мұндай жүгі ауыр істе ерлік таныта білді. Сол қиын жылдары мектептің жөндеу жұмыстарына да атсалысып, әрі отбасын да асырап, жан бағуда, сондай-ақ іс-тәжірибе жинақтауда да қарап қалмады.
1949-1955 жылдары Балжан Бөлтірікованың саясатта жасаған алғашқы қадамдары танылған әрі жүгі де ауыр кезеңдер еді. Осы жылдар аралығында ол Қазақ КСР-нің бастауыш және орта мектеп кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің төрайымы болып тағайындалады.
Ал 1956-66 жылдары Қазақ КСР-нің Әлеуметтік қорғау министрі болады. Бар-жоғы 34 жасында министр лауазымына тағайындалған Балжан Бөлтірікова өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, барынша шешімді жұмыс жасайды. Бұл ел еңсесін енді тіктеп жатқан соғыстан кейінгі ауыр кезеңдер еді. Оның үстіне министр болғаннан кейін қарапайым халықпен көп жұмыс жасап, олардың бар қажетіне жарап, қолғабыс ету ләзім болды. Министрдің алдына соғыстан кейін жарымжан болған, денсаулығы еңбек етуге жарамайтын, аяқ-қолсыз қалған жандар келіп жиі көмек сұрайтын. Ол өтінішті жай ғана тыңдап қоймай, мәселесін түбегейлі шешіп беруге тырысатын.
Балжан Бөлтірікқызының әлеуметтік қорғау министрі болған жылдары атқарған еңбегі шаш етектен. Соның дәлелі бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған Алматыдағы протезді-ортопедиялық зауыт. Қарттар үйі, бүгінгі «Ардагер» ғимараты бой көтерді. Қаншама лауазымды қызметте жүрсе де ешуақытта дүние-мүлікке қызықпаған министр отбасымен 1964 жылы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер алады.
Балжан Бөлтірікованың сыртқы істер саласында атқарған қызметі өте жемісті болды. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-нің Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. Дәл сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар палатасының депутаты болып, Одақ көлеміндегі сыртқы саяси мәселелерге қатыса бастады. Кейіннен сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды.
Балжан Бөлтірікова – БҰҰ Бас ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағынан ресми делегацияны бастап барған қазақтан шыққан тұңғыш әйел сыртқы істер министрі, БҰҰ мінберінде тұңғыш рет сөз сөйлеген қазақ қызы. Әсіресе, оның АҚШ-тың БҰҰ жанындағы Адам құқықтары жөніндегі одақ құрып, өз саясатын жүзеге асырмақ болған тұстағы бұл идеяның Кеңестер Одағының мүддесіне қайшы келгендігі сол тұста Одақ делегациясы бұл идеяны болдырмау үшін әрекет еткенде Балжан Бөлтірікованың танытқан ерлігі әлі күнге дейін қазақ дипломатиясының сол тұстан-ақ жемісті дамып келе жатқанының көрінісі іспетті болды. Өзінің табандылығы мен тапқырлығының арқасында бұл идея жүзеге аспай, Кеңес Одағының есебі түгенделеді. КСРО сыртқы істер министрі болған Громыко Балжан Бөлтірікова туралы Нью-Йорктен қайтқан сапарында өзінің ыстық лебізін білдіріп, оның кәсіби қызметте өз ісінің маманы екенін алға тартқан екен.
1999-2002 жылдары ҚР сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысов бірнеше республикалық басылымдарға Балжан Бөлтірікқызының сыртқы саясатта атқарған еңбегі туралы мақалалар жазған. «Балжан есімді дипломат» атты мақаласында Е.Ыдырысов Б.Бөлтірікованың қызмет жолындағы жарқын да маңызды сәттері 1966 және 1970 жылдары КСРО-ның БҰҰ Бас ассамблеясының ХХІ және XXV сессияларына қатысуын алға тартады. «БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Б.Бөлтірікова әлеуметтік және гуманитарлық мәселелерді шешумен айналысатын кеңестер одағы делегациясын үшінші комитетін басқарды. Адамдармен қарым-қатынас жасай алу қабілеті, талқыланатын мәселелерді жан-жақты білуі қазақстандық дипломатқа келіссөздерді сәтті жүргізіп, маңызды халықаралық мәселелерді шешу барысында КСРО ұстанымының қолдау табуына қол жеткізді» деп жазады Е.Ыдырысов.
Сол жылы Б.Бөлтірікова кеңес делегациясының мүшесі және жетекшісі ретінде түрлі халықаралық форумдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, Швейцария, Чехословакия, Сирия, Цейлон т.б. көптеген елдерге сапар жасайды. Балжан Бөлтірікқызының жұмысы жоғары бағаланып, КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен 1966 жылдың 31 желтоқсанында сыртқы саясат саласындағы жемісті қызметі үшін “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталады. Ерлан Ыдырысов өз естеліктерінде Балжан Бөлтірікқызы өмірінің соңына дейін құрметті еңбек демалысында болса да белсенді өмірлік ұстанымы болғанын, жас қазақстандықтарға өз іс-тәжірибесін бөлісіп, ел мен әлемдегі қоғамдық-саяси үрдістерді назардан қалт жібермей бақылағанын жазады.
1971 жылы Қазақ КСР Ағарту министрі лауазымына тағайындалған Балжан Бөлтірікова бұл істе де өзінің табанды шешімдерімен көзге түседі. Бастауыш сыныптарда қазақ мектептерін сақтап қалу туралы ұсынысын Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында қорғап, сақтап қалады. Елдің білім саласында елеулі еңбек атқарып, жемісті жұмыс жүргізеді.
Өмір өткелдері түрлі бұрылыстардан тұрады. Білікті маман, әр салада жарқын таныла білген, өмірде әріптестері айтпақшы, байсалды мінезінен танбаған Балжан Бөлтірікова өмірінің соңына дейін ел мүддесі үшін аянбай қызмет етіп кетті. 1998 жылы өмірден озды. Саналы ғұмырында атқарған қызметтері үшін үш орден, жеті медальмен марапатталды. Бүгінде Балжан Бөлтірікқызының ізін жалғап отырған ұрпақтары бар. Екі қыз, екі ұлы да сыртқы саясат миссиясында, тіл маманы, профессор болып ата-аналарының дара жолын жалғауда.
Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікованың есімі тарих сахнасында мәңгілікке жаңғырды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
Мақала Интернет материалдары негізінде дайындалды