Qoǵam
Теміртапшылық анемия деген не?
Қан – бүкіл ағзаның жасушаларын қоректендіріп, тыныс алуға көмектесетін биологиялық сұйықтық. Оттегінің жеткізілуі мен көмірқышқыл газының шығуына қызыл қан түйіршіктері – эритроциттер құрамына кіретін гемоглобин жауап береді. Гемоглобиннің толыққанды түзілуі үшін ағзаға тағаммен түсетін темір микроэлементі қажет. Адам темір қорын тұрақты түрде қабылдамаған жағдайда теміртапшылық анемия туындайды.
Теміртапшылық анемияның белгілері:
– тез шаршау;
– жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі;
– тәбеттің жоғалуы;
– аздаған жүктеме түскенде ентігу;
– балалардың оқу қабілетінің төмендеуі;
– құлақтың шулауы, көздің қарауытуы;
– бет, қызыл иек,ерін,тіл,тырнақ, қабақтың шырышты қабатының бозаруы;
Теміртапшылық анемияның салдары:
– балаларда ақыл-ой мен дене бітімінің бұзылыстары;
– жүктілік және босану салдарының асқынуы, ана мен нәресте өлімінің қаупі;
– еңбек қабілетінің төмендеуі;
– иммунитеттің әлсіреуі;
– жұқпалы ауруларға бейім болуы;
– созылмалы аурулардың асқынуы;
Өзіңіз бен жақындарыңызды теміртапшылық анемиядан қалай сақтауға болады?
– ең алдымен дұрыс тамақтану керек. Тағам үлесі құрамына темірге бай өнімдер: бауыр, тіл, ет, балық, сонымен қатар, алма, құрма, алмұрт тәрізді жемістер мен көкөністер, қымыз, саумал секілді сусындар кіруі қажет.
– аскорбин қышқылы (С витамині) темірдің сіңімділігін жақсартатынын есте сақтаңыз.
– шай мен кофе темір сіңімділігін тежейтіндіктен, оларды тамақтан 30-40 минут өткен соң ішкен жөн.
– темірмен арнайы байытылған өнімдерді қолданыңыз. Біздің елімізде ол – бидай ұны.
Райхан Исаханова,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
басқармасының бас маманы