Qoǵam
Құқығымыз заң аясында қорғалады
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаздар қауымын қадірлеу, қастерлеу сонау кездерден басталғаны анық. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Ол өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнауға бел буған жан. Оның бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі.
Ұстаз қасиетті мамандық саналатыны баршамызға белгілі. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдердің еңбегі ерен, еңбектері өлшеусіз. Басты жетістігі – шәкірттерінің білімді, саналы ұрпақ болуы, жақсы тәрбиеленуі.
Өскелең ұрпақтың, ұлттың болашағы – мұғалімдердің қолында. Осы орайда, қоғамда «мектептің жүрегі, жаны» саналатын педагогтердің мәртебесін көтеру туралы сөз жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің шешімі табылып, биылғы жылдың басты жаңалығы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Аталған қуанышты жағдайды мұғалімдер асыға күткен еді. Заңды ұстаздар қауымы қызу талқылау үстінде. Мұғалімдердің жүктемесін азайтып, жөнсіз тексерулер мен қоғамдық жұмыстарға тартылудан босатылатыны, еңбегіміздің бағалантыны қуантты. Ең бастысы – құқығымыз заң аясында қорғалатын болады.
Заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Ең алдымен, бұл заңның аясын көрсетіп, педагог мәртебесіне қалай ие болуға болатындығы жайында ақпарат берілген. Заң 4 терминді қолдана отырып жасалынған. Олар педагог, педагогтік әдеп, педагогтік әдеп жөніндегі кеңес, тәлімгерлік. Сондай-ақ, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есеге арттыру көзделген. Сондай-ақ, үлгілік оқу жоспары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі. Заң аясында белгілі бір жетістігі бар ұстаздар қауымына қосымша ақы төлеу ескерілгені оларға үлкен жігер береді. Сонымен қатар, заңда педагог өз мамандығын толық игеруге, педагогтік қағидаларды сақтауға, өзінің кәсіби шеберлігін үнемі арттыруға және тағы да басқа міндеттер көзделген.
Орыс халқының ойшылы Анатолий Луначарский: «Ұстаз – бұл ұрпақтың бойына ғасырлар бойына жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтаушы адам» деп бағаласа, қазақтың ағартушы ғалымы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов ұстаз қауымын «Мұғалім – мектептің жаны» деп жоғары баға береді. Осындай ғұламалардың бағалауына лайықты болу, тәуелсіз елдің ұландарын бәсекеге қабілетті етіп шығару бүгінгі ұстаздың еншісінде.
Ақтолқын Қолаханова,
№4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Педагог-зерттеуші