Qoǵam

Екпе салдыру – азаматтық парызымыз

2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциядан жаппай вакцинациялау басталғаны белгілі. Денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандар вакцинациялау індеттің алдын алуда 90 процент оң көрсеткіш көрсететін айтып отыр.

Қазақстандағы эпидемиялық ахуал мемлекеттің де тұрақты бақылауында. Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Қ.Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты.
-Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда,- деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі тиімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Мұны локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Бүгінде олардың экономикасы мен азаматтары пандемияның зардабын тартып отырған жоқ.
-Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиын соңында Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды. Барша қазақстандықтардың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.
Барлық өңірлер сияқты Жуалы ауданында да вакцинациялау ерікті түрде жүргізілуде. Аудандық орталық аурухана басшылығының айтуынша, сәуір айының 01-ші жұлдызында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ауданға Ресейде өндірілген «ГАМ Ковид-Vac «Спутник-V» вакцинасының 250 дозасы жеткізілген. Жалпы коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салдыру науқаны ағымдағы жылдың ақпан айының басынан басталғанын ескерсек, ауданда осы уақытқа дейін 193 медицина қызметкері, сонымен қатар, санитариялық бақылау басқармасының алты маманы, педагогтардың ішінен 49 адам вакцинациялаудан өтіп отыр. Оның ішінде Қазақстанда өндірілген отандық екпені салғызғандар да бар.
Өткен аптаның соңында Жуалы ауданының әкімі О.Қаржауов бастаған бір топ әкімдік қызметкері екпе салғызды. Одан бөлек, Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Н.Тұрмаханбетова, №1 мектеп-гимназия, №29 мектеп, А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп, Мыңбұлақ орта мектебі, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептердің директорлары, мұғалімдер аудандық орталық ауруханаға барып, ерікті түрде екпе салдырды. Екпенің бірінші компонентін салдырғаннан кейін 30 минут дәрігерлердің бақылауында болған азаматтар өздерін қалыпты сезінетіндерін айтады. Айта кету керек, 21 күннен кейін екпенің екінші компоненті салынады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close