Qoǵam
Жаңа заңнама талаптары түсіндірілді
«Жуалы ауданының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі мекемемен өзара әрекеттестікте бірлесе жұмыс істейтін Халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі өкілдерінің басын қосып, Ашық есік күні шарасын өткізді. Шараның мақсаты – архив саласында азаматтарға анықтама беру туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты аталған мекемелердің қызметкерлеріне жаңа жағдайдағы жұмыс тәртібін түсіндіру болып табылады.
Ашық есік күні шарасын мекеме директоры Ажар Ақбалаева ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылдың 13 мамырындағы №133 «Архив ісі саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 17 сәуірдегі №138 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы негізінде мекеме көрсететін қызмет «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» және «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Аудандық мемлекеттік архивтің архившісі Рүстем Қайпеков жиналғандарға заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімі қысқарып, өтініш түскен күннен бастап, нәтижесі 11 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс екенін еске салды. Мекемелер мен ұйымдардың өзі түрлі сұраныстарды «Электрондық үкімет» веб-порталының кілті арқылы құжаттарды электронды түрде жіберуі тиіс. Қағаз түріндегі құжаттар Ресей Федерациясы, Германия секілді шетел мемлекеттерінен ғана қабылданады. Халыққа қызмет көрсету орталығы клиенттен қабылдаған құжаттарды сканерден өткізіп, көшірмелерін электронды портал арқылы электронды түрде жолдай алады. Мәселен, бұрын сотқа жүгінген азаматтар архивте сақталған іске қатысты құжаттардың көшірмелерін сұратып келгенде, тікелей архивтен ала беретін. Енді бұл қызметтер «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі. Ол үшін азаматта электрондық цифрландырылған қолтаңба кілті болуы қажет.
Ашық есік күні іс-шарасын аудандық мемлекеттік архивтің директоры Ажар Ақбалаева қорытып, жиынға қатысқан мекемелер өкілдеріне алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»