Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт. Салада спорт саңлақтарының жеңістің көк туын желбіретуге, шымыр балаларды тәрбиелеуде жаттықтырушылардың рөлі зор.
Каратэ жекпе-жегі әлемге танымал. Бұл спорт түрін жетік меңгеріп, қарсыластарын жерге қаратып жүргендердің қатарында бақалылық азамат Артық Рахымжанұлы да бар. Артық Тұңғыш Президент-Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың металлург досы Рахымжан Мырзахметовтың кенже ұлы. Көпбалалы жанұяда тәрбиеленген спортшының анасы Сания апа – еңбек ардагері.
Артық Рақымжанұлы Теріс ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті үздік аттестатпен тамамдаған соң Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жас маманның еңбек жолы Тараз қаласындағы №30 мектептен басталып, білім саласындағы алғашқы сатылардан өтеді. Кейіннен аталған қаладағы №46, 49 мектеп-гимназияларда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, балаларды спортқа баулиды. Қазіргі таңда Нұрлыкент ауылы М.Ломоносов атындағы орта мектепте жас жеткіншектердің бойынан жақсы қасиеттерді көре білетін, шәкірт жүрегінен орын алған, алға қойған мақсатына жете білетін білікті ұстаздардың бірі ретінде еңбек етуде.
Сонымен қатар, ол MIX COMBAT каратэ үйірмесі мен баскетбол үйірмесінің жаттықтырушысы. Артық Рахымжанұлы өзі жаттығатын және шәкірттерін жаттықтыратын спорт түрін бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген. Каратэшы небір дүбірлі додаларда оқ бойы оза шауып, жүлделі орындардан көрінген жайы бар. Спортшы «Жауынгерлерік каратэ және MIX COMBAT» федерациясының вице президенті, дайдо джуку каратэден І дан, MIX COMBAT каратэден ІІ дан, киокушинкай каратэден халықаралық жарыстың ІІІ дан иегері, каратэ-додан біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санаттағы ҚР жаттықтырушысы, төрешісі, шинкиокушанкай каратэден аға жаттықтырушы. Бала күнінен бұл спорт түрімен сүйіп айналысатын ол – Қазақстан Республикасының 10 дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, түрлі каратэден өткен жарыстардың жеңімпазы, ережесіз жекпе-жектің чемпионы.
«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығында. Бұл тұрғыда жаттықтырушының шәкіртері дүбірлі додарларда белсенді белдесіп, жеңіс тұғырынан көрінуде. Мұндай жекпе-жектерде айы оңынан туып, жүлдегер атанған спортшылардың бірі Серғали Нұрәділ Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, «Спорт шеберлігіне үміткер», Қазақ Ұлттық университенінің студенті. Ал, Асылай Мырзағали аймақтық жарыстардың жеңімпазы болса, Әділет Әбдірахман халықаралық жарыстардың чемпионы атанған жайы бар. Сондай-ақ, Айым Бақытжанқызы облыстық жарыстардың, Қазақстанның бірнеше чемпионы, Алматы қаласында киокушинкай каратэден І дан иегері, жаттықтырушы, «Спорт шеберлігіне үміткер» және бақалылық Мағжан Нұрбапа джиу-джутсу каратэден Қазақстан Республикасының жүлдегері. Қазіргі таңда М.Ломоносов атындағы орта мектептің спортзалында Нұрлыкент, Теріс, Бақалы ауылдарынан келген 35-40 шақты балаларды аталған спорт түріне баулуда.
-Каратэ жекпе-жегімен 1994 жылдан бастап айналысып келемін. Бұл – бала күнгі арманым еді. Боз бала шағымнан бастап чемпион болуды армандаған едім. Шүкір, қазіргі таңда арманым орындалу үстінде. Шәкірт тәрбиелеп, олар үлкен додаларда бақ сынап жүр. Негізінен каратэ – балаларды шыншылдыққа, төзімділікке, сыйластыққа баулиды. Бұл спортпен шұғылданған бала жаман әдеттерден бойын аулақ ұстап, тұлға болып қалыптасады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Себебі, әр жекпе-жекке шыққан сайын спортшылар үнемі бір-біріне ізет көрсетіп отырады.
Спорт үйірмесіне барлық баланы қабылдай бермейміз. Медициналық тексерістен өткен, денсаулығы жақсы бала ғана спортзалға келе алады. Каратэның тағы бір жақсы жағы баланың дене бітімінің жақсы қалыптасуына, омыртқаның түзу болуына, көп балада кездесетін дисплазия ауруларының жазылуына септігін тигізеді, – дейді спорттың жақсы тұстарымен бөліскен Артық Рахымжанұлы.
Бүгінгі мақаланың кейіпкері алдағы атқарылар жоспары мен мақсаттарын да айтып өтті. Ол шәкірттері арасынан әлем чемпионын шығаруды басты мақсат санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жұлдызды Жуалы» атты каратэ спортынан ауқымды жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Осындай ауқымда шараларды өткізуде, жарыстарға қатысуда Тараз қаласындағы «Қазфосфат» АҚ-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров демеушілік жасап, үлкен көмек көрсетіп отырғанын мақтанышпен айтты. Жақында Тараз қаласында өтетін шинкиокушинкай каратэден халықаралық гимназияға шәкірттері үлкен дайындықта екендігін және спортшыларға көмек-қолдау болса деген тілегін, аудан әкімдігінің білім бөліміне, мектеп директорына, балалардың ата-аналарына алғысын жеткізді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»