Qoǵam
«Біз тұрғындарға бақша суын да жеткізіп беретін боламыз»
дейді «Жуалы су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы.
Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн. Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі артады: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек» делінген.
Өңірде тұрғындарға таза, сапалы ауыз су жеткізіп берудің жай-күйі қалай? Тұтынып жүрген суымыздың сапасы көңілден шыға ма? Біз осы сауалға жауап алу мақсатында аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Қуанышбек Болысбаевпен әңгімелескен едік.
– «Жуалы су» мекемесі қашан құрылды және нендей мақсаттар мен міндеттерді көздейді?
– Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2008 жылдың қыркүйек айында құрылған. Кәсіпорын жарғылық мақсаттарына сәйкес елді мекендерге ауыз су жеткізіп беру және таза ауыз сумен қамтамасыз ету және бұру, кәріз су жүйелерін күтіп баптау және алып кету жұмыстарымен шұғылданады.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның теңгерімдік басқаруында барлығы 51 су ұңғымасы, жалпы ұзындығы 149,5 шақырымды құрайтын су жүйелері мен нысандары, 5 шақырымдық кәріз су жүйесі бар. 2017-2018 жылдары қосымша жобалау-сметалық құжаттамаға сай мекеменің өз резервтері есебінен 8,95 шақырым су құбыры тартылып, іске қосылды.
Жалпы ауданның елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары бастапқыда «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007-2008 жылдары басталғаны мәлім. Сол жылы аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының солтүстік бөлігіне жалпы ұзындығы 10,9 шақырымдық ауыз су құбырлары тартылып, пайдалануға берілді. 2011 жылы аудан орталығының қалған оңтүстік бөлігіне ауыз су құбырын тарту үшін көршілес Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының үстінен «Оңтүстік» су мұнарасы салынды. Жаңа су құбырына аудан орталығымен қоса Қайрат ауылының, Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының бірқатар көшелері қосылды.
Одан бөлек, 2011-2014 жылдары жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламамен ауданның тағы бірнеше елді мекендеріне, атап айтқанда, Қызыларық, Нұрлыкент, Дарбаза, Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарына таза ауыз су құбырлары тартылды.
Кәсіпорын аудан орталығы мен елді мекендерде өздігінен ағып жатқан су ұңғымаларын теңгеріміне алып, суын кәдеге жаратуда. Мәселен, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты, Көлбастау ауылының бір бөлігі өздігінен ағып жатқан су ұңғымаларының суын пайдалануда.
– Мекеменің қызметін ауыл-аймақтарда қанша тұтынушы пайдалануда? Судың сапалы, мерзімінде берілуі үшін нендей шаралар қолданылуда?
– Мекеменің болжамдық көрсеткіштеріне сәйкес ауданда тұратын 52 мың халықтың бір жыл ішінде тұтынатын ауыз суы қоры 728 мың текше метрді құрайды. Бүгінде 14550 адам орталықтандырылған ауыз су құбырының тұтынушысы болып табылады, соның ішінде 669 адам суды көше бойында орнатылған суағарлардан алып пайдаланса, 2326 тұтынушы суды ауласына кіргізіп алған. 1240 аула суды есептегіш орнатып тұтынып отыр. Соңғы жылдары тұрғындардың таза, сапалы ауыз суға деген қажеттігі арта түсіп отыр. Биыл жыл басынан бері 574 тұтынушы орталық ауыз су жүйесіне қосылып отыр.
Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 14-інде орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Мекеме есебінде 75 заңды тұлға, оның ішінде 40 бюджеттік мекеме текше метріне ҚҚС-мен бірге 175,78 теңгеден, кәсіпкерлік субъектілер текше метріне 112 теңгеден, ал тұрғындар текше метріне 44,29 теңгеден төлеп отыр. Тариф 2016 жылдың аяғында бекітіліп, 2017 жылдың наурыз айында қолданысқа енгізілген.
Тұрғындардың тәуліктік су тұтыну нормасы 1995 текше метр дейтін болсақ, қазіргі жаз айында бұл шектен асып түсіп отыр. Кейбір тұрғындардың ауыз суды өз мақсатына емес, бақшалық жерді суғаруға, немесе құрылыс жұмыстарына пайдалануы салдарынан ауыз судың жетіспей жатқан жайы бар. Ондай фактілермен біздің мамандар күнделікті ұшырасып жүр. Біз тұрғындарға «ауыз суды бақшаға немесе басқа мақсатқа пайдаланбаңыздар» деген мәтінде газетке хабарландыру да бердік. Алайда, талап орындалмай отыр. Оларды тәртіпке шақыратын біздің қолымызда заң тетігі жоқ, ескерту айтумен шектелуге тура келеді. Айыппұл салуға құзырымыз жоқ, сотқа шағымданудың жолын да қиындатып жіберген. Дегенмен, біз олардың пайдаланған құбырының қимасының өлшемімен минутына судың шығынын есептеп, қолына төлем қағазын берудеміз. Кейбір тұрғындар оны төлеуге келгенде қиналады. «Біздің кесірімізден басқа көшелердің тұрғындары су ала алмай отыр» деген түйсік жоқ оларда.
Ауыз су қорына осындай қысымды азайту мақсатында біздің кәсіпорын келешекте аудандағы елді мекендердің ирригация жүйесін, яғни суландыру жүйесін қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Оған Ақсай өзенінің суын пайдалануды көздеп отырмыз. Кезінде осы өзеннің аңғарынан тартылған диаметрі 1 метрлік асбест құбырлармен аққан су аудан орталығын, жапсарлас елді мекендерді суландырған, оған қоса, Қарасаз ауылына дейін жетіп жатқан. Қазір барлық ауылдарда жүйелі су келетін арықтар жоқ. Бұзылып кеткен, немесе пайдаланылмайды. Міне, осы арық-атыздарды ретке келтіріп, су жүгірту үшін қомақты қаражат қажет. Аудан әкімдігі қолдаса, жоба іске асатын болады. Сондықтан бұл уақыт еншісіндегі мәселе.
Ауданда ұзындығы 5 шақырымдық кәріз жүйесі жұмыс істейді. 180 заңды тұлға мен тұрғындар кәріз жүйесінің абоненттері болып табылады.
– Кәсіпорында қанша қызметкер жұмыс істейді? Шешімін күткен нендей проблемалар бар?
– Мекемеде бүгінде 60 жұмыскер еңбек етеді, оның 8-і әкімшілік қызметкер, 5-уі өндірістік шеберлер, қалғандары техперсонал, әртүрлі жұмыстар істейді. Кәсіпорын теңгерімінде 11 бірлік техника бар. Оның көпшілігі 2005-2010 жылдары пайдалануға берілген. Ескі техникалар жиі істен шығады. Мұның барлығы ауыз су құбырларын жөндеу, күтіп, баптау жұмыстарына кері әсерін тигізеді.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілеймін.
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»