Qoǵam

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде жазбаша іс жүргізу қалай жүргізіледі?

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша жазбаша іс жүргізу тәртібі 23-тарауда дәйектелген. Осы тарауда көрсетілгендей, әкімшілік істердің сот өндірісін ауызша және жазбаша тәртіппен жүргізуге мүмкіндік бар. Мұның айырмашылығы неде?
Қарапайым азаматтар ауызша іс жүргізу мен жазбаша іс жүргізудің ара жігін ажырата алмайды. Заңнамаға сәйкес, ауызша іс жүргізу кезінде іс сот отырысы тағайындалып қаралады. Ал жазбаша іс жүргізу кезінде сот отырысы тағайындалмайды. Жазбаша іс жүргізудің ерекшелігі – әкімшілік іс процеске қатысушыларды шақырмай-ақ қаралады.
Сот тараптар ұсынған және өз бастамасы бойынша талап етілген дәлелдемелерді зерттеп, сол бойынша шешім қабылданады. Бұл ретте сот өтінішхаттар мен құжаттарды ұсынуға болатын қосымша мерзімді тағайындайды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік-Процестік Кодексінің 23-тарауында 148-бабына сай, жазбаша іс жүргізу келесі тәртіптерге сәйкес жүргізіледі.
1. Сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі жазбаша талқылауда ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарауға құқылы.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
Егер тараптың бұрын білдірілген келісімді қайтарып алу туралы өтінішхаты келіп түссе, сот ауызша талқылауға көшеді.
Егер бұл істі дұрыс шешу үшін қажет болса, сот өз қалауы бойынша ауызша талқылауға көшуге құқылы.
2. Жазбаша талқылау тәртібімен әкімшілік іс ауызша талқылауды жүргізбестен қаралады.
3. Әкімшілік іс осындай тәртіппен қаралған кезде сот тараптар ұсынған және өз бастамасы бойынша талап етілген дәлелдемелерді зерттейді және олар бойынша шешім қабылданады.
4. Жазбаша талқылау кезінде сот қосымша сол мерзім ішінде өтінішхаттар мен құжаттарды ұсынуға болатын мерзімді тағайындайды.
149-бапқа сай, дәлелдемелерді зерттеу ерекшеліктері келесідей:
1. Дәлелдемелерді зерттеу, дәлелдеу нысанасы мен шектері жазбаша іс жүргізудің сипаты мен осы бапта белгіленген ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларында белгіленеді.
2. Әкімшілік процестің тараптары жазбаша дәлелдемені ұсынған адамдарды қоспағанда, мұндай дәлелдеменің қатыстылығына, жарамдылығына және анықтығына дау айтуға құқылы.
3. Сот жазбаша талқылауда, егер бұл әкімшілік істің тез шешілуіне ықпал етсе, ауызша талқылау үшін көзделген дәлелдемелерді жинау (ұсыну) және зерттеу үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген қағидаларды сақтаудан ауытқуға құқылы.
Сот жеке процестік әрекетті жасау немесе процестік мәселені шешу үшін ауызша сот отырысын тағайындауы мүмкін.
Мұндай сот отырысы жазбаша талқылаудың мәні жол беретін шамада ауызша сот талқылауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте, сот қажетті ақпарат пен дәлелдемелерді жазбаша нысанда ұсынуды талап ете алады.
Қажетті ауызша сот талқылауын өткізгеннен кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүзеге асыру қосымша ұйғарымдар шығарылмастан жалғасады.
150-баптың талаптарына сай, жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік іс бойынша шешім төмендегідей:
Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралған әкімшілік іс бойынша шешім осы Кодекстің 24-тарауында белгіленген және жазбаша іс жүргізу мәніне сәйкес келетін қағидалар ескеріле отырып қабылданады және оған апелляциялық және кассациялық тәртіптермен шағым жасалуы мүмкін.
Тағы бір ескерерлігі, жаңа кодексте белгіленгендей, әкімшілік істер бойынша жазбаша іс жүргізу тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібінен басқаша. Екеуінде айырмашылық бар.
Өзгешеліктің бастысы, әкімшілік істе шешімді қабылдаған сот осы шешімнің күшін өзі жоюға құқылы. Тағы бір ерекшелігі жеке процестік әрекетті жасау немесе процестік мәселені шешу үшін іс жүргізу кезінде ауызша сот отырысын тағайындай алады.
Ауызша сот талқылауы кезінде сот тараптардың және әкімшілік процестің басқа да қатысушыларының түсініктемесін, куәлар мен сарапшылардың айғағын тыңдауға, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеруге, жазбаша дәлелдеме және өзге де құжаттармен танысуға, сондай-ақ, дәлелдемелерді зерттеу бойынша басқа да әрекеттер жасайды.
Осылайша судья ауызша сот талқылауын өткізгеннен кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүргізе береді. Мұның өзі істің сапалы қаралуына жол ашады.
Істі жазбаша тәртіпте қарау мәселесі сот отырысы тағайындалмай тұрып шешіледі. Жалпы, жазбаша іс жүргізудің тиімділігі өте жоғары. Себебі бұл тәртіп тараптардың және соттың уақытын үнемделеді.

Бабырхан Абуев,
Жуалы аудандық сотының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close