Qoǵam

Тарихқа тағзым ету – ұрпақ парызы

31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн барша қазақстандықтар үшін үлкен маңызға ие. Қатаң, әділетсіз саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері де болды. Ресми деректерге сәйкес, 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшты.

«Нан болса – ән де болады» деген сөздің Ф.Голощекин басшылық еткен кезде аштықтың зардабын тартқан біздің қазақ үшін мәні де, жөні де бөлек.
Бүгінде ортамызда сол зұлматты жылдарды бастан өткізген жандардың балалары, яғни ата-апаларымыз бар.
Саяси қуғын-сүргін жылдары қуғынға ұшырап елімізге бірнеше ұлт өкілдері келді. Солардың бірі – әзірбайжан ұлты. Шақпақата ауылында тұратын әке-шешесі саяси қуғын-сүргінге ұшырап Қазақстанға табан тіреген жандардың бірі Джаганжир, Эльмира Мамедовтар. Джаганжир Аббасұлының ата-анасы Шақапақата ауылына қоныстанса, Эльмира Матлапқызының ата-анасы Күреңбел ауылына қоныстанған.
-Менің атам Мұхтарали соғыс жылдарында еңбек еткен. Яғни бау-бақша егіп, халыққа көп пайдасы тиген. Апамыз Лейла да колхозда еңбек еткен.
Жалпы бау-бақша егу – біздің ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп десе болады. Қазіргідей емес, ол жылдары бау-бақша егетіндер өте сирек болатын. Солардың ішінде біздің аталарымыз, әкелеріміз көкөніс өсірудің қыр-сырын жақсы білетін.
Зұлматты жылдары әке-шешемізді бір түнде пойызға ортырғызып, Қазақстанға, оның ішінде Жуалының осы Шақпақата ауылының тұсынан түсіріп кетіпті. «Бізге берілген үйге дейін шанамен келдік. Келсек, үкімет дайындап қойған үйімізге от жағылып қойыпты» деп әке-шешеміз еске алып отыратын. Алғаш келгенде қиналдық. Біз ғана емес, ол жылдары бүкіл халыққа оңай болған жоқ. Бәрінен бұрын тамақ жағынан қиналды. Шашылып жатқан бидай масағын теруге де үкімет рұқсат бермейтін.
Жолдасымның ата-анасы Матлап пен Азиза да сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі, еңбекқор жандар болған.
Соғыс жылдары ауылға поляктар да келді. Жергілікті халық – қазақ халқы өзіндегі барымен бөлісіп, мүмкіндігінше көмектесті.
Менің әке-шешеме үкімет сиыр беріпті. Сол жылы көктемнен бастап ата-анамыз бір гектар жерге картоп, тағы да басқа көкөністер егіпті. Содан әрі қарай еңбектің арқасында қатарға қосылып кеттік дейтін.
Әкеміз 15 жасынан бастап совхоздың жылқысын баққан. Алғаш мұғалімдікті, кейін мал дәрігерлікті оқып, колхозда ұзақ жыл мал дәрігері болып еңбек етті. Шешем Зухра Ағабердіқызы жеті жасынан бастап жұмысқа араласқан. Екеуі еңбекқорлығының арқасында он екі бала-шағасына да жоғары, арнаулы орта білім алып берді. Он екі баланың ішінде дәрігер де, мұғалім де, бухгалтер де бар. Қысқасы, әрқайсысының қоғамда өз орыны бар, өз ортасына сыйлы азаматтар болды.
Ата-анамыз жастайымыздан қабырғамыз қатпастан табыс табуға, біреуге жалынышты болмай өз күнімізді көруге баулыды.
Мен колхозда жүргізуші, гараж меңгерушісі болып еңбек еттім. Жолдасым Эльмира 36 жыл ұстаздық етті. Бастауыш сыныптарға сабақ берді. Зейнетке шықса да әлі күнге дейін шәкірттері келіп, амандасып, құрмет көрсетіп тұрады. Екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиеледік. Үлкен қызымыз Ирана мұғалім, ұлымыз Незами «Мелломан» киностудиясында продюсер, екінші қызымыз Саадат дәрігер, кенжеміз Арифтің мамандығы – заңгер. Бүгінде Алматыда полиция бөлімінде қызмет етеді. Әскери шені – капитан.
Қазір жолдасым екеуміз ауылда әлі де еңбектен қол үзген жоқпыз. Бау-бақша егеміз, мал асыраймыз. Халықтың арасында тату-тәтті ғұмыр кешудеміз.
Зұлматты жылдардан кейін заман түзелгеннен соң кейбіреулер тарихи Отанына қайта көшіп жатты. Ал, біздің әке-шешеміз көшкен жоқ. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Бізде басқа Отан жоқ дейтін. Қазір бауырларымыздың бәрі еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек сіңіріп, зейнет демалысына шығып, бейнеттерінің зейнетін көріп отыр. Енді біздің балаларымыз оқып, білім алып еңбек етуде.
Кез келген мемлекет үшін ауызбіршіліктен артық қымбат құндылық жоқ. Біздің Елбасымыз, қазіргі Президентіміз де халықтың ынтымағын, елдің тұрақтылығын бірінші орынға қояды. Бұл өте дұрыс саясат. Бұл өмірде ең қымбат дүние ол сыйластық. Ауызбіршілігі мықты ел ғана жетістіктерге қол жеткізе алады,- дейді Джаганжир Мамедов.
Зұлмат жылдар артта қалды. Бірақ ол жылдардың сызы жүректерде әлі де сақтаулы. Өткен тарихымызды жас ұрпақ естен шығармаулары керек. Тарихқа тағзым ету – ұрпақ парызы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close