Sport

Жамбыл бокс мектебінің көрнекті өкілі

Білікті бапкер К.Сыдығалиевтың атындағы бокс залы ашылды

Жамбыл облысының боксы туралы сөз қозғағанда, қасиетті өңірдегі осынау спорт түрін дамытуға Жуалы ауданынан шыққан білікті бапкерлер мен даңқты спортшылардың қосқан үлестері туралы да ауыз толтырып айтуымызға болады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан аға бапкер Тұрлыбек Көпжасаровтың өзі бірқатар спорт саңлақтарын баулып шығарды. Есімі аудан, облыс қана емес, республикада құрметпен аталатын білікті бапкер бокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, бүгінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасына Ұлттық құрама сапында қатысқан таңдаулы былғары қолғап шеберлерінің бірі Әбілхан Аманқұл т.б. спортшыларды баулып шығарды. Ал, Жуалы ауданының түлегі, Афины Олимпиадасының чемпионы, танымал былғары қолғап шебері Бақтияр Артаевтың жөні бөлек. Бүгінде аталған спортшылардың спорттағы сара жолын жас спортшылардың жалғай беретініне сеніміміз мол.

Жамбыл бокс мектебінің қалыптасуына, жалпы бапкерлік қызметті абыроймен атқарған тағы бір жуалылық азамат Көпбосын Сыдығалиевтың да есімі құрметке лайықты. Білікті бапкер, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы К.Сыдығалиев ауданымызға қарасты Жаңаталап ауылында туып, 50 жастан сәл ғана астам ғұмырында өмірінің соңына дейін талай боксшыны жаттықтырып, томағасын сыпырған жаттықтырушы болатын.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Көпбосын Мәуленқұлұлы Сыдығалиев 1967 жылы Жуалы ауданының Жаңаталап ауылында өмірге келген. 1988-1992 жылдары Жамбыл педагогикалық институтын дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 1985 жылы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған ол кейіннен біраз жылдар бокстан облысымыздың жастар және ересектер құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған. Жаттықтырушы ретінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, әлем чемпионатының жүлдегері Ғани Жайлауов, Азия чемпионы Алдияр Тұрсыналы, ел чемпионатының жеңімпаздары Мұхит Амантаев, Арбек Абдуғаниев, «Астана арландары» бокс клубының сапында бүкіләлемдік бокс сериясының чемпиондары атанған Жанболат Қыдырбаев, Мирас-Әлі Сәрсенов, Халықаралық турнирлердің жеңімпаз және жүлдегерлері Бауыржан Көшкінбаев, Жарас Сиқымбаев, Әсет Мырзабаев сияқты былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шығарды.
К.Сыдығалиев облыс спортының дамуына ерен еңбек сіңіріп, әріптестері арасында да адамгершілігімен, адалдығымен, еңбексүйгіштігімен, табандылығымен ерекшеленген азамат болатын. Тағдырдың жазуымен 2019 жылы 53 жасқа қараған шағында өмірден озды. Артында асыл жары Қарлығаш Рақышева мен қыздары Сыланды, Жасмин, ұлы Әли қалды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті бапкер Көпбосын Сыдығалиевтың құрметіне бапкердің өзі туып-өскен әрі алғашқы еңбек жолының бастауы болған Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің қабырғасынан К.Сыдығалиев атындағы бокс залы ашылды. Аталған бокс залын жабдықтауға ауыл азаматтарымен бірге, ауылдас досы Сейсен Айхожаев пен оның ұлы Ұлан Сейсенұлы демеушілік жасаған екен.
Аптаның сәрсенбісі күні Жаңаталап орта мектебінде К.Сыдығалиев атындағы бокс залының салтанатты ашылуы болды. Аталған шараға білікті бапкердің отбасы мүшелері және аға-жеңгелері мен әпке, іні-бауырлары, жалпы спорттағы үзеңгілес достары мен шәкірттері жиналды.
Бокс залының ашылуында сөз сөйлеген Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов бұл залдың ашылуы ауыл жастары үшін тәрбие мен үлгі-өнеге аларлықтай айтулы шара екенін айта келіп, осы шаңырақтан талай талантты боксшылардың қанаттанып шыға беретініне сенім білдірді.
Келесі кезекте сөй сөйлеуші азаматтардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары, Жамбыл бокс мектебінің, жалпы өңір спортының дамуына үлес қосып жүрген алдыңғы қатардағы айтулы бапкерлер Феликс Цой және Нұрлан Ақүрпеков Көпбосын Сыдығалиевтың боксқа сіңірген еңбектері мен оның ерекше азаматтық қасиеттері турасында тебірене сөз сөйледі. Атап айтқанда, Феликс Тихонович жиналған қауымды Жамбыл облыстық бокс федерациясының және жеке өз атынан білікті бапкердің атындағы бокс залының ашылуымен құттықтаса, Нұрлан Сәкенұлы жаттықтырушылық қызметте К.Сыдығалиевпен үзеңгі қағыстырып бірге жүріп, жақсы араласқанын айтып, оның қазақ азаматына тән бірегей қырларына тоқталды.
-Көпбосын жалғыз менің ғана емес, осы қуанышқа жиналған азаматтардың барлығына да жақын болатын. Ең алдымен шәкірттеріне, достарына рақмет айтқым келеді. Көпбосын Мәуленқұлұлының аты ұмытылмасын деген ниетпен өзі туып-өскен ауылдан осындай бокс залын ашуға мұрындық болған да осы азаматтар. Көпбосын көзі тірі кезінде өзінің ауылынан мықты спортшылар шықса деп армандап жүруші еді. Сол жолда барын салып, жан-тәнімен еңбек етті. Қаншама спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Әлі де елге берері көп айтулы азамат еді. Достыққа адал болды. Азаматтық ұстанымы да берік болатын. Өкінішке орай, арамыздан ерте кетіп қалды. Біз биыл білікті бапкер Көпбосын Сыдығалиевты еске түсіруге арналған облыстық деңгейдегі жарысты өткізуді қолға алған болатынбыз. Қазіргі таңда аталған жарыс облыстың орталығы Тараз қаласында өтіп жатыр. Әрі қарай да дәстүрлі түрде өте беретініне сенеміз,- деді Нұрлан Ақүрпеков.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков өз сөзінде, облыс бокс мектебінің тарихы терең екенін айтып, Көпбосын Сыдығалиевтың Жамбыл облыстық мамандандырылған бокс мектебінде жұмыс істей жүріп, талай дүлдүл шәкірттер тәрбиелегенін, облыс спортында жуалылық спортшылардың қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Ал ардагер спортшы Оразалы Бекболатов та бапкердің еңбектері мен ерекше қырларына тоқталды.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Көпбосын Сыдығалиевтың атындағы бокс залының ашылуында артында қалған асыл жары Қарлығаш Рақышева, әпке-жеңгелері Сусар, Нағима апайлар сөз алып, ізгі тілектерін білдіре келе, білікті бапкердің әруағын сыйлап келген үзеңгілес достары мен шәкірттеріне Сыдығалиевтар әулетінің атынан алғысын жеткізіп, сый-сияпаттарын табыстады.
Бокс залының лентасын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті бапкер Нұрлан Ақүрпеков пен К.Сыдығалиевтың досы Сейсен Айхожаев салтанатты жағдайда қиды. Осы тұста бокс залының рингінде ауылдың балғын былғары қолғап шеберлері қолғап түйістіріп жатса, бокс залына Көпбосын Сыдығалиевтың бір топ шәкірттері 10 жұп бокс қолғаптарын сыйға тартты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close