Sport

Қарсы иммунитет діни білім болуы тиіс

Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы Рамазан Әбделиевтің, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шерхан Оспановтың және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Құрбан Әбдірдің ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында ауданның мәдениет саласы қызметкерлерімен «Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу» тақырыбында жиын өткізілді.
Басқосуды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шерхан Оспанов ашып, қазіргі таңда қарапайым жұртшылыққа, әсіресе жастарға діни дұрыс бағыт-бағдар беріп, халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін насихаттаудың өзекті болып отырғанын айта келе, сөз кезегін Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы Рамазан Әбделиевке берді.
Рамазан Әбделиев «Діни экстремизм дегеніміз не, ол қайдан шығады?» деген сауалдар төңірегінде ой қозғап, түсініктеме беруге тырысты. Оның айтуына қарағанда, «экстремизм» деген терминнің өзі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енген. Экстремизм – жеке адамдардың, топтардың, ұйымдардың және сол сияқты қоғамдық қызметте ұшқыр пікірге, пәтуасыз ұстаным мен шытырманды шараларға бейімділігі. Экстремизм қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығаратын құбылыс ретінде анықталады. Осындай кері әрекеттерді жақтап, теріс көзқарастарды қолданғандар экстремистер болып табылады. Экстремизм бірте-бірте күш жинап террорға, ұйымдасқан баскесерлікке, қарақшылық қылмыс жасауға әкеп соқтырады.
Діни экстремизм әрдайым экстремистік іс-әрекеттің басқа түрлерімен тығыз арақатынаста болады. Саяси, ұлтшылдық – әр түрлі саяси күштердің нақты мақсаттарына жету барысында идеологиялық және ұйымдастырушылық көмек ретінде. Экстремистік іс-әрекеттің түрлері бойынша шектеу – саяси, ұлтшылдық, діни-шартты болып келеді, өйткені олар іс жүзінде нақты түрінде сирек кездеседі. «Діни экстремизм» ұғымы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтың қағидаттарынан тыс шектеу дегенді білдіреді. Орталық Азия, соның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстанда соңғы жылдары экстремизм қауіп-қатері ушығып тұр.
ҚР «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 1 тармағына сай экстремистік іс-әрекеттер ұйымдастыру – экстремистік іс-әрекеттерге басшылық ету, экстремизмді қаржыландыру, экстремистік мақсатта адамдарды тарту, құралдар мен қару жасау және алу, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестіктерінің экстремизмді жүзеге асыру үшін жағдай жасауға бағытталған басқа да іс-әрекеттері қарастырылған. Ал осы баптың 5 тармағында «экстремизм – жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлестігінің белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымдардың атынан іс-әрекеттер ұйымдастыру және (немесе) оны жасау» деп танылған.
– Терроризмнің ең қауіпті түрі – діни терроризм қаупі төніп тұр. Себебі, біздің мемлекетімізде дінге шек қойылмаған, яғни кез келген адам өзі қай дінге сенгісі келсе, соған сенуге құқылы. Қазіргі уақытта көптеген секталар жұмыс істеуде. Олардың нанымдары бойынша тек солардың ғана діндеріне сену керек. Дінге сенбейтіндер күнаһарлар болып та есептеледі де, олар адамдарды дінге сендіру үшін терроризмге жүгінуі мүмкін. Олар басқа діни мекемелерге жарылыс қою, өрт қою және тағы да басқа әрекеттер жасайды, тіпті діни фанаттар өздерін өлімге қиюы мүмкін.
Діни террорризм қаупін төмендету үшін орта білім беретін мекемелерде дұрыс дінді уағыздайтын кітаптарды оқыту, ал жастардың жат ағымдарға қарсы иммунитеті діни білім болуы, олар діни біліммен қарулануы қажет. Өйткені, дінді дұрыс білмейтін жастар діни секталардың жетегіне еріп кетуі әбден мүмкін. Оның мысалын Сирия асып кеткен азаматтарымыздың әрекетінен көріп отырмыз. Сондықтан бұл жерде теолог, психолог мамандарымыз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ағарту шараларын күшейтуі керек, – деді инспектор.
Келесі кезекте сөз алған теолог маман Құрбан Әбдір жалған діни ағымның жетегінде кетіп, Сирияда қарулы қақтығыс аймағына барған жандардың тәлкекті тағдыры туралы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бейнероликті тамашалауды ұсынды. Мұнда Қазақстан қалаларының бірінде тұратын орыс тілі пәнінің мұғалімі Марат есімді жігіт ағасының жалған діни уағызға елітіп, отбасындағы алты баласымен және әйелімен Сирия асып кеткені, соның кесірінен әкесінің жүрегіне ауыр қайғы түсіп, қайтыс болғаны, анасының шерменде болып, көз жасы төгілгені туралы баяндалады. Мараттың отбасы «Жусан» операциясы нәтижесінде елге оралып, ондағы көрген қиыншылықтары, азаптары туралы әңгімелейді.
Шара әрі қарай жалғасып, жиналғандар осы бейнероликтен алған әсерлерімен бөлісті.
«Елімізде жалған уағыз таратып, діни экстремизм және терроризм өртін тұтатып отырған теріс пиғылды ұйымдарға неге тыйым салынбайды?» деген сауалдар қойылып, оларға теолог маман Құрбан Әбдір тиянақты жауап берді.
– Қазір жаһандану кезінде ақпаратта шекара жоқ. Сондықтан мұндай сипаттағы ақпаратқа шектеу қою қиын. Смартфонмен кез келген мемлекетпен еш кедергісіз сөйлесе аламыз. Ал алып жатқан ақпаратымыздың ішінде керегі де, керек емесі де бар. Исламистер, жиһадшылар, терроршылар, кісі өлтірушілер деген қорқынышты сөздер ислами фобияға келеді. Соның бір дәлелі Сирияда болып жатқан қантөгіс. Ол жаққа барғандар іс-әрекетін «жиһад дейді, шейіт болсақ, жәннатқа барамыз» дейді.
Сирияда кімдер соғысып жүр: Еуропадан 9 мың, оның ішінде Ұлыбританиядан 900, Белгиядан 400, Италия, Испания, Германиядан 600-700 адамнан жүр, тіптен Африкадан 6 мыңға жуық адам, бұрынғы Кеңес одағы елдерінен 6 мыңға жуық адам соғысып жүр. Қазақстаннан 800 адам барған деген дерек бар. Не істеп жүр олар? Қайдағы жиһад? Ол жерде адам өлтіруден басқа ештеңе жоқ, – деді Құрбан Әбдір.

* * *
Діни ақпараттық-насихат тобының мүшелері аудан орталығындағы «Аягүл» бөбекжай-балабақшасында да болып, балабақша қызметкерлерімен осындай тақырыпта келелі пікір алмасу өткізді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close