Иә, әлемдік аренада еліміздің Көк туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда жеңіске жеткен спортшымен бірге бүкіл дүйім жұрт қуанады. Дербестігімізді, тәуелсіздігімізді әлемге паш еткен шақта кімнің болса да жүрегінде мақтаныш сезімі ұялайтыны белгілі. Ал, еңбегі ақталып, еліне жеңіс туын әкелген спортшылардың сол сәттегі жай-күйі тек өздеріне ғана мәлім. Осы ретте, батырлар мен генералдар шыққан құтты мекеннен былғары қолғап шеберлері, білекті балуандар, боз кілемде белдесушілер де туған жерден түлеп ұшуда. Сондай спортшылардың бірі – күреңбелдік дзюдошы Дәулет Шапағат.
Шапағат боз кілемде белдесуге 10 жасынан бастап машықтанған. Ол қазіргі таңда Тараз қаласындағы спорт мектебінің биылғы түлегі атанып отыр. Шапағат дзюдодан облыстық чемпионаттың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. Жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін жеңімпазы. Азия Кубогының жеңімпазы, Азия Кубогының жүлдегері, ҚР спорт шебері. Оның алғашқы бапкері халықаралық дәрежедегі төреші Тайжан Қозыбеков шәкіртінің жетістігімен мақтанады. Ал, қазіргі таңда оны бапкерлері – Фарида Тәттекова және Гүлмира Игілікова.
Шапағаттың арманы – спорттың биік шыңын бағындырып, ата-ана үмітін ақтау, жақсы мамандық иесі болу.
-Спортта жетістікке жетіп, өзге елде Әнұранымызды шырқатып, көк Туымызды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру, ол – әр спортшының арманы, мақсаты. Мемлекеттік рәміздер қазақ елінің азаттығының, егемендігінің символы. Оны әр азамат қадірлеп, қастарлеуі керек. Осыдан 30 жыл бұрын егемендігіміз жарияланып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бейбіт елде туымыздың желбіреуін ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсап өтті. Осындай асыл арманның бізге қалай жеткенін, қандай еңбекпен келгенін біз ұмытпауымыз қажет. Халқымыз үшін тәуелсіздік рухымызды көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, бейбіт елде өмір сүргеніміз үшін қымбат.
Жеңіске жетіп, Қазақстанның Туы көтеріліп жатқан кезде оған қарайсың. Әнұран ойнайды. Сол сәтте кеудеңді мақтаныш сезімі билейді. Әнұран шырқалып, көк Ту көтерілгенде әр жеңіске жеткен спортшы қуаныштан көзіне жас алады. Ол – жеңістің, қуаныштың, еліңе, жеріңе деген сүйіспеншіліктің жасы.
Тұғырда бірінші болып тұрып, Әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, жеңіске деген құштарлығың артады. Жеңіске жету жолындағы еңбегіңнің еш кетпегеніне, көпшіліктің сенімін ақтағаныңа қуанасың. Бір сөзбен айтқанда, сол сәттегі күйімді, сезімімді сөзбен айтып жеткізуі мүмкін емес. Оны тек жүрекпен ғана сезінесің. Патриоттық сезімің оянып, дайындық үстінде қиналған сәттердің барлығы ұмыт болады. Бұл сезімдерді әрбір спортшы жақсы біледі. Алдағы уақытта да осы бетімнен танбай, көк Туымызды жеңіс тұғырында желбіретуге күш салатын боламын.
Әрбір қазақ азаматы өз елінің патриоты болуы керек. Өзіңнің асыл дініңді, ана тіліңді, еліңді қастерлеп, сол еліңнің дамуына үлесіңді қоса білуің де азаматтық борышымыз. Қайда жүрсекте туған жерімізді, қазақ екенімізді ұмытпай, жүрегімізде Отанымызға деген сүйіспеншілік болуы тиіс.
Осы ретте, баршаңызды еліміздің айшықтары Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің Әнұранын шырқататын, Туды биікке көтеретін спорт саңлақтары көбейе беруіне тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, спортымыз жасай берсін. Тек жеңісті күндеріміз көп болсын! – деп Шапағат жүрекжарды тілегін жеткізді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»