Sport
Салаға деген ықылас ерекше
Спорт – денсаулық кепілі. Спорт – мәдениет, себебі, ол – адамның денесін шынықтырып қана қоймай, рухын да тәрбиелейді, саламаттылыққа, бірлікке баулиды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Халықты жаппай дене шынықтыруға дағдыландыру – қоғамның дені сау азаматтарын қалыптастыруға жағдай жасайды».
Спорт – еліміздің мерейін өсіріп жүрген саланың бірі. Еліміздің атағын шығарып жүрген жеңімпаз спортшылардың ішінде жуалылық спортшылардың да еңбегі өте көп. Мәселен Бақтияр Артаев, Ғани Сейділдаев, Сағадат Рахманқұл, Әбілхан Аманқұл, т.б сынды спортшылармыздың ізін басып келе жатқан, болашығына үлкен үміт артар спортшы жастар да көп.
-Жалпы ауданымызда спортпен шұғылданамын деген жастарға жағдай жасалған,- дейді аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов. – Әрине, әлі де мәселелер бар. Алайда еліміз тәуелсіздігін алғалы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ауыл-ауылда спорт нысандары ашылуда. Қазір ауылдардағы мектептердің спорт залдары кешкі жетіден кейін ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кей ауылдарда жастардың спортқа деген қызығушылығы сондай тіпті спорт залға сыймай жатады.
Бүгінде халықтың спортпен шұғылдануға деген қызығушылығы көңіл қуантады.
Қазір барлық ауылда футбол, волейбол алаңдары бар. Бүгінгі таңда Қошқарата және Нұрлыкент ауылдық округінен басқа барлық ауылдық округте «STREET WORKOUT» алаңшасы соғылды. Ауыл тұрғындарының әсіресе, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда бұл алаңшаның тигізер пайдасы көп. Сонымен бірге бірқатар ауылдарда түрлі спорт үйірмелері бар, әлі де ашылады. Ұлттық ойынымыз көкпар тарту да жақсы дамып келеді. 14 ауылдық округтегі 14 спорт нұсқаушыларымыз ауылда түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып жүр.
Алдағы уақытта Жетітөбе, Қайрат ауылдарынан ескі бір ғимаратты жөндеп, спорт зал ашу, аудан орталығындағы орталық саябақтан жаңа спорт зал соғу жоспарланып отыр.
Спорт мерекесіне орай жыл сайын спорт саласының ардагерлерін шақырып, сұхбаттасып, сый-құрмет жасаймыз. Ондағы мақсатымыз – ол кісілердің ақылын, пікірін тыңдап, сый-құрмет көрсетіп, баталарын алу. Бұл шараның да жастарға берері мол деп ойлаймын. Ауданымыздан көптеген еліміздің мақтанышына айналған спортшылар шығуда. Әрине, олардың жеңіске жетуіне біздің жаттықтырушыларымыздың да еңбегі көп. Солардың бірі –Тайжан Қозыбеков,- дейді Мақсұтбек Әбдіұлы.
Ту көтерер ұландардың бапкері
Иә, спорт саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, талай дарынды ауыл жастарын спортқа баулып, елімізге танымал шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы Тайжан Қозыбеков 1988 жылы 21 жасында спорт мектебіне қазақ күресінен жаттықтырушы болып орналасады. 1996 жылы спорт мектебі жабылып, жаттықтырушы ауылдағы Күреңбел орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып ауысады. Бірақ, күндіз сабақ берсе, кешке қарай дарынды жастарды күреске үйретіп жүрді. Дәл осы жылдары дзюдо күресіне баулыған шәкірттерінің ішінен Ғани Сейділдаев топ жарып, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Ғани Сейділдаев бүгінде әлемнің екі дүркін чемпионы.
2000 жылы спорт мектебі қайта ашылып, Тайжан Қозыбеков сүйікті ісіне ауысты. Бүгінде ауылдық әкімдік ғимаратының бірінші қабатында шағын бөлмеде ауыл жастарын күреске тәрбиелеуде.
-Үйірмеге 50-ге жуық ауыл жастары қатысады. Олардың жас аралығы 10-18 жас болғандықтан кіші, орта, үлкен топ деп үшке бөліп жаттықтырамын. Әрине, жастарды қызықтыра білмесең, олар қатыспайды. Сондықтан мен барымды салып, қызықтыруға тырысамын, шәкірттерімді әртүрлі деңгейдегі жарыстарға жиі алып барып отырамын. Әзірге атақты шәкірттерімнен Ғани Сейділдаев пен Шапағат Дәулет бар. Шапағат Қытайда өткен халықаралық чемпионатта ІІІ орынды иеленіп, жақында Алматыда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Шапағатқа тек қана жеңіс тілеймін!
Сонымен бірге жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған Нұриддин Асқар, Қанатбекұлы Жанат есімді шәкірттерім де бар. Ал, дәл қазіргі шәкірттерімнің ішінде ағайынды Дәулет Нұрәділ мен Ержігіт, Уызбай Нұрдәулет және өзімінің ұлым Асқар Тайжанбекұлы,- дейді жаттықтырушы.
Жоғары дәрежелі жаттықтырушы Тайжанбек Қозыбеков 2016 жылы Қарағандыда өткен жарыста халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы атағын қорғады.
Спорт күні қарсаңында барша спорт сүйер қауымды және спотшыларымызды мерекелерімен құттықтаймыз және әрдайым сәттілік серіктері болуына тілектеспіз!
Перизат нүрпейісова,
«Жаңа өмір»