Sport

Балуандар арасындағы бәсеке

Өткен аптаның жұма күні Бауыржан Момышұлы ауылындағы Спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Жуалы аудандық іріктеу жарысы болып өтті.

Турнирдің Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн.

Осымен оныншы рет өткен бәсекеге ауданымыздың 14 ауылдық округінен іріктеуден өткен 12 үздік балуан қатысты. Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Бақберген Бергенбай 130 келі болса, ең жеңіл салмақта Нұртілеу Талғат 90 келі болды. Ақтық белдесуде Күреңбел ауылы мен Қайрат ауылының балуандары кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Нұртілеу Талғат жеңімпаз атанса, Қуаныш Билібай екінші орынды қанағат тұтты. Үшінші орын үшін болған белдесуге Түктібай ауылынан Әбікен Әбіхай мен Күреңбел ауылының балуаны Бақберген Бергенбай түсіп, нәтижесінде Түктібай ауылының балуаны Әбікен Әбіхайдың мерейі үстем болды.

Жалпы турнир аясындағы тартысты белдесулер екі сағатқа созылды. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.

Турнирді аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» мекемесі ұйымдастырды. «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне аудандық іріктеу турнирінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және медальдармен, арнайы дипломмен марапатталды.

Аудандық

«Бұқаралық спорттық

 іс-шаралар өткізу

орталығы»  КММ

Таңдаулы материалдар

Close