Sport
Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары
Спорт кешенінде білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының аудандық комитетінің VІІІ «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты спартакиадасының ашылу рәсімі өтті.
Спартакиаданы аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының комитеті ұйымдастырды.
Аудан мектептерінен келген мұғалімдерден жасақталған командалар рет-ретімен сап түзеп тұрды. Б.Майлин атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Медеу Жұмағұлов шерудің тік тұруына бұйрық берді.
Спартакиада Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды.
«Аула клубының» биші қыздары «Бәйшешек» биін биледі.
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында белгіленген саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды, дене шынықтыру мен спорттық қозғалысты дамыту бөлігіндегі басымдықтарды жүзеге асыру және Жастар жылына орай ұйымдастырған шараны аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев ашты. Әбдікерім Құлтайұлы ұстаздарды мерекелерімен құттықтай келіп, спорттың адам денсаулығана тигізер пайдасы мен халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға баулыған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те сөз алып, спартакиаданың сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Дәстүрлі «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» облыстық фестивалінің жеңімпазы Самал Бейбітқызы «Жаса, Қазақстан!» әнін орындап, қатысушы әріптестеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Спартакиаданың ашылу салтанатынан кейін командалар қатысатын ойын түрлеріне қарай мектеп-мектепке бөлінді.
Жарыс спорттың тоғыз түрінен (волейбол, кіші футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жеңіл атлетика, қол күресі, гір спорты, бильярд, асық ату) өтті. Биылғы спартакиаданың ерекшелігі, оған биыл кіші футбол, асық ату ойындары қосылды.
Жарысқа 17 команда қатысты. Тартысты өткен ойын нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша І орынды орталық аймақтан №15 мектеп-лицейінің командасы жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Қарасаз аймақтық құрама командасы (А.Пушкин атындағы ОМ, Б.Майлин және Т.Рысқұлов атындағы ОМ жасақталған команда), ІІІ орынды Мыңбұлақ аймақтық құрама командасы №13 А.Байтұрсынов атындағы ОМ және Б.Момышұлы атындағы ОМ мұғалімдерінен жасақталған команда иеленді.
Жеңімпаз командаларды білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Жуалы аудандық комитеті төрайымының міндетін атқарушы Аризат Мұртазаева құттықтап, арнайы Дипломдармен марапаттады.
Сонымен бірге ойынның жеке түрінен жүлделі орын алған ойыншылар заттай сыйлықтармен және Дипломмен марапатталды. Оның ішінде ерекше атап өтер болсақ, А.Пушкин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері спортсүйер әкесі Әбілсейіт Махатаев пен ұлы Еламан Әбілсейітұлы жарыс барысында ерекше белсенділік танытып, әріптестеріне үлгі болды. Атап айтсақ, футболдан, 100 метрге жүгіруден, эстафетадан Еламан Әбілсейітұлы І орынды иеленсе, әкесі Әбілсейіт Махатаев кіші футболда үздік ойыншы атанды.
Енді сәуір айында үздік ойыншылардан құрама команда жасақталып, облыстық спартакиадаға қатысатын болады.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит күзембаев,
«Жаңа өмір»