Sport

Әбілхан Аманқұл Токио олимпиадасына қатысады

Жерлесіміз, бокстан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, болашағынан зор үміт күттіретін жас былғары қолғап шебері Әбілхан Аманқұлдың жарқын жетістіктері туралы аудандық, облыстық газет беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлы Абайдан қалған асыл сөз бар. Спорт дейтін қиындығы мен шырғалаңы көп ұлы жолда жарқын жеңістерімен, өзінің ер жігітке тән сабырлы да салмақты мінезімен туған елін, өзіне үнемі тілектес боп жүретін жұлдызы биік Жуалы ауданының халқын сүйінтіп жүрген Әбілхандай азаматтың жөні бөлек. Жиырма жасында әлем чемпионатының күміс жүлдесін иелену кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Бұл қасиетті Жуалының жұртшылығы үшін, қала берді еліміз үшін де үлкен абырой. Жақында ғана көктемнің алғашқы онкүндігінде ауданға ақжолтай жаңалық келіп жетті. Ол – жерлесіміз Әбілхан Аманқұлдың Токио олимпиадасының лицензиясын иеленуі туралы жағымды жаңалық еді.
Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінің жартылай финалында қос қазақ бір-бірімен қолғап түйістірді, деп хабарлайды «Ұлтақпарат» порталы. Аталған Олимпиадалық турнирде 75 келі салмақта отандасымыз Әбілхан Аманқұл жартылай финалға шыққан болатын. Дәл осы салмақта Қытай елінің намысын қорғап жүрген, сол елде тұратын қандасымыз Таңатхан Тоқтарбек те Олимпиада ойындарына жолдама ұтып, жартылай финалға жолдама алған еді.
Қос қазақ арасындағы айқас бірден тартысты басталды. Бірінші раунд қорытындысы бойынша бес төрешінің үшеуі Қытайдағы қандасымызды жеңімпаз деп тапса, екеуі қазақстандық боксшыға дауыс берді. Ал екінші раундта жерлесіміз қарқынын үдетіп, таразы басын өзіне аударды. Төрешілердің шешімі бойынша Әбілхан 3:2 есебімен алға шықты. Соңғы шешуші раундта екі боксшы да аянып қалған жоқ. Бір-біріне алма-кезек соққыларын өткізіп жатты. Бір қарағанда, тең дәрежеде өткен сияқты көрінгенімен, төрешілердің шешімімен қазақстандық боксшы жеңімпаз атанды. Аталған турнирде үкілі үмітіміз Әбілхан Аманқұл күміс жүлдеге ие болды.
Әбілхан Аманқұл алдағы уақытта Жапонияның астанасы Токио қаласында өтуі тиіс Олимпиада ойындарына Қазақстанның Ұлттық құрамасы сапында қатысатын болады. Ендеше, іске сәт! Жерлес боксшыға сәттілік пен жеңіс жолдас болсын деп тілейік, ағайын!

Таңдаулы материалдар

Close