Sport

Ардагерлер арасындағы тартысты спартакиада

Дені саудың – жаны сау. Саламатты өмір салтын сақтау, спортпен шұғылдану кез келген адам үшін маңызды.
Осыған орай, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы және аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен аудандағы №14 балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толуына орай ардагерлердің арасында спартакиада өтті.

Шараның мақсаты – ардагерлер арасында саламатты өмір салтын насихаттау, оларды спорттық іс-шараларға белсенді түрде қатыстыру арқылы жастарға үлгі көрсетіп, тәлім-тәрбие беру.
Шараны аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асхат Жабағы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Сонымен қатар, шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз алды.
– Бүгінгі таңда дені сау ұлттың – болашағы зор екені баршамызға аян. Сондықтан елімізде бүгінде бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Осы бағытта ардагерлердің де сүйікті спорт түрлерінен бақ сынасуына мүмкіндік жасау мақсатында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығымен бірге осындай спартакиада ұйымдастырылып отыр. Спорт сүйер аға-апаларымыздың жарысқа құлшыныспен келіп, қатысып жатқаны көңіл қуантады. Бұл жақсы бастама деп ойлаймыз. Осындай спорттық шаралар ардагерлерге күш-қуат беріп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болады деп білеміз, – деді Сейітхан Шерелханұлы.
Одан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Ал, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов ойын түрлерімен және сайыс ережелерімен таныстырды.
Айта кету керек, спорттың сегіз түрінен өткен жарысқа 14 ауылдық округтен 98 ардагер қатысты.
Волейбол, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, дартс ойындары №14 балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде өтсе, бильярд ойыны “Құлантау” ғимаратында ұйымдастырылды. Ал, басқа ойыншылар №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисінен бақ сынасты.
Қорытындылай келе, волейбол жарысынан I орынды Бауыржан Момышұлы ауылының командасы иеленсе, II орынды Шақпақ ауылдық округінің командасы еншіледі. Ал, III орынды Мыңбұлақ ауылдық округінің командасы алды.
Үстел теннисінен I орын Алғабек Тоқболатовқа, II орын Мұхаммед Иргибаевке, III орын Оралбек Толықбаевқа бұйырды.
Дартс ойыны бойынша, I орынды Еңсебек Абсалямов, Патшай Назирова, II орынды Әшірхан Исақов, Қастерлі Туғанбаева, III орынды Қалдан Назар қанжығасына байлады.
Тоғызқұмалақ ойынынан I орынды Жылқыбай Майлықараев және Қатира Тілепбергенова иеленді.
Шахмат ойынынан ой жүйріктігімен оза шапқан Муртаз Пурцеладзе I орын, Жапар Қасаболатов II орын, Сергей Барвит III орынды жеңіп алды.
Дойбы ойыны да тартысты өтіп, I орынды Сейітхан Бектаев, Айман Исаханова, II орынды Шора Ысқақов, Гаухар Байтасова, III орынды Жансерік Көпжасаров, Қанткүл Төлендиева иеленді. Ал, асық ату ойынынан I орынды Махамбет Сәрсенбаев, II орынды Оразбек Әбдіхалықов, III орынды Сағындық Тоқбергенов еншіледі.
Бильярд ойынынан I орын Амангелді Апбасов, II орын Естемес Аманбеков және III орын Есмұрза Жанысбаевқа бұйырды.
Жеңімпаздардың барлығына дерлік салтанатты түрде дипломдар мен медальдар табысталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close