Sport

“Еңбекпен келген жеңіс қана адамға қуаныш сыйлайды”

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

“Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз” деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.
Осы ретте біздің ауданда жастайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырып, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген даңқты азаматтар аз емес. «Толқыннан толқын туады» демекші, Жуалыдай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты спортшылардың жолын бүгінде кейінгі жас буындардың жалғастырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Байрақты бәсекелерде аудан, облыс абыройын асқақтатып жүрген азулы спортшыларымыз баршылық. Соның бірі – боксшы Артур Ашылбайұлы. Ол Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы.
Артур бокспен 2019 жылдан бастап айналысып келеді. Ол осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Облыс және Қазақстан Республикасының Батыс аймақтық чемпионатының жеңімпазы, басқа да көптеген Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. Ең ірі жеңісі былтыр Өскемен қаласында өткен 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында қола жүлдегері атануы.
-Спортпен кішкентайымнан айналысамын. Үйірмеге алғашқыда балалық қызығушылықпен барып жүрдім. Жарыстарда орын алып, жеңістің дәмін татқан соң, онымен кәсіби түрде айналыса бастадым.Спортқа келуіме анам себепші болды. Анам қай кезде де мені жігерлендіріп, қанаттандырып отырады. Ауданның атын шығарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенім бірінші Алланың, екінші ата-анамның ақ батасының арқасы. Енді болашақтағы арманым – ата-анамның үмітін ақтап, оларға қуаныш сыйлау және үлкен додаларда өнер көрсету,- дейді жас спортшы Артур Ашылбайұлы.
«Бірінші байлық –денсаулық» деген нақыл сөздің салмағын жете түсінген жас спортшы дене бітімінің дұрыс қалыптасуын спортсыз елестете алмайтынын біледі. Яғни, дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастар еліміздің болашағы.
Баланың спортшы болу арманына жол ашқан, қияға қанат қақтырған білікті жаттықтырушы – Нұркен Рахманқұл.
Артурдың арманы – спорт саласының үздігі атану. Жас спортшының айтуынша, қай спорт түрі болсын, қауіп-қатері қатар жүреді. Өйткені жеңіс бар жерде жеңіліс те болады.
-Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын сезінбесе, биік белестерді бағындыра алмайтыны анық. Жаттығулар оңай емес. Қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек. Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды,- дейді жас спортшы.
«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашанда пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close