Sport
Шығыс жекпе-жегінің шебері
Алмас Мәделім 1993 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол №1 мектеп-гимназия және №2 Мыңбұлақ орта мектептерінің түлегі. Сонымен қатар, 9-11 сыныптарды Алматы қаласындағы Шаңырақ ықшам ауданында спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатында оқыған.
Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетінде құрылыс және Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде дене шықтыру және спорт мамандықтарын игерген.
Бүгінде Алмас Мәделім «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен аудандағы №14 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондо жаттықтырушысы болып жұмыс істейді.
Алмастың айтуынша, 3 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін таэквондо үйірмесіне қатысқан. Біраз жетістіктерге де жеткен. Алайда, 18 жасында жаттығу барысында қатты жарақат алып, спортты жалғастыра алмай басқа мамандық, яғни құрылыс мамандығын таңдауына тура келеді. Бірақ, бұл мамандықпен жұмыс істегісі келмей, бала кезден арманы болған әрі сүйікті ісі саналатын таэквондодан жаттықтырушы болып аудандық №14 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа орналасады.
Ол жұмыс істей жүріп «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы туралы естіп-біледі. Осылайша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне барып, қажетті құжаттарын өткізуді жөн санайды. Сөйтіп бір реттік көмек ретіндегі қайтарымсыз 270 мың теңге көлемінде қаржысын алады. Алайда, сол жылы лайықты үй таппай, үшінші жылға аяқ басқанда жайлы баспана табылып, тұрғын үйге қол жеткізеді.
– Мемлекет жастарға барынша жағдай жасауда. Сондықтан біз тек алға ұмтылып, осындай игілікті бағдарламаларды тиімді пайдалануды көздеуіміз керек. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандарға және жас отбасыларға үлкен көмек болып отыр.
Таэквондо жаттықтырушысы болу – менің жан қалауым десек те болады. Таэквондо – корей халқының ұлттық спортының бір түрі. Бұл спортта спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді, атауы да соған орай қойылған: «тхэ» – аяқ, «квон» – жұдырық, «до» – өнер дегенді білдіреді. Мақсаты – жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып жеңіске жету.
Таэквондошы әрқашан өз-өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, не нәрсе жасаса да, ойланып барып орындайтын адам болуы керек. Осы ретте шәкірттерімді жарыс алаңында барынша мұқият, ұқыпты болуға баулимын, – дейді Алмас Алпысбайұлы.
Жас жаттықтырушы аға бапкерлер Имантай Әбеев және Әбілқасым Әлімбеков сынды таэквондо жаттықтырушыларынан тәлім алған. Сондай-ақ, олардың еңбекқорлығы мен сабырлығын үлгі тұтатынын айтады.
Алмастың сөзіне сүйенсек, өмірде алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Сондықтан қаншалықты қиындық көрсең де, ешқашан берілмеу керектігін тілге тиек етті.
Алдағы уақытта мықты шәкірттерді тәрбиелеп, әлем деңгейіндегі жарыстарда топ жарар чемпиондарды дайындауды мақсат етіп отырған жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің «Чемпион болу – оңай, ал адам болу – қиын» нақылын ұстанады. Одан бөлек, бос уақытында діни кітаптар оқып, достарымен бірге көңіл көтергенді және отбасына көңіл бөлгенді ұнатады.
Айта кетерлігі, Алмастың шәкірттері де республикалық турнирлер, облыстық, аудандық жарыстарда биік тұғырдан көрініп жүр. Сонымен қатар, Алмас Мәделім Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Қазақстан таэквондо федерациясы» қоғамдық бірлестігінің және аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Қазіргі таңда жары Балнұр екеуі Нүрилә және Медина есімді қыздарды тәрбиелеп отыр.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»