Sport

Жерлес шабандоздар ел чемпионатында олжа салды

2022 жылы қазан айында Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық шабандоздар көкпардан чемпион атанғаны белгілі. Ұлттық өнерді сүйіп тамашалайтын жұртшылықтың есінде болса, қазақстандық балуандар финалда Қырғыз құрамасымен бас жүлдені сарапқа салып, әлемдік додада Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыласынан 4:3 есебімен басым түскен болатын.
Биыл 21-27 сәуір аралығында Қызылорда қаласының атшабарында көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, жарыстың нәтижесінде, қасиетті Әулиеата өңірінің құрамасы жеңіске жетті.
Ақтық сында Жамбыл облысы мен Алматы облысының құрамалары кездесті. 40 минутқа созылған бұл кездесу 7:1 есебімен жамбылдық «Әулие-Ата» көкпар құрама командасының пайдасына шешілді. Ойынның басты жұлдызы үш салым салған Құрманбек Тұрғанбек болды. Осылайша, бұл жарысты кезекті рет жеңген Жамбыл облысының көкпаршылары Қазақстан Республикасының 14 дүркін чемпионы атанып, жүлдеге тігілген қомақты сыйақыны иеленді.
Ұлттық құраманың сапындағы білекті балуан жігіттердің қатарында жуалылық шабандоздар – Құлажан Тоғайбаев және Ислам Рәт сынды спортшылар әлемдік дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Қасиетті Жуалы ауданының даңқын үлкен спортта асқақтатып, бүгінде Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубында белді әрі алдыңғы қатарлы шабандоздар осынау қасиетті өңірдің Диқан және Рысбек батыр ауылдарында туып-өскен азаматтар.
Бүгінде Азия және әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері және «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» шыққан шабандоздарға ғана берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері Құлажан Тоғайбаев көкпардан Қазақстанның ұлттық құрама сапында 2008 жылдан бері үздік өнер көрсетіп келеді. Ал Ислам Рәт ұлттық құрамаға үш-төрт жыл бұрын қабылданған жас шабандоз.
Көкпар – біздің ұлттық ойынымыз. Көкпарды тек қана жүректі әрі білекті жігіттер ойнай алады. Аттың үстінде өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көкпардан ұлттық құраманың сапында 12 жігіт болса, соның ішінде екі шабандоздың қасиетті Жуалы өңірінен болуы да үлкен мақтаныш.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close