Sport

«Қайрат» U-19 командасының мүшесі

Ауданымызда биік жетістіктерге жетіп, мақтанышымызға айналған талантты жастар аз емес. Солардың бірі – Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Әбдірәсіл Әбдіманапұлы.

Әбдірәсіл 3 сыныптан бастап спорт үйірмелеріне қатысты. Алғашында таэквондоға қатысады. Кейін күреске, бокс, футбол үйірмесіне барды. Спорт түрлерінінің ішінен футбол Әбдірәсілге қатты ұнайды. №13 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тренері Нұрбол Өтегеновтың жаттықтыруымен Әбдірәсіл талай жарыстарда үздік ойын үлгісін көрсетті.
Жас спортшы 9 сыныпты бітіргеннен кейін Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне бағдарламашы мамандығы бойынша оқуға түседі. Бүгінгі таңда колледждің 3 курс студенті. Колледжге түскеннен кейін де футболдан қол үзген жоқ. Қаладағы «Монтожник» футбол командасында ойнап жүрді.
Өткен жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен ұлттық студенттер лигасына қатысты. Жарыста өзінің ерекшелігімен көзге түсіп, «Үздік шабуылшы» атанып, Дипломмен және арнайы медальмен марапатталды. Әбдірәсілдің осы жеңісінен кейін «Қайрат» U-19, яғни 19 жасқа дейінгі жас футболшылар командасына іріктеуге шақырту алады. Іріктеуден сүрінбей өтіп, команда құрамына кірді. Дәл бүгінгі күні Әбдірәсіл арнайы келісімшартпен команда құрамында еңбек етуде. «Қайрат» U-19 командасының мақсаты – «Қайрат» командасының негізгі құрамына жас футболшыларды дайындау. Сондықтан Әбдірәсілдің негізгі құрамға кіруге мүмкіндігі зор деуге болады.
Жақында Алматыда өткен қалалық чемпионатта Әбдірәсіл 13 гол салып, команданың жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты.
Бүгінгі таңда 18 сәуірде Щучинск қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде.
-Әбдірәсіл футболға 4 сыныптан бастап қатысып келеді. Футбол ойнағанды қатты жақсы көреді. Осы уақытқа дейін қаншама жарысқа қатысты. Жарысқа баратын кезде жолға киімін, тамағын дайындап түн ішінде сапарға шығарып салып, келгенше алаңдап отырамыз.
Былтыр бір ойын үстінде аяғының шеміршегі сынып кетіп, ота жасаттық. Көпке дейін жүре алмай қатты қиналды. Үш айдай емделді. Бірақ футболды жақсы көретіні соншалық, аяғына тұра салысымен қайта айналыса бастады.
Футбол ойнау оңай емес. Өте көп еңбектенуді талап етеді. Әбдірәсіл осы нәтижеге үлкен еңбекпен жетті. Оның қиналғаны, бірақ алған бетінен қайтпай еңбектенгені, әрбір жарысқа барғандағы түрлі жағдайлардың барлығы көз алдымызда. Қызығушылығы болғаннан кейін әкесі екеуміз тек қолдау білдірумен келеміз. Баланың қуанышын, жетістігін көру – ата-ана үшін үлкен бақыт. Бір жағы оның еңбекқорлығына, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жігерлілігі мен тәуекелділігіне ризамын,- дейді анасы Айнакүл Жұмабекқызы.
-Алдағы мақсатым – «Қайрат» командасының негізгі құрамына кіріп, Испанияның «Барселона» командасымен ойын ойнау.
Спорттың қай түрі болмасын төзімділік пен сабырлылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Үнемі ерінбей еңбектенсең, жетістікке жетесің. Сонымен бірге спортшыға мінез керек. Еш нәрседен қорықпайтын өжеттілік, намысшылдық пен табандылық қажет.
Қазір «Қайрат» командасына кіру үшін қызу дайындық үстіндеміз.
Жас футболшылар барлығымыз қонақүйде жатамыз. Жатар орнымыз, киіміміз, тамағымыздың бәрі тегін. Келісімшарт бойынша бес айдан кейін жалақы төленеді. Жағдайымыз жақсы. Команда мүшелері 19 жасқа дейінгі еліміздегі үздік футболшылар, «Қайрат» негізгі командасының болашақ мүшелері.
Мен ең бірінші үнемі қолдап жанымнан табылатын ата-анама, жаттықтырушыларыма тағы да басқа жақындарыма алғысымды білдіргім келеді.
Біздің елімізде талантты жастарға қолдау көп. Биыл Жастар жылы. Жастар жылында жастарға қолдау екі есе көбейеді деген ойдамын. Жастар өзінің талантын, еңбегін мойындата, бағалата білуі керек. Сонымен бірге өсемін деген жастарға патриоттық сезім, жоғары мәдениеттілік пен қарапайымдылық қасиет қажет.
Жастар жылында оларға қол созған армандарына қол жеткізіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қоса берулеріне шын жүректен тілектеспін,- дейді жас футболшы.
Еліміздің абыройын асқақтатар, болашағына үлкен үміт артар тағы бір спортшының біздің ауданнан болғаны әлбетте, үлкен қуаныш. Әбдірәсілге жерлестерінің атынан мықты денсаулық, абырой мен жеңіс тілейміз!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close