Sport

Жуалылықтар жеңіс тұғырынан көрінді

Жақында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен таэквондодан Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Турнирге еліміздің Алматы, Тараз, Шымкент қалаларынан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарынан және көрші Өзбекстан, Қырғыз Республикаларынан келген 560 спортшы қатысты.

Шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен турнирдің нәтижесінде командалық есепте І орынды Жуалы ауданы иеленді. Ал, ІІ орынға Шымкент қаласының спортшылары тұрақтаса, ІІІ орынға Алматы қаласының таэквондошылары тұрақтады.
Ал, біздің жуалылық жеңімпаздардың қатарында, яғни І орынды Т.Жамбылбек, Ә.Ділжанбек, Д.Нұржауұлы, А.Шадиярова, Ә.Өмірбек сынды әртүрлі салмақтағы спортшылар иеленді. Турнирдің ІІ орны Қ.Қонысбаев, Ж.Тілеубаев, Ә.Рахым, Н.Бақыт сынды таэквондошылар иеленсе, ІІІ орын А.Рысбай, С.Арал, Н.Далжанбек, А.Төрехан, А.Далжанбек, Н.Шайділда, Е.Нұрғали, Қ.Рахымберді, М.Әлжапар, А.Арал, Б.Абдрамбек есімді спортшыларға бұйырды. Аталған жеңімпаз спортшылардың жеңіске жетуіне И.Абеев, А.Медлим және Р.Диқанбаев сынды жоғары дәрежелі жаттықтырушылардың еңбегі зор.
* * *
«Тараз-Арена» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында гір тасын көтеру және қол күресінен облыстық чемпионат өтті. Чемпионатта А.Қалып жаттықтыратын 65 келі салмақтағы А.Жолдасов және +80 келі салмақтағы Р.Тұрғын жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, Е.Сыздықбаевтың шәкірттері 36 келі салмақтағы И.Аман және 55 келі салмақтағы Н.Мұқатай жарыстың ІІІ орнына тұрақтады.
* * *
Сонымен қатар, Тараз қаласында кикбоксингтен жастар мен кадеттер арасында Кеңес Одағының Батырлары генерал-майор И.В.Панфилов пен даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын еске алу турнирі ұйымдастырылып, өткізілді. Турнирде Ж.Әлмахан және Н.Мойынбайдың шәкірттері 81 келі салмақтағы А.Әбделі І орынды иеленсе, 71 келі салмақтағы Д.Мейірбекке, 48 келі салмақтағы Н.Дариябекке және 57 келі салмақтағы Б.Ботанға турнирдің ІІІ орны бұйырды.

Бердіғұл Айтпеков,
№12 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері

Таңдаулы материалдар

Close