Sport

Екінші кезең ойындары өтті

Спорт – денсаулық кепілі. Дене шынықтыру және бұқаралық спорттың дамуына жағдай жасау, тұрғындар арасында дене белсенділігін арттыру арқылы өмір сүру жасын ұзарту – мемлекеттің басым саяси бағыттарының бірі саналады. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен және облыс спортына нақты қолдаулар жасаудың нәтижесінде биылғы жылы жастар арасында үлкен футболдан облыстық чемпионат басталды. Жалпы облыстық чемпионаттың аясында өтетін ойындар екі кезеңнен тұрады. Маңызды чемпионаттың салтанатты ашылуы мен алғашқы кезеңі жақында облыстың орталығы Тараз қаласында өткен болатын. Онда «Б» тобында ойнайтын «Жуалы» командасы Байзақ ауданының құрама командасымен кездесіп, 2:3 есебімен байзақтықтарға жол берді. Дайындығы жағынан бабы келіскен жуалылық командаға бұл ойында аз ғана сәттілік жетіспеді.
Жастар арасындағы облыстық жарыстың барысына аз-кем тоқталайық. Облыстың 10 ауданы «А» және «Б» топтары бойынша екіге бөлініп отыр. Қордай, Шу, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары алғашқы топта ойнаса, тиісінше, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарының спортшылары екінші топта өнер көрсетпек.
Жақында облыстық чемпионаттың екінші туры аясындағы ойындары Жуалы ауданында ұйымдастырылды. Шақпақата ауылындағы үлкен стадионда өткен кездесу барысында төрт команда өнер көрсетті. Алғашқы ойында «Жуалы» командасы Сарысу ауданының аяқ доп шеберлерімен кездесіп, 3:0 есебімен қонақтардан басым түсті. Келесі тартысты ойын Жамбыл мен Байзақ аудандарының ойыншыларының арасында өрбіді. Онда алғаш болып жамбылдық ойыншылар алғашқы есепті ашқанымен байзақтықтар есепті теңестірді. Одан кейінгі минуттарда да ойынның тізгінін Байзақ ауданынан келген команда ойыншылары өз қолына алып, қарсыластарынан басым ойын өрнегін көрсетті. Ойын қорытындысында «Байзақ» командасы «Жамбыл» ауданынан келген ойыншыларды 3:2 есебімен жеңді.
Осы аптаның ішінде «Жуалы» командасы Талас ауданына барып, жергілікті командамен бақ сынасады.
-Облыс әкімінің қолдауымен өткізіліп отырған облыстық чемпионат саламатты өмір салтын қалыптастыруға, тұрғындар арасында бұқаралық спорттың үлесін арттыруға, бір жағынан ауданның құрама командасын қайта жасақтауға өзінің мол үлесін қосып отыр. 20 адамнан жасақталған футболшылардың басқа аудандарға барып ойындарға қатысуына жағдай жасауды, жол шығындарына, спортшыларды арнайы формамен қамтамасыз ету жұмыстарын біздің бөлім атқарады. Жуалыға көршілес аудандардан келіп футбол ойнаған спортшылар мен облыс орталығынан чемпионатқа тағайындалған төрешілер ризашылықпен қайтты. Ойындардың жоғары деңгейде өтуіне Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов, округтегі спорт нұсқаушысы Мұхамеджан Оразбаев атсалысқанын атап өткім келеді. Облыстық чемпионат ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасын табады. Жүзден жүйрік шыққан үш командаға қомақты қаржылай сыйлық тағайындалып отыр. Алдағы ойындарда біздің ауданның командасы үздік ойын өрнегін көрсетіп, үздік үштіктің қатарынан көрінеді деген үміттеміз,- дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов.

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close