Sport
Қыздар футбол ойнады
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының орындалуына және «Жастар жылына» орай, спорт арқылы этносаралық толеранттылыққа қол жеткізу мақсатында «Спорт – сенімді серігің!» атты этнос өкілдерінің қатысуымен қыздар арасында аудандық кіші футболдан жарыс өтті. Спортшылардың кездесуі Б.Момышұлы ауылындағы спорт кешенінде өткізілді. Шараны аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның маманы Судаба Металимова ұйымдастырды.
Этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Б.Момышұлы, Қарасаз, Нұрлыкент, Шақпақата, Мыңбұлақ, Қызыларық ауылдық округтерінен 6 команда құрып, қатысты. Спорттық жарысты Б.Момышұлы ауылының спорт нұсқаушысы Қ.Орманов төрешілік етті. Ойын қызықты әрі тартымды өтті. Қыздар жанкүйерлерге қызық ойын көрсете білді. Олар спортқа жақын екендерін және саламатты өмір салтын қалыптастырып, сақтап келетіндерін танытты.
Сайыстың қорытындысында Қарасаз ауылдық округінің №16 Жуалы колледжінің студенттерінен құрылған «Қарасаз» құрама командасы – І орын иеленсе, ІІ орынды – «Б.Момышұлы»- №1 мектеп- гимназия құрамасына, ІІІ орынды – «Шақпақата»- №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің қыздар командасына бұйырды. «Үздік қорғаушы» номинациясын – «Мыңбұлақ» құрамасының №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Назиля Самедова, «Үздік қақпашы» номинациясын –«Нұрлыкент» құрамасының №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Карина Доценко, «Үздік шабуылшы» номинациясын «Қызыларық» құрамасының №25 Ақтөбе тірек мектебінің оқушысы Галина Зинченко иеленді.
Жеңімпаздарды төрешілік еткен Қ.Орманов және «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Алмас Жолдасов Алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, құттықтады.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»