Sport

Үш дүркін чемпион атанды

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, спорт адам баласына қашан да пайдалы екені баршамызға белгілі. Осы орайда, спортқа бет бұрып, дүбірлі додаларға қатысып, жеңімпаз атануда. Мұндай жастардың арасында күреңбелдік Шапағат Қанатбекқызы да бар. Ол туралы аудандық төл басылым «Жаңа өмір» газетінде ауқымды мақала жарияланған болатын.
Күреңбел ауылының мақтанышына айналған жас дзюдошы Шапағат Дәулет қазіргі таңда Тараз қаласындағы облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқып жатыр. Тиісінше, дзюдоның қыр-сырын меңгеріп, кәсібилігін шыңдау үстінде.
Бала күнгі арманы орындалып, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелігіне өтіп, елдің атынан шетелдерге жарысқа жолдама алды. Түркияның Анталья қаласында өткен Еуропа кубогі үшін сайыста VI орынды иеленсе, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында өткен Азия кубогынан ІІІ орын, Алматы қаласында өткен Азия кубогынан І орын, Қытай Халық Республикасының Макао қаласындағы Азия кубогында ІІ орынды қанжығасына байлап, Тайпей мемлекетінде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Асқақ арман-мақсатына қол жеткізу үшін спортзалда жаттығумен жиі айналыса бастады. Ұстазын мұқият тыңдап, тапсырмасын уақтылы орындаған шәкірттің еңбегі өз нәтижесін беруде. Тынымсыз еңбектің арқасында биылғы жылы Қостанай қаласында өткен ел чемпионатында Шапағат қарсыластарын шақ келтірмей, Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінді. Байрағымызды көк аспанда желбіретіп, салауатты өмір салтын берік ұстанып жүрген жас спортшымыз Шапағат Қанатбекқызына спортта биік белестерден, еліміздің атын бұдан да үлкен жарыстарда шығара беруіне біз де тілестеспіз.

Үміт Ысқақова,
Күреңбел ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close