Sport

«Сіздердің міндеттеріңіз– ел чемпиондарын тәрбиелеу»

Спорт саласының қызметкерлерімен кездесуде аудан әкімі Нарбай Ергебеков осылай деді

Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылдың 13 наурызындағы № 70 өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сай аудан және ауыдық округтер әкімдері аумағындағы елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүздесуден бөлек, түрлі салалардың өкілдерімен де кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне ден қою жоспарланған. Осы мақсатта аудан әкімі Нарбай Ергебеков таяуда аудан орталығындағы спорт кешенінде болып, ауданның спорт саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлермен кездесті. Басқосуға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, салаға қатысты бөлімдер басшылары, ауылдық округтер әкімдері, ауыл-аймақтардағы спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, жаттықтырушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, аудандағы спорт саласында үстіміздегі жылдың тоғыз айында қол жеткізілген жетістіктер мен спорт объектілерінің жай-күйі мен спортшылардың тыныс-тіршілігін баяндау үшін сөз кезегін аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетовке берді.
Есепті баяндамаға қарағанда ауданда денешынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданатын халықтың саны 15655 адамды немесе аудан тұрғындарының 29,8 пайызын құраған. Бөлімге бағынысты спорт мектептерінде 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 1558 спортпен шұғылданушы оқушы тіркелген. Бұл аудандағы жалпы 7-18 жас аралығындағы балалардың 15,1 пайызын құраған.
Ауданда бүгінгі таңда 116 спорт объектісі халыққа қызмет көрсетуде. Соның ішінде бір стадион, бір спорт кешені, 38 спортзал, 11 футбол алаңы, 65 спорт алаңшасы бар. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында алты ауылдық округте «Street Workout» алаңшалары пайдалануға берілді. Аудан әкімі мен облыстық спорт басқармасы арасындағы келісім бойынша тағы да үш ауылдық округте осындай алаңшалар салынуы қажет.
Баяндамадан сондай-ақ алдағы жылы облыстық бюджеттің есебінен аудан орталығының үстіңгі бөлігінен тағы бір спорт кешенін салу, Кәріқорған және Қайрат ауылдарындағы спорт залдарды қайта жаңғырту жоспарланып отырғаны білгілі болды.
Спорт объектілерінің барлығы ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдану үшін қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Бұл туралы аудандық БАҚ-та жүйелі түрде жариялануда.
Ағымдағы жылы бұқаралық, ұлттық спорт түрлерін дамытуға және облыстық жарыстарға аудан командаларын қатыстыру үшін 13,200 мың теңге бөлінді.
Өңірдегі жалпы білім беру мекемелерінде жеті спорт түрі бойынша 211 үйірме жұмыс істейді, мұнда 6969 оқушы қамтылған. Ауданда жыл басынан бері ұлттық және мемлекеттік мерекелерге орай түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты, соның ішінде волейболды дамыту мақсатында аудан біріншілігі өткізілуде. Оған барлығы сегіз команда қатысқан, бүгінде ойындардың бірінші кезеңі аяқталған, жалғасы қазан айында болмақ.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай Жамбыл облысының үлкен футболдан чемпионат ұйымдастырылып, нәтижесінде Жуалы ауданының құрама командасы топтық кезеңді ІІІ орынмен аяқтаған.
Ауданның мекемелері арасында апта сайын кіші футболдан аудан біріншілігін өткізу жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда алғаш рет грэпплинг күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатына облыстық іріктеу жарысы өткізіліп, оған 300-ге жуық спортшы қатысқан.
Үстіміздегі жылы Ауыл ойындары, Алаңдағы тоғызқұмалақ, Қазақстан Барысы, Мектеп лигасы және түрлі салалар қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиадаларға жергілікті деңгейдегі іріктеу жарыстары өткізіліп, жеңімпаздары облыстық жарыстарға қатыстырылған.
Мақсұтбек Әбдіұлы осы ретте түрлі байрақты бәсекелерде аудан намысын қорғап жүрген ұландардың есімдерін мақтанышпен атады. Мәселен, бүгінде Жуалы ауданының халықаралық және республика сапында жүрген спортшылар бокстан Аманқұл Әбілхан, жастар арасында Көбетай Мақсат, Әбдіқадір Дамир, Дүйсебай Дарқан, кәсіби бокста АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Рахманқұл Сағадат, ұлттық спорт түрлері бойынша көкпардан ҚР сапында жүрген спортшылар Құлажан Тоғайбаев, «Әулиеата» құрама командасында өнер көрсетіп жүрген спортшылар Рәт Ислам, Рахметулла Самғат, дзюдодан Әбіхай Әбікен.
«Тараз-Арена» спорт сарайында өткен ҚР Таеквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған жастар мен жасөспірімдер арасындағы таеквондодан ашық республикалық турнирден Должанбек Айбек пен Должанбек Эсмира І орынды иеленген. Дзюдодан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында Дәулет Шапағат чемпион атанып, ҚР құрамасына енсе, Қазбек Рақышев ІІІ орынды иеленген. Гир спортынан облыс чемпионатында Азамат Жолдасов І орынды, Асылбек Нұрсұлтан мен Ақылбек Бағдат ІІ орынды иеленген.
Баяндамадан ауданның спорт саласындағы жетістіктермен және саланың тыныс-тіршілігімен жете танысқаннан кейін аудан басшысы кездесуге жиналған спорт қызметкерлерінің ұсыныс-тілектері мен пікірлеріне ден қойып, проблемаларға қанықты.
Спорт кешенінің дзюдодан аға жаттықтырушы Тайжан Қозыбеков спорт кешенінде дзюдо жарысы өткізілетін залдағы татами кілемінің талапқа сай еместігін айтып, аудан әкіміне татами кілемін алып беруге, содан кейін талай чемпиондарды баптап ұшырған Күреңбел ауылындағы спорт залдың жағдайын айта келе, оның жылыту жүйесін жөндеуге қолдау көрсетуді сұрады. Бокс мектебінің жаттықтырушысы Ержан Қошаев мектепте жуынатын және шешінетін бөлмелердің жоқ екенін айтып, соны шешіп беруін өтінсе, осы жолдардың авторы өңірдің қысы мен табиғаты қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы екенінін, бұрынғы аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың кезінде бұл бағытта белсенді бастамалардың болғанын айта келе, «осы спорт түрінің алдағы уақытта назардан тыс қалмаса екен» деген тілегін білдірді.
Жиын соңында аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы спорт саласының қызметкерлеріне батырлар, ақындар өткесі атанған, табиғаты әсем, суы балдай, ауасы сап алтындай таза таулы өңірден талай күш иелерінің түлеп ұшқанын, нағыз таланттардың ауылдардан шығатынын тілге тиек ете келе, «сіздердің мақсаттарыңыз – ел чемпиондарын тәрбиелеу» деп, олардың жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір».

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close