Sport

Арманы – әлем чемпионы болу

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Тәні саудың жаны – сау екені баршаға аян. Республикалық жастар чемпионаттары мен студенттік универсиадалар өткізу дәстүрін қайта жаңғырту маңызды» деген болатын. Сондай-ақ, Елбасы барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырып отыр.

Аудан жастарының уақытын тиімді өткізуге түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, спорт нысандары ашылуда. Былтырғы жылы аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Азат Шыңғазы аудан орталығынан «Жуалы-Арлан» аталатын аралас жекпе-жек клубын ашқан болатын. Клубқа спортсүйер жасөспірімдер ағылып келіп жатты. Тынымсыз еңбектің арқасында клубта жаттығатын талай спортшы жас жеңіс тұғырынан көрініп жүргені баршамызға белгілі. Сондай жеңімпаздардың қатарында жас спортшы Дінмұхамед Мамеш те бар.
Ол 2001 жылы Кәріқорған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазіргі таңда сондағы Т.Әкімов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы, яғни мектептің биылғы түлегі. Дінмұхамед Әуесханұлы 14 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Алғашында ауылында күреске, боксқа қатысады. Кейіннен аудан орталығындағы спорт клубында аралас жекпе-жекпен айналысуда.
Жас спортшы намысты қолдан бермей, қазақтың күрзі жұдырығы мен білек күшін әлемге танытуды, туған жеріне еңбегін сіңіруді, ауыл жастарына көмек-қолдау көрсетуді мақсат тұтқан патриот жанның бірі.
-Ауылда алғашында бокспен шұғылданып жүрдім. Кейіннен аудан орталығындағы аралас жекпе-жек клубы ашылғанын естіп, осында жазылдым. Қазіргі таңда мені жаттықтырушыларым Азат Шыңғазы мен Нұрбол Мойынбай аралас жекпе-жектің қыр-сырына барынша баулуда. Олар кеткен қателіктерім мен жеткен жетістіктерімді саралай отырып, жол көрсетеді. Мен осындай қазақ жастарына жанашыр азаматтардың бар болғанына қуанамын. Ауылда көптеген талантты жастар бос жүр. Клубтағы бапкер ағаларым балалардың уақытын тиімді өткізіп, спорттық шеберлігін шыңдауда көп еңбектену үстінде. Мен де болашақта өз ісінің майталманы болып жүрген сол ағаларымдай болғым келеді. Сонымен қатар, Қазақ елінің көк туын әлем көгінде желбіретіп жүрген спортшы, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат Хамитовтың сара жолын үлгі тұтамын,- дейді жас спортшы өз сөзінде.
Спортпен шұғылданғанына аз уақыт болса да Дінмұхамедтің жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтар болсақ, алғашқы жеңісі ретінде өткен жылы Тараз қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында ІІ орын иеленгенін айту керек. Сонымен қатар жақында Тараз қаласында өткен панкратион спорты жарысында І орын, кикбоксингтан өткен облыс чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды. Дінмұхамедтің кикбоксингтан халықаралық турнирдің жүлдегері, тағы да басқа кіл мықтылардың ішінен шын мықтыны анықтайтын додалардың жеңімпазы атанып жүрген жайы бар.
-Қандай да бір спорт түрімен шұғылданатын адамға бірінші мықты мінез керек. Ол рингке шыққанда ең керек нәрсе. Себебі, өткір, жігерлі мінезіңмен қарсыласыңды тізе бүктіруге болады. Екіншіден тұрақтылық қажет деп ойлаймын. Сонда ғана биік шыңнан көрініп, жеңіс тұғырына шыға аласың. Өз басымда алғашқы кездесу барысында бойымда қорқыныш сезімі басым болады. Кейіннен алаңға шығарда бойыма бар күш-жігерімді жинап, ол сезімді жеңемін. Тек қана жеңісті ойлаймын. Осындай жеңісті жарыстарда спортшылардан аралас жекпе-жектің қыр-сырына қанығып, шыңдалудамыз.
Қазіргі таңда спортпен шұғылдануға шындап ден қойған ауыл жастары көп. Бірақ оларға көбінесе материалдық жағынан көмек керек. Небір талантты, тепсе темір үзетін жігіттерге көмек-қолдау аз болғандықтан олар жарыстарға бара алмай, спортты тастап кетіп жатыр. Сондықтан жүрегі мейірімге толы азаматтар тарапынан спортшыларға көмек-қолдау жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Өңірімізде спорттық нысандар, рухани-мәдени орталықтар бұдан да көп болса екен деймін. Себебі, жастармен көп жұмыс жасау керек. Олар ұялы телефон мен сымсыз интернетте уақыттарын босқа өткізбеуі керек деп ойлаймын.
Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Бұл сөз үнемі айтылып жатады. Ел ағалары бізге үлкен үмітпен қарайды. Қай салада тер төгіп жүрген жастар болсын барлығына Жастар жылында табысты, жемісті болуларына тілектеспін. Жаныма жақын спорт болғандықтан, еліміздің көк туы жеңіс тұғырында мәңгі желбірей берсін. Үкілеген үмітті ақтап, жетер жеңісіміз көп болсын. Жастарымыз оттай жалындап, тұлпардай ағындай берсін,- дейді Дінмұхамед Әуесханұлы.
Болашағына нық қадам жасап, арман-мүдделері айқын спортшының айтқан ойы кім-кімді болса да толғандырары анық-ақ. Себебі, қазіргі таңда көмек-қолдау болмай, яғни қаржы тапшылығынан ауылдық жерлердегі жалындаған талай жас талантын шығара алмай, есесіне олардың басқа жағымсыз істермен айналысатыны жасырын емес. Бұл- қоғамды алаңдататын түйінді мәселе.
Ал, арманы асқақ Дінмұамед Әуесханұлының алдағы уақытта да жекпе-жек алаңдарында тек қана жеңіс тұғырынан көрінеді деген зор сенім білдіреміз.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close