Sport
Спорт нысандарының қолжетімділігі арта түсуде
Спорт – денсаулық кепілі. Денсаулық адамның ең басты байлығы екені баршамызға белгілі. Сонымен қатар, спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Дене шынықтырумен шұғылдану адамды белсенділікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды және ұзақ өмір сүруге кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» делінген. Сонымен қатар, Елбасы Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажеттігін баса айтты.
Осы тұрғыда ауданның спорт саласында атқарылған жұмыстардың барысын білу мақсатында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетовпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
-Мақсұтбек Әбдіұлы, Жуалы ауданы генералдармен қатар әлемдік спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты спорт саңлақтарымен де мақтанатыны белгілі. Осы орайда, бөлімнің атқаратын міндеттері қандай?
– Ауданда бұқаралық спорт түрлерін дамыту, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру, жалпы ауданның спорт саласының көрсеткіштерін көтеруде еңбек ету басты міндетіміз болып табылады. Осы орайда қазіргі таңда ауданда 110 спорт нысаны қызмет көрсетеді, соның ішінде бір спорт кешені, бір стадион, 38 спорт зал, 11 футбол алаңы, 59 спорт алаңшасы бар. Биылғы жылдың І тоқсанның қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 15375 адамды, яғни жалпы халықтың 29,4 пайызын құрап отыр.
Бөлімде үш мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады. Бөлімге қарасты мекемелерде (екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, бір бокс мектебі) барлығы 97,0 штат бірлігімен 97 адам қызмет етеді. Оның ішінде 44 жаттықтырушы бар. Аудандағы 14 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы жұмыс істеп, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Жалпы аудан бойынша 2018 жылдың соңында жалпы білім беретін мекемелерде барлығы 135 дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері тіркелсе, оның жетеуі әйел, үшеуі кәсіби техникалық мектептің мұғалімдері.
Аудан бойынша жалпы білім беру мекемелерінде жеті спорт түрі бойынша 211 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 6969 оқушы қатысады.
– Енді бөлімнің атқарған жұмыстары жайлы айтып берсеңіз?
– Өткен жылы Билікөл, Шақпақ, Қарасаз, Ақтөбе ауылдық округтерінде жергілікті бюджет есебінен «Street Workout» алаңшалары салынды. Б.Момышұлы ауылы орталық саябақтағы бұрынғы орман шаруашылығы мекемесінің ғимараты спорт зал ретінде, сонымен қатар, Қызыларық ауылдық округінде салынған жаңа мектептің спорт залы және екі алаңша пайдалануға берілді.
Өткен жылы ауданда спортшылар іріктеліп, «Аула ойындары фестивалі», асық атудан «Алтын сақа», алаңдағы тоғызқұмалақ ойындары өтті. Ал, оқушылар арасында «Мектеп Лигасы», «Көше ойындары», Еңбек жастары арасындағы облыстық, мемлекеттік қызметшілер арасындағы Халық ойындары спартакиадаларын ұйымдастырдық.
– Аудан жастарының ішінде жетістікке жеткен спортшылар туралы не айтасыз?
-Еліміздің атын әлемдік деңгейде шығарып жүрген спортшылар бар екені бәрімізге белгілі. Атап айтар болсам, бокстан Әлем чемпионатының, Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл, ҚР чемпионы, бүгінгі таңда АҚШ-та кәсіби бокста өнер көрсетіп, үш жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жеткен Сағадат Рахманқұл, көкпардан Қазақстан құрама командасының сапында әлем чемпионы Құлажан Тоғайбаев. Ал, республикалық және әлемдік деңгейде ауданның атын шығарып жүрген спортшылар да бар. Олар бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Елена Шерункова, қол күресінен әлем чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері Дәулет Қанибай, қол күресінен Азия чемпионатының жүлдегері Абылай Қалып, мүгедектер арасында қол күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әлішер Еділхан, «Тараз» футбол клубының ойыншысы Абзал Таубай, таэквондодан ҚР чемпионы Мақсат Абдрамбек, дзюдодан ҚР чемпиондары мен жүлдегерлері Әбікен Әбіқай және Жеңіс Сайлаубай. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жеткіншектер де түрлі спорт түрінен биік шыңдардан көрініп жүр. Ауданның атын қорғап жүрген спортшылар біздің болашағымыз. Біз оларға үлкен сенім артамыз.
-Спорт саласында қандай проблемалар бар?
-Проблемасыз сала болмайтын шығар, сірә. Біздегі ең басты мәселе – қаражат тапшылығы болып отыр. Екіншіден, ауыл тұрғындарына қолжетімділік ретінде қолданысқа берілетін спорт залдардың аздығы мен штаттардың жетіспеушілігі. Яғни, аудандағы 10 ауылда спорт зал жоқ. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта халықтың дене шынықтырумен шұғылдануына барынша жағдай жасай беретін боламыз.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Ауыл тұрғындарын спортқа тарту мақсатында орталық саябақтан спорт кешенін ашу көзделуде. Спорт нысандарын көпшілікке қолжетімді етуге жағдай жасауда, бұқаралық спорт түрін дамытуда бірнеше жоба бар. Олардың қатарында Ақсай, Жетітөбе ауылдық округтерінде спорт залдарды қолданысқа беруді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, алты ауылдық округтерде «Street Workout» алаңшаларын іске қосу жоспарлануда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Аманқұл,
«Жаңа өмір»