Sport

Жерлестеріміз жеңіс тұғырында

 

Ағымдағы жылдың тамыз айында Ресей Федерациясының ұйымдастыруымен аралас жекпе-жектен және грэпплинг спорт түрлерінен 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында әлемдік чемпионат өтті. Чемпионат көршілес мемлекет Қырғызстан Республикасы Ыстық көлде «Шопан ата» деп аталатын демалыс орталығында ұйымдастырылған.

Бұл жарыстан біздің ауданның да спортшылары, яғни Б.Момышұлы ауылында орналасқан “ММА” спорт академиясының шәкірттері қалыс қалмады. Айта кету керек, әлемнің тоғыз мемлекеті қатысқан жарыста 59 келі салмақта сайысқа түскен Нұрғиса Анарбек бірінші орынды жеңіп алса,  53 келі салмақта Нұрғазы Шыңғазы үшінші орынды еншілеп,  Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жекпе-жекке жолдама алған болатын.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласында панкратионнан өткізілген жекпе-жекте де біздің балалар жеңіс тұғырынан көрінді. Нұрғиса Анарбек бірінші орынды қанжығасына салса, Нұрғазы Шыңғазы да бірінші орын алып «Әлемдік белбеуге» ие болды.

Жеңіске жеткен шәкірттері жөнінде «ММА» спорт академиясының жетекшісі, әрі жаттықтырушысы Азат Шыңғазы біздің редакцияға келіп, қуанышымен бөліскен еді.

– Әрине жарысқа шығар алдында балаларды жігерлендіріп, психологиялық тұрғыдан дайындаймыз. Бірақ ешқашан «Сен жеңіске жетуге тиіссің!» деп міндеттемейміз. Әр бала жарыста жеңіліс табу арқылы шыңдала түседі. Сондықтан жеңістің де, жеңілістің де дәмін татып үйренуі керек. Сонда ғана жемісті күндер көп болмақ. Біздің академияда жақсы шыңдалған, аралас жекпе-жектің әдістерін бес саусағындай білетін спортшылар жетерлік. Алайда жарысқа қатысар алдында алдымен іріктеуден өткізіп, оқ бойы оза шапқан жігіттерді жарысқа қатыстырған жайымыз бар. Көріп отырғандарыңыздай нәтижесі де жаман емес, – дейді жаттықтырушы Азат Төлематұлы.

Сонымен қатар, ол бұл жарысқа қатысу үшін қаржылай демеушілік көрсеткен аудандағы жеке кәсіпкерлер Медеубек Жұмағұлов, Рысқали Жайықбаев, Қуаныш Мешелов, Сәкен Арынов, Мұратбек Макеев, Есіркеп Серік және Мұстафа Түлендиев сынды бірқатар азаматтардың атын ерекше атап, алғысын жеткізді.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close