Sport
Ел чемпионатына жолдама алды
Жуалылық жас былғары қолғап шеберлерінің Қазақстан Республикасының чемпионаттарында және беделі биік халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүргенін білеміз. Жақында 4-9 наурыз аралығында 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының Оңтүстік аймақтық чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған еліміздің оңтүстігінде орналасқан облыстардан былғары қолғап шеберлері қатысты.
Аталған Оңтүстік аймақтық чемпионатына Жуалы аудандық бокс мектебінде білікті бапкер Нұралы Бүйенбаевтың қол астында жаттығатын жас спортшы Бексұлтан Боранбек қатысып, жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Жарыс қорытындысында қарсыластарынан басым түскен боксшы Бексұлтан Боранбек арнайы Мадақтама қағазымен, чемпионаттың күміс медалімен, естелік сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, наурыз айының аяғында Шу қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдаманы қоса иеленді.
Айта кету керек, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас былғары қолғап шебері Бексұлтан қазіргі таңда Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 8 сыныбында оқиды. Ол бұған дейін Жамбыл облысының біріншілігі, одан басқа да көптеген халықаралық жарыстарда топ жарып, ауданға олжа салып жүрген спортшы. Жас спортшының бапкері, аға жаттықтырушы Нұралы Бүйенбаев аудандық бокс мектебінің басшылығына алғысын жеткізіп, шәкіртінің ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуіне жұмыс жасап жатқанын айтты.