Sport
Жуалылық команда – жеңіс тұғырында
Жақында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде өрт сөндіру саласының ардагері Исабай Ахметбековті еске алуға арналған өрт сөндіру бөлімдерінің арасында өрттен құтқару спортынан облыстық жарыс өткізілді.
Жарыс өрттен құтқару спортының үш түрі бойынша өткізілді. Атап айтқанда, қызметкерлер кедергілері бар 100 метрлі жол, оқу-жаттығу мұнарасының төртінші қабатындағы терезеге шабуыл сатысымен көтерілу, жауынгерлік қанат жаю бойынша бақ сынасты. Осының ішіндегі ең басты сайыс – өрт сөндірушілердің жауынгерлік дайындығын және шапшаңдығын анықтайтын жауынгерлік қанат жаю болып саналады.
Жауынгерлік қанат жаю бойынша жарыс өрт автоцистернасымен жүргізілді. Құрамы алты адамнан тұратын бөлімше жиналып, жауынгерлік киімнен 10 метр қашықтықтағы сөре жолағында орналасады. Ал, автоцистерна жауынгерлік киім тұрған жерден 10 метр қашықтықта орналасады және оның сорғышында су болмауы шарт. Суы бар 1000 литр сыйымдылық автоцистернадан төрт метр қашықтықта орналасады.
Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімнің командасы жауынгерлік қанат жаю үшін өз жарақтарын және жауынгерлік киімімен мұқият дайындалды. Сайыс барысында оқпаншылар су ағынын нысанға бағыттай отырып нысанда орналасқан көлемі 10 л болатын сыйымдылық 1 минут 03 секундта толып, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімнің командасы І орын алып, арнайы дипломмен, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бөлімнің командасында бөлімше командирлері, азаматтық қорғау аға сержанты Құнанбай Тілеумұратов, Ержан Өміралиев, жүргізушілер, азаматтық қорғау аға сержанты Досмұхамбет Нұралиев, Алмат Піралиев, өрт сөндірушілер, азаматтық қорғау кіші сержанты Бауыржан Савтаров, Дархан Мұстафаев сынды өз мамандықтырының нағыз майталмандары бар екенін мақтаныш сезіммен айтқымыз келеді.
№7 өрт сөндіру бөлімі