El іshі
Қой қоздап, қорада шу
Шақпақаталық Бекзат Дүйсебаев бала кезінен ата кәсібіміз мал шаруашылығын жанына серік еткен жан. Бүгінде шаруақор жанның иелігіндегі шаруа қожалықта 280 бас саулық, бірқатар ірі қара, жылқы малы бар.
Бекзат Жапарбайұлы ардагер, мал дәрігері. Ветеринар бүгінгі мал төлдету науқанында күндіз-түні еңбек етуде.
Қой шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалыққа Наурыз мерекесі қарсаңында атбасын бұрдық. Ондағы мақсатымыз – мал төлдету науқанының мән-жайынан хабардар болып, ардагерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап қайту.
Қарияның қолындағы үлкен немересі Ақпан таңертеңнен көмекшілері Димамен бірге малды өріске айдап кетіпті. Қорада қозылар мен жаңа туған аналық саулықтар ғана қалған. Бекзат Дүйсебаев қорадағы малдарды жайғап жүр.
-1995 жылы отбасымызбен «Жапарбай» шаруа қожалығын құрдық. Жетекшісі жолдасым Фариза Дүйсебаева.
Қожалықтың жұмысын өзім және қолымдағы ұлым жүргізеді.
Наурыз айының басынан мал төлдету науқаны басталды. Бүгінгі таңда 280 саулықтың 140-ы төлдеді. Қозыларды шетінен сырғалап жатырмын.
Қашаннан қазақтың күнкөріс көзі – төрт түлік малы болғаны белгілі. Сол малдарын аман сақтау жолында ақ қар, көк мұзда, ызғырық пен үскірік боранда малымен бірге жатып, бейнеттенеді. Содан да болса керек, қазекең бір-бірімен кездесе қалса: «Мал, жан аман ба?» деп бірінші малдың жайын сұрайды. Сол мал жандылардың төрт түлігі наурыз айында топырлатып төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталады. Төлбасы болған малдар сатылмайды, сыйға да берілмейді. Мұндай малды көп жағдайда өз қызығына жұмсайды, не Құрбан айт күніне құдайы жасап, құрбандыққа шалады.
Біз жыл сайын төлбасын жоқ-жітіктерге зекетке береміз. Жалпы әрбір қырық бас малыма бір малдан, 12 бас қойды зекетке беремін.
Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал баққанға бітеді» деген нақыл сөз текке айтылмаған. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, еңбегіңе қарай жемісін көресің.
Алланың берген екі ұл, екі қызы бар. Балаларымды, немерелерімді кішкентайынан еңбекқорлыққа тәрбиеледім. Қазір Ақпан есімді немерем мал шаруашылығына, еңбекке құмар.
«Еңбекпен тапқан дүние нәрлі болады, еңбексіз дүние тапқан жігіт арсыз болады» демекші, Алла тағала мал баққанның еңбегін жандырсын.
Жолдасым Фариза бие байлап, қымыз жасайды. Бала-шағамызбен бие сүтін, қымыз ішеміз. Жалпы, мал өнімдерінің қай-қайсысы болсын ағзаға тигізер пайдасы көп.
Қолымдағы ұлым мен келінім Ғали мен Зәмира тірлігімізді жалғастырушы.
Наурыз мерекесінде ел-жұртыма амандық, тыныштық тілеймін. Халық арасында ауызбіршілік, ынтымақ болып, еліміз жасай берсін! Жаңа жыл берекелі де мерекелі жыл болсын!- дейді Бекзат Жапарбайұлы.
Қойлы шаруа қожалықтың қуанышына ортақтасып, біз де игі тілегімізді жеткіздік.
Жаңа жылда әр отбасына амандық, мол нәсібе, ел сүйсінер ынтымақ, бірлік тілейміз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»