El іshі
Төл теңгеміздің тарихы тәуелсіздікпен тығыз байланысты
Теңгенің тарихы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, яғни 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енгізілгені белгілі.
Теңгеге қатысты отандық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, ескі үлгідегі ақшаларды Қазақстанның жаңа теңгесіне айырбастау 20 қараша күні аяқталып, айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Сайып келгенде, ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.
Халықаралық мамандардың пікірінше, теңге ТМД аумағындағы тұрақты валюталардың қатарында. Негізі ұлттық валютаның дайындалуы аса құпия түрде болған. Президенттің тапсырмасымен 1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Бұл топқа кiрген Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын әзiрлеуге кiрiстi. Алғашқы теңгенi «Harrison&sons» компаниясы Англияда басып шығарды.
Ұлттық валютамыз айналымға енгізілгенше ағылшындар мен Қазақ елінде болып жатқан оқиға туралы тірі жан білмеген. Лондоннан жеткізілгеннен кейін теңге сегіз күннің ішінде еліміздегі барлық банкке түгел таратылды. Осылайша ұлттық валютамыз отандастардың қолына тиді.
Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығарылатын болды. Бұл 1995 жылдың мамыр айы болатын. Тұңғыш банкнот фабрикасын Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып ашады. Еліміздің мақтанышына айналған теңгенің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтаулы.
Оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай және Әбілхайыр мен Абылай хандардың суреті болған. 1990-шы жылдары біздің теңгеміз дизайны жағынан ТМД-дағы ең көрнекті ақша болып танылды. Ақшаны айналымға енгізбес бұрын оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болатыны айқын. Өйткені, оңай жолмен «жеңіл» пайда тапқысы келетіндер кез келген валютаны қолдан жасауға тырысады. Сондықтан, кез келген мемлекет ақшаның дизайны мен қорғаныш сызықтарын күшейтуге мүдделі.
Арада бір мүшел өткенде, яғни, 2006 жылы теңге өзгеріске ұшырады. Ондағы суреттер алынып тасталып, яғни, қорғанышын бекіте түсті. Себебі, жасанды ақшада қара дақтар пайда болатындықтан, ақшаның көшірмесін жасауға құштар алаяқтардың арманы іске аспайтыны белгілі. Содан кейін 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноттар пайда болды. Бұл теңгелер де дизайнымен көзге түсіп, талай халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. Ұлттық валютамыз осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен түрлі қаржы дағдарысына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды.
Өйткені төл теңгеміз де мемлекетіміздің айшықты белгілері – Мемлекеттік Елтаңба, Әнұран, Көк туымыз сияқты бағалы, аса құнды елдік нышандарымыздың бірі екені анық. Өзінің төл ақшасы бар мемлекет қана өзге елдермен тең дәрежеде болатыны анық. Теңгемізді ұлықтау – бұл елдігімізді ұлықтаумен пара-пар нәрсе. Бір сөзбен айтқанда төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі.
Дизайны сан өзгеріп, құны талай мәрте төменге құлдыраса да қазақ өз ақшасын доллардан артық санайды. Төл теңгеміз дизайны жағынан да өте ерекше банкноттардың бірі. Бірнеше жылдар бойы 5000, 10 000 теңгелік банкноттар дизайны жағынан байқауларда үздік атанып, жоғары бағаланды. Тағы бір айтатыны, теңгемізді қолдан жасау мүмкін емес. Бұл да болса, сапасының жоғары екенін білдірсе керек.
Ұлттық валютаның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында «Теңге – Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты көрме ашылды. Экспозицияға 300-ден астам экспонат қойылған. Оның ішінде ұлттық валютаның қалыптасу кезеңінен бастап, құнды құжаттар, фото және бейнематериалдарды көруге болады.
Төл теңгемізге деген құрмет ел тәуелсіздігіне деген құрмет дейтін болсақ, ел өңірлерінде теңгені ұлықтауға арналған бірқатар іс-шаралардың өткізіліп жатқанынан хабардармыз. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында да Ұлттық банктің облыстық филиалы ғимараты маңынан төл теңгемізге арналған ескерткіш ашылғаны белгілі. 2013 жылы ұлттық валютамыздың 20 жылдығына орай Тараз қаласында Теңгеге ескерткіш қойылды. Себебі, Қазақстанның теңгесі ең алғаш айналымға түскен жер осы Тараз қаласы болатын. Ұлыбританияда әзірленген ұлттық валютамыздың алғашқы легі тікелей рейспен Тараз қаласына (ол кездегі атауы Жамбыл) жеткізіліп, теңге Қазақстанның басқа өңірлеріне дәл осы қаладан тараған.
Төл теңгеміздің тәуелсіздіктің аса бір қиын жылдарында қолданысқа енгізілгенін ескерсек, барлық өңірлерде бұл жағдай аса құпия ұсталғаны белгілі. Теңгені алғаш қолданысқа енгізуге атсалысқан жауапты тұлғалардың қатарында банк, қаржы саласының қызметкерлері болғаны белгілі. Осы орайда ауданымызда кеңестік кезең тұсында банк және қаржы саласында, ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бастап өмірінің соңына дейін аудандық қазынашылық басқармасына басшылық жасаған азамат, марқұм Манатбек Сырымбетов 2018 жылы газетіміздің тілшісіне берген сұхбатында теңгенің айналымға енуі туралы әңгімелеп берген еді.
Бүкіл саналы ғұмырын қаржы, банк саласының жұмысына арнап, осы қызметтен зейнеткерлікке шыққан ардагер Манатбек Нұрғалиұлы нақты фактілерді алға тарта отырып, теңгенің айналымға енуі өте шұғыл әрі құпия болғанын, ескі рубльдің теңгеге айырбасталу процесін, алғашқы кезде төл теңгенің өте құнды болғанын айтқан еді.
Міне, биыл Ұлттық валютамыз – төл теңгенің айналымға енгізілгеніне 28 жыл. Иә, осы уақыт аралығында төл теңгеміз бірде, нығайып, бірде құлдырап дегендей түрлі жағдайларды басынан өткізіп келеді. Дегенмен, 30 жылдан бері өз алдымызға егемен ел болдық. Ел тәуелсіздігін айғақтайтын төл теңгеміз бар. Қаржы мәселесінде басқа елдерге жалтақтайтындай жағдайымыз жоқ. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің экономикасы бірнеше есе дамып, өңірлерде денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтің әлеуетін арттыру, тағы басқа салаларда көптеген ірі-ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Мұның бәрі еліміздің әлеуетінің жоғары екенін білдірсе керек. Міне, төл теңгеміздің де тарихы тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты.