El іshі

Дарынды бала Марғұлан

«Бурабай» шипажайы аумағында ауылдың дарынды балаларына  арналған ерекше пансионат-мектеп ашылған. Халықаралық талаптар мен стандарттарға сай бой көтерген білім ордасында білім беру үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген. «IQanat High School of Burabay» мектебінде еліміздің барлық өңірінен іріктелген дарынды балалар оқитын болады. Тұңғыш Президенті Қоры тарапынан ұсынылған гранттар мен  қазақстандық бизнесмендернің қаржылық қолдауының арқасында мектептегі оқу тегін. Аталған пенсионат-мектепке физика, математика және ағылшын тілінен өтетін «Iqanat» республикалық олимпиадасының жеңімпаздары білім алатын болады.

Аталған мектепке үлгерімі жақсы оқушылар іріктеліп алынады. Онда бірқатар пәндер ағылшын тілінде, басқалары қазақ және орыс тілінде оқытылады екен. Білім ордасын аяқтағаннан кейін мектеп түлектері еліміздің, сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болады.

Ауыл мектептеріне арналған Республикалық «IQanat» олимпиадасының республикалық кезеңінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданы білім бөліміне қарасты №10 Күреңбел орта мектебінің 8 сынып оқушысы Марғұлан Аманбек «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде тегін оқу грантын ұтып алды. Ауданымыз үшін жақсы жаңалықты естіген соң, Марғұланмен тілдесіп, онымен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Марғұлан Күреңбел ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Артынан ерген үш інісі мен бір қарындасы бар. Әкесі Руслан Жапаров шаруа қожалықпен айналысса, анасы Гүлшат Бердалиева  тарих пәнінің мұғалімі.

Анасының айтуынша, Марғұлан мектептегі үздік оқушылардың қатарында. Тәртібі де жақсы. Бойында зеректігі мен ақылдылығы, білімге құштарлығы ерекше. Бос уақытында бала күнінен сурет салып, мүсін жасайтын өнері де болған. Кейіннен қызығушылығы дүниежүзі елдерінің тарихын зерттеуге ауысып, өзін үнемі осы салада дамытып отырады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, ата-анасы да тұңғыш ұлдарының қабілетін байқап қолдаса, ұстаздары оқушыларының дарындылығын жақсы бағалайды.

Марғұланның мақсаты – ата-анасының үмітін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай жақсы тапсыру, жоғары оқу орнына түсу. Кітап көбірек оқып, спортпен шұғылдану, дұрыс демала білу.

-Мен бұл байқаудың жеңімпазы боламын деп ойламадым. Оған тек өз  білімімді тексеріп, өзімді сынап көру үшін, жеңу үшін қатыстым. Бастапқыда бұл байқаудың ауқымды екенін, IQHSB мектебі жайлы білмедім. Олимпиада сұрақтары күрделі болды. Дегенмен де біліміме сеніп, одан жоғары балл жинаған соң мектепке түсуге емтихан тапсырдым. Емтиханда логикалық тапсырлар келді. Одан да жақсы балл жинап, тегін грант ұтып алдым. Байқаудың жеңімпазы болғаным үшін маған үшінші кезеңге өткендігімді растайтын және үш кезеңнің жеңімпазы деген марапаттар берілді. Яғни, IQHSB мектебінің болашақ оқушысы атандым.

Жарыс Қапшағайдағы «Балдәурен» лагерінде өтті. Үш күн Қапшағайда  жеті күн Қаскелеңде болдым.

Байқауда жеңімпаз атанғанда қобалжу болды. Осы сайыстан өзіңе деген сенімділікті және өткенге өкінбеуді үйрендім. Алдағы уақытта жалпы білімімді дамытып, болашақ мамандығымды дұрыс таңдаймын деп ойлаймын. Өйткені, мен әлі қандай мамандық иесі болатынымды шешпедім.

Алматы қаласындағы ғылым мұражайына барып, тарихи жазбалармен, жануарлардың ежелгі мүсіндерін араладық. Саяхат әсерлі әрі қызықты өтті. Білмегенімді біліп, керекті ақпараттар алдық.

Мен тарих пәнін сүйіп оқимын. Себебі, мен әр елдің тарихына, оны басқарған билеушілердің өміріне және шыны керек әлем елдері арасында болған соғыстарды зерделеуге қызығамын. Тарихи соғыстардың зардаптарын, әкелген қиыншылықтарын зерттеп оқимын. Әлемдегі тың, қызықты мәліметтерді үнемі ізденіп, оқып жүремін. Әсіресе, өзіміздің еліміздің тарихымен бірге дүниежүзінің тарихы мені қатты қызықтырады.

Болашақ біздің, білімді жастардың қолында. Әсіресе, білімділердің. Себебі, жастар білімді болса, еліміз дамиды, жаңарады. Осы ретте, ата-анамның мені әрдайым қолдауының және болашаққа жол таңдауыма бағыт-бағдар береуінің арқасында білімімді шыңдап, өз елімнің дамуына өзіндік үлесімді қосатыныма сенімдімін, – дейді Марғұлан.

Жүзден жүйрік болып топ жарып шыққан Марғұланның жеңісіне барша жуалылықтардың қуанары сөзсіз. Лайым осындай зерек, білімге құштар жастар көп болғай!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close