El іshі
Ұлы далаға мың тағзым!
Жәміл Алекпаров,
еңбек ардагері.
Шақпақата ауылының тұрғыны
-1 наурыз – Алғыс айту күні біз үшін өте маңызды әрі бір-бірімізге алғыс айтып, ыстық ықылас білдіретін мереке болып саналады. Осынау маңызды мерекені биылғы жылы бесінші мәрте атап өткелі отырмыз.
«Тағдырдың кім көнбейді салғанына» демекші, біздің әзірбайжан халқының бірсыпырасы сонау отызыншы жылдары тарихи Отанымыздан қасиетті қазақ жеріне жер аударылған болатын. Осында ең алғаш болып менің бабам Жабрайыл және әкем келген. Онда мен есімді білмеймін, небәрі екі жастағы сәбимін. Бұл 1938 жылдың қысы болса керек. Бабам Жабрайыл әзірбайжандардың және жергілікті тұрғындардың арасында өте беделді кісі болатын. Бабам шариғатты да жақсы білетін. Ұзақ жасап, 114 жасқа келгенше ғұмыр кешіп, 1993 жылы өмірден озды. Олардың көрген бейнеттері мен қиыншылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Біздің отбасымыз алғашында Ынтымақ ауылында тұрдық. Қазір де сондағы ағайындармен, жергілікті қазақтармен тығыз байланыста тұрамыз. Бізге алғаш жер аударылып келгенде көмек көрсеткен қазақ халқына мың алғыс айтамын. Олар шын мәнінде бізді сыйлады. Бір үйдің баласындай тату тұрдық. Отбасымыз өсіп, өркендеп келе жатырмыз. Қазір де сыйластығымызға сызат түскен емес. Ас-жиындарға үнемі шақырып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, жер бетінде қазақ халқындай қонақжай халық кемде-кем. Кеңпейіл, бейбітсүйгіш қазақ бауырларға, тәуелсіз Қазақ еліне өсу мен өркендеу тілеймін.
Бізге қысылғанда ұлы дала қорған, қиыншылықта қазақ халқы қалқан бола білді. Сол себептен ұлы далаға, қазақ дейтін ұлы халыққа тағзым етеміз.
Банати Ибрагимова,
жеке кәсіпкер.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны
– Қасиетті қазақ жерінде тағдыр тоғыстырған шешен халқы алғыс айту күнінде барша отандастарымызға алғыс білдіреміз. Әлбетте, ең алдымен қиын-қыстау жылдары бізге қол ұшын беріп, үйлеріне паналатқан қазақ халқына шын жүрегімізден рақметімізді жеткіземіз.
Өзіме келер болсам, көп жылдан бері мейрамхана бизнесімен тұрақты айналысып келемін. Мен басқарып отырған «Ибрагимова Б.» жеке кәсіпкерлігінде барлығы 15 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде, қазақ, шешен, орыс, әзірбайжан, татар ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай татулықта еңбек етіп, отбасыларын асырап отыр. Бұл – біздің елдегі ұйысқан ынтымақ пен татулықтың белгісі. Бұл – Елбасы саясатының жемісі. Бұл – әлем елдеріне үлгі етіп тарататын құндылық деп білемін.
Зувайда Мажитова,
«Бахор» өзбек этномәдени орталығының төрайымы
– Біздің елде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық қарым-қатынастың берік болуын қамтамасыз етуге арналған бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс жасайды. Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жылдығы.
Бұл күннің 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен қатар келуі де кездейсоқтық емес. Ұлт болашағын, ел қамын, халықтар достығын арыдан болжайтын кемеңгер көшбасшымыз, еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ғана мұндай айтулы күнді атап өтіп жатырмыз. Татулық, ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастар, бұл бір күннің ғана шаруасы емес, күнделікті сақтап отыратын, бойтұмарымыз сияқты қадірлейтін салтымыз болмақ.
Өзбек ұлтының өкілдері Қазақстанды мекен еткеніне біраз ғасырлардың жүзі болды. Ортақ Отанымыз болған Қазақ елінің жарқын болашағы мен өркендеуі жолында «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып еңбек етіп келеміз. Ендеше, сан ұлттардың баласын бауырына басқан Қазақ елінде әрдайым тыныштық, бейбітшілік салтанат құра берсін. Ауызбіршілігіміз бен сыйластығымызға сызат түспесін деп тілейік.