El іshі

Отанды сүю – міндетім, Отанды қорғау – парызым!

Қазақстан  Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы және міндеті.  Әскери  қызмет – егемендікті, аумақтық тұтастықты, қауіпсіздікті қорғауды тікелей қамтамасыз етеді.

Мемлекеттің айбыны – Қарулы Күштер қатарындағы сарбаз саны мен оның қаншалықты жасақталғанымен өлшенеді.

Оған қоса заманауи әскер туралы ел аузында түрлі әңгімелер бар. Көпшілік қауым жігіттердің әскерден кейін қалай өзгеретіндігін айтып жатады.

Біз бүгін әскери міндетін аман-есен өтеп келген жас сарбаз Думан Рашидұлы туралы айтпақпыз.

Думан Өмірзақов Көлбастау ауылында  дүниеге келген. Ауылдағы №13 А.Гайдар атындағы (қазіргі А.Байтұрсынов) орта мектепте оқыған.  2017 жылы мектеп бітіріп Тараз қаласындағы  Теміржол колледжіне «Электравоз машинистінің көмекшісі» мамандығына оқуға түсіп, 2020 жылы диплом алады. Сол жылы шілде айында  Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы 40398 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

-Бүгінде әскерге баруға ұмтылмақ түгіл, әскерден қашатын жастар бар. Қазіргі жастар әскери өмірдегі қиыншылықты көргілері келмейді. Бірақ әскерге бару әр азаматтың борышы деп ойлаймын.

Мен коллежді бітіріп қолыма диплом алып, өз мамандығыммен жұмысқа орналасамын деп жүргенімде, әскерге шақырту алдым. Басында қатты қобалжыдым. Өйткені теледидардан әскери өмірдегі неше түрлі жаңалықтарды көресің. Сол кезде адамда әскерге деген басқаша түсінік пайда болады. Бірақ ата-анам маған үлкен қолдау көрсетті. Олар: «балам бұл сенің Отан алдындағы міндетің, борышың» деп маған күш-жігер берді.

Ата-анамның қолдауымен өзіме деген сенімім пайда болды. Әскери борышымды Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласында 40398 әскери бөлімінде өтедім. Ол жерде мен  бірінші мотоатқыштар батальонында механик жүргізуші болдым. Әскерге менімен бірге Жамбыл облысынан 40 жас сарбаз аттанды. Әскери бөлімдегі ант қабылдау рәсімі карантиндік талаптарға сай онлайн түрде өткізілді.

Әскерде жүргенде, ата-анамның, бауырымның, достарымның қадірін түсіндім. Судың, тамақтың, тіпті киген киіміңнің де қадірі бар екенін ұғындым. Шыңдалып, шынықтым. Ұйқыдан оянған соң, төсекте керіліп жату деген жоқ. 40 секундта тастай боп киініп, сақадай-сай тұруға жаттықтым. Әскери өмірдің пайдасы зор екенін айтқым келеді. Әрбір ер азаматқа әр жақын, жанашыр жанның қадір-қасиетін ұқтыратын, ол – әскери өмір.

Әскерде көптеген достар таптым. Оларды басқа достарыма қарағанда жақын көремін. Өйткені олармен әскерде бір жыл бірге қиналдық, бірге қуандық, бір нанды бөлісіп жедік.  Бір жылда бір-бірімізді жақсы тани білдік,-дейді жас сарбаз.

Күндер сырғып, бір жыл тез өтіп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскери өмір де аяқталып, жас сарбаз Думан 2021 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып,туған жеріне аман- есен оралды.

Сарбаз бір жыл ішінде әскери мамандықтарды игеріп, жауынгерлік дайындықта жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Сондай-ақ, олар оқу-жаттығуларда жоғары жауынгерлік шеберлік көрсетеді.

«Біз бір жылда нағыз батылдық пен ер азаматқа тән мінездің сынағынан өттік. Өмірлік ұстанымымызды қайта қарастырдық. Командирлер әрқашан қасымыздан табылып, қолдау көрсетті. Ақыл-кеңесін берді. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға сәйкес шығарып салу салтанатты түрде өткізілмеді, алайда әскери дәстүрлі рәсімдер ұйымдастырылды. Мерзімді әскери қызметтегі әскери бөлімдердің жауынгерлік туымен қоштасып, алаңда салтанатты саптық шерумен жүріп өттік. Жөнелту кезінде бізді, яғни сарбаздарды  медициналық бетпердемен және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етті» – дейді Думан Рашидұлы.

Думан отбасында бес ағайынды. Төрт ұл мен бір қыз. Ол үйдегі төрт ұлдың екіншісі. Думан кішкентайынан бауырмашыл болып өскен. Қазір де туған туыстары десе ішкен асын жерге қойып, көмектесуге дайын тұрады.

Отбасында ата-анасы және қарт әжесімен бірге тұрады. Әкесі де, анасы да кәсіпкерлікпен айналысады.

 

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close