El іshі
АУЫЛҒА ҚАМҚОР АЗАМАТ
Мұсахан Есболұлы Байдосовты Алатаудың етегінде отырған ауылдардың арасында білмейтін адам кемде-кем. Ол осы өңірде елінің дамуы жолында бел шешпей еңбек етіп, зейнет демалысына шыққаннан кейін ауылдағы ардагерлер алқасын басқарып, шаршы ағайынның мұңы мен зарының алысқа жетуіне үлес қосқан жанашыр азаматтың бірі болғанын бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу жанның бәрі біледі. Көпті көрген, өмірден түйгені мол ақсақал жасына жеткен Мұсекең қазір де жұрттың проблемасын шешуден, қиюы келмей тұрған тірлікті түзетуден, ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға салудан жалыққан емес.
Әсіресе, 2012 жылы ауылға табиғи газ кіргізілгенде, аудан басшылығы жіберген мердігермен ашық айқасқа түсіп, олардың халықтың қалтасын қағып, газ құбырына қымбат бағаға келісілген шартын бұздырды. Ауылдың бірнеше бас көтерер азаматын бастап, облыстың сол тұстағы әкімі Қанат Бозымбаевтың қабылдауында болған. Қанат Алдабергенұлы сонда Мұсекеңдердің дәлелді уәждеріне мұқият тыңдап, газ құбыры 2-3 есеге арзан кіргізілді.
1948 жылы бұрынғы Андреевка, қазіргі Алатау ауылында дүние есігін ашқан Мұсахан Есболұлының балалық шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңге тап болды. Халықтың әлі тойына қоймаған, ішер ас пен киер киімге жарымаған кезі еді. Сегізжылдық мектепті бітірген балаң жігіт Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1962 жылы «Бастауыш мектеп мұғалімі» мамандығын алып шығады.
-Оқу орнының жолдамасымен Талас ауданындағы «Үшарал» қаракөл қой совхозында бір жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Сол арада елде қалған анамның денсаулығы нашарлап, қайтадан Андреевкаға келіп, Буденный атындағы бастауыш мектепке ауыстым. Мұнда үш жыл жұмыс істедім, – деп еске алады кейіпкеріміз.
Мұсекең шыр етіп, жарық дүниеге келгелі мейірбан қамқоршысы болған анасының жағдайына қатты алаңдайтын. Үйелмелі-сүйелмелі болса, бір сәрі, жалғанда көрген жалғызын өсіріп, жеткізіп, қалайда ел қатарына қосамын деп күні-түні ұйқы көрмей, бейнетке белшесінен батып жүрген анасының жағдайы жыл санап нашарлай берді.
Ол казде Андреевка ауылы «Бурный» әскери кеңшарының бір бөлімшесі еді. Қорғаныс ведомствосына қарағандықтан, мұнда темірдей тәртіп орнаған. Коммунизмнің «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген қағидаты дәуірлеп тұрған шақ. Сондықтан да адамдар жылдың қай мезгілінде болсын, бір бел жазып, дамыл таппайтын.
1971 жылы Мұсекең анасын алып, Жамбыл қаласына көшеді. Қаладағы «ДЭСУ-461» жол пайдалану мекемесіне қатардағы құрылысшы болып жұмысқа кіреді. Кәсіпорын директоры кәріс азамат еді. Басшының тапсырған әрбір ісіне мұқият қарап, өзінің еңбекқорлығын, жауаптылығын көрсете білді. Мұсаханның бойынан осындай асыл қасиетті байқаған басшы оны тиісті оқуы болмаса да, жұмысшыдан шебердің көмекшісі етіп жоғарылатады. Кейіннен Семей жол құрылысы техникумының Алматыдағы бөлімшесіне оқуға жібереді. Бас-аяғы бірер жылда алдыңғы қатарлы жұмысшы ретінде Германия Демократиялық Республикасындағы, Мәскеудегі Халық жетістіктері көрмелеріне қатысып қайтады.
Мұсахан Байдосов 1973 жылғы желтоқсан айында отбасы жағдайына байланысты Жуалыға қайта оралып, аудан орталығындағы «ДЭСУ-323» мекемесіне жұмысқа орналасады. Кәсіпорын басшысы Балтабай Нұркеев білім мен тәжірибесі толысып, жалындап тұрған жасты жаңадан салынып жатқан «Бурный-Грозный» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын жүргізуге жібереді.
Мұсахан Есболұлының қарамағында Кастальевка (қазіргі Қосбөлтек) ауылынан Андреевка (Алатау) ауылына дейінгі жолдар қарайтын. Ол осында асфальт жамылғысының сапалы төселуін, жолдың пайдалануға берілуін қадағалайтын. Бұл ауылдардың арасында бұрын қиыршық тас төселген қара жол болатын. Сол жылдары оның басшылығымен туған ауылы Андреевкаға, одан кейін ауылдың орталық көшесіне жол салынып, пайдалануға берілді. Асфальт жолдың салынуы шаруашылықтар арасындағы байланыстың нығаюына, жүк тасымалының артуына септігін тигізді.
1976 жылы Мұсахан Байдосов «Бурный» әскери совхозының №4 бөлімшесіне механизатор болып ауысты. Трактор мен комбайнды қабат тізгіндеген ол науқандық жұмыстардың бел ортасынан табыла білді. 1982 жылы осы учаскеде жүріп, егіс бригадасының бригадирлігіне дейінгі еңбек сатысынан өтіп, шыңдала түседі. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, бөлімшенің партия тобының, цехтық партия ұйымының хатшысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде еңбекшілердің құқықтарының қорғалуына үлесін қосты.
Содан Мұсекең әскери кеңшар тараған 1998 жылға дейін арада өткен 22 жылда табан аудармастан бөлімше меңгерушісі болып адал еңбек етті. Дәл осы тұста әскери кеңшар банкрот болып танылып, 1999 жылы ол аудан орталығындағы «Алтын дән» АҚ-на (бұрынғы заготзерно) агроном болып шақырылады. Бұл мекемеде 2005 жылға дейін жұмыс істейді. Келесі жылы «Ақсай» су шаруашылығы мекемесіне бақылаушы болып жұмысқа орналасып, онда зейнет демалысына шыққанға дейін еңбек етті.
Мұсахан Байдосов 1969 жылы Күлзахира Есенаманқызымен шаңырақ көтеріп, өмірге он ұл-қыз әкелді. Қазір Мұсахан мен Күлзахира алты ұлы мен үш қызынан 32 немере, төрт шөбере сүйіп отырған ардақты әулет иелері. Үлкен қызы Перизат білім беру саласында ұстаз, Гүлзат та өз кәсібінің маманы, ұлдары Жасұлан, Медет кәсіпкерлік саласында еңбек етсе, Ізетбек әскери қызметкер, Еркебұлан ауыл мектебінде кіші техникалық қызметші. Мұсекең мен Күлзахира кенже ұлы Абзал мен келіні Инабаттың қолында тұрады. Абзал Ақсай су шаруашылығы басқармасында су өлшеуші, ал Инабат мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
Мұсекеңнің еңбектегі жеткен жетістіктері атаусыз қалған жоқ. Жұмыс істеген мекемелерінен жыл құрғатпай, Алғысхаттар мен Құрмет грамоталар, бағалы сыйлықтар алып жүрді. Есімі кәсіпорынның Құрмет тақтасына жазылды. Бертінде, 2017 жылы облыс ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай төсбелгімен, 2018 жылы ауданның құрылғанына 90 жыл толуы құрметіне төсбелгімен марапатталды.
Ауылдық округтің жергілікті қоғамдастығының мүшесі ретінде Мұсахан Байдосов ауылдағы белсенді азаматтармен бірге үнемі салынып жатқан құрылыстың іргетасы қаланғаннан бастап басы-қасында жүреді.
– Мемлекет қаржысына тұрғызылған кез келген нысан, ол газ немесе ауызсу құбыры болсын, ғимарат болсын, ауыл халқына қызмет етуі тиіс. Мердігер ұйымдар өзіне жеңіл жағын іздейді. Бақылау болмаса, нысан құрылысына арзан сапасыз материалды салып жібереді. Пайдалануға беру уақытын кешеуілдетеді. Ал, оларды бақылап, қадағалап отыратын ауыл азаматтары болса, олай істей алмайды. Біз олардың жұмысына кедергі келтірмейміз, қайта ақыл-кеңесімізді қосып, ел игілігі үшін жасалған дүниенің жарамды, ұзақ қызмет еткенін қалар едік, – дейді Мұсахан Байдосов.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тоқтағұл Құдайқұлов алқа мүшелерінің таяудағы басқосуында саналы ғұмырын өңірдің өсіп-өркендеуі жолына арнаған, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған жаны жайсаң, өмірден түйгені мол Мұсахан Байдосовты «Ауданның Құрметті азаматы» атағына ұсыну туралы бірауыздан шешім еткенін айтады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»