El іshі
Ұлттық тәрбиемен сусындаған
«Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп көрнекті педагог, алғашқы қазақ мектебінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, әр отбасындағы балаға берілген жақсы тәлім-тәрбие оның жақсы тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Яғни, отбасында сыйластықтан, ынтымақтан, сүйіспеншілік пен адамгершіліктен, басқа да адами жоғары қасиеттерден нәр алып өскен жан өсе келе жан-жақты жетілген ізгі тұлғаның біріне айналады. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген мұндай асыл қасиеттер әрбір шаңырақтан табылса, еліміздің көсегесі көгерері сөзсіз.
Отбасы бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекерге айтылмаса керек. Адам баласы өмірді отбасы арқылы таниды. Ең маңыздысы, танымды бала жанұядан алады.
Отбасы – адамның рухани құндылықты бойына сіңіретін ортасы. Осы ретте, Көлбастау ауылында бірлігі мен ынтымағы жарасқан, тәрбиелі де саналы ұрпақ өсіріп отырған Қабылбековтер отбасы тұрады. Отағасы Жанкелді Қабылбеков бұрынғы Кеңес ауылының тумасы. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген оның әкесі Тұрдықұл еңбек ардагері, өмірін есепші мамандығына арнаған жан екен. Сабырлы, байсалды, сыйлы қарттардың бірі болған. Анасы колхозда әртүрлі жұмыстар істеп, отбасының ұйытқысы болған.
Жанкелді орта мектепті тамамдаған соң, Шақпақтағы орта кәсіптік-техникалық училищеде оқиды. Одан кейін 1981-1983 жылдары Отан алдындағы борышын Ресейдің Хабаров өлкесінде өтеп келеді. Әскерден елге оралғаннан кейін Алматы қаласындағы технологиялық техникумды техник-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оны оқу орнынан Қызылорда облысындағы Байқоңыр жеріне тәжірибеден өтуге жібереді.
Еңбекпен шыңдалған жас жігіт 1990 жылы түлкібастық Гүлмира Желдібаевамен отау құрады. Қазіргі таңда ол “Нұрлы-солар” күн электр стансасында жұмыс істейді.
– Өзім көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өстім. Жеті ағайындымыз. Мен үйдің екіншісімін. Отбасымызда әкеміз өте байсалды жан болатын. Ең бастысы, адалдық, тазалықты қалайтын. Әрдайым өзгеге көмек қолын созып, барын беруге дайын тұратын жан болатын. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Әкеміздің салған ізімен біз де адалдықты, қарапайымдылықты, көпшілдікті ту етіп өстік. Анам колхозда әртүрлі жұмыстар істеді. Жұмыс істеумен қатар, үйдің ұйытқысы болып, бізге жақсы тәлім-тәрбие берді.
Біз бала тәрбиесіне де қатты араласпадық. Ата-анамызбен бірге тұрғандықтан, балаларымызға солар қарады. Жұбайым екеуміз жұмысбастылықпен перзенттерімізді ата-анамызға сеніп тапсырған болатынбыз. Шүкір, әкеміз бен анамыздың берген жақсы тәлім-тәрбиесінің арқасында балаларымыздың барлығы тәрбиелі, білімге, еңбекқорлыққа, жақын болып өсті. Мен де әке ретінде олардың осындай жан болғанын мақтан тұтамын. Бәрі де біздің жанұяның бірлігі мен ауызбіршілігінен. Сайып келгенде, ұлттық тәрбиені ұрпағына дарытқан қазыналы қарттардың әр жанұяда орны ерекше. Берер тәлімі мен айтар ақылы, сілтер жолы өзгеше, – дейді отағасы Жангелді Тұрдықұлұлы.
Ал, отанасы Гүлмира Битөреқызы да көпбалалы отбасынан шыққан. Бала күннен әкеден ерте айырылып, анасы Зеркүл жеті баланы тәрбиелеп, өсіріп, құтты орындарында қондырады.
– Өзім жетімдікті көріп өстім. Өмірде анамыз бен ағамызға айтар алғысым шексіз. Бізді ешкімнен кем қылмай, өсіріп бақты. Бойжетіп, осы әулетке келін болып түстім. Киелі қара шаңырақтың ақ босағасын аттап, үйдің екінші келіні атандым. Ата-енем өте қарапайым, қадірлі, жанашыр адамдар еді. Мені өз қыздарындай қабылдап, ортаға сіңісіп кетуіме көмектесті. Білмегенімді үйретті. Ата-енем өмірбақи бізбен бірге тұрды. Бір жаман сөз айтып, ұрысқан емес. Балаларымды да азамат болып қалыптастырған сол кісілер. Біздің ауызбіршілігіміз, өзара сыйластығымыз нық орнаған, – деген отанасы әр жанұяда ынтымақ орнап, сыйластықта өмір сүрген абзалырақ дейді.
Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі, институты – қазыналы қарттарымыз екені белгілі. Осы ретте, ұлттық тәрбиемен сусындаған Қабылбековтер жанұясында екі ұл, бір қыз дүниеге келген. Үйдің тұңғышы Жасұлан білімге ден қойған, яғни ең алғаш Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін металлург инженер мамандығы бойынша бітіреді. Одан кейін Мәскеудегі Ұлттық зерттеу-технологиялық университетінде білім шыңдап, оқу орны Жасұланның ата-анасына үлгілі тәртібі мен жақсы үлгерімі үшін Алғысхаттар жібереді.
Қазіргі таңда тұңғыштары Алматы қаласында «Қазақзергер» акционерлік қоғамында бағалы металлдар мен бағалы тастардың жетекші маманы болып жұмыс істейді. Отбасылы. Жұбайы Жадыра екеуі бір қыз, бір ұл сүйіп отыр. Ал, екінші перзенттері Перизат Талдықорған қаласында тұрмыста. Ол Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде полиграфия мамандығы бойынша білім алған. Ал, үйдің кенжесі Еламан болса, замануи технологияларға жаны жақын. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен ақпараттық жүйелер мамандығын алып шыққан. Бүгінде Алматы қаласында «Прайм сорс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ІТ-маманы ретінде қызмет етуде.
– Бала күннен ата-апамның қолында өстім. Көбінесе ата-апамның баласымын деп айтамын. Себебі, біздің әулеттің ауызбіршілігін орнатып кеткен жандар. Менің білімге ден қоюыма септігін тигізген ардақтыларым. Әрине, өз ата-анам да мен үшін қымбат. Олардың берген тәрбиесі мен өсиеттерінің жөні бөлек. Дегенменде апамның ынтымақтарыңды сақтаңдар, бөлінбеңдер, бір болыңдар деген сөздері санамызда жаттаулы тұр. Атамыз да сабырлығымен тура жол көрсетіп, жақсы адам болуымызға біркісідей атсалысты. Мәскеуде оқуымды әулетіміздегі ағайындардың көмегімен аяқтап шықтым. Қазақта «ағайын көп болса, ат көп» сөздің төркінінде көпшіліктің көмегімен, ағайынның бауырмалдығымен алынбайтын асу болмайтынын түсіндім, – дейді үйдің тұңғышы Жасұлан.
Иә, кез келген жанұяда берекелі бірлік пен сүйіспеншілік, бауырмалдық орнауы ата-анадан берілген тәрбиеге байланысты. Қабылбековтер жанұясының үлкенді-кіші мүшелері ұлттық тәрбиемен сусындап, ата-ананың ақ батасын алған жандар. Батамен көгеріп, өніп-өсіп, еңбек етіп жатқан қарапайым отбасы. Ендеше, Қабылбековтер шаңырағына береке, ынтымақ пен сыйластық мәңгі орнауына шын жүректен тілектеспіз.
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»