El іshі
Бейбітшілікті қастерлеу – Басты құндылығымыз
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында еліміздің тәуелсіздік алып қалыптасуы, тәуелсіздік жолында кездескен қиындықтар мен соның нәтижесіндегі жарқын жеңістер туралы нақты деректер мен мысалдар жеткілікті. Елбасының кітабында бейбітшілік пен ішкі саясат, ұлттар татулығы туралы да арнайы тарауда баяндалған.
Атап айтсақ: «Ұлтаралық келісімнің дара үлгісінің қалыптасуы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы жас та тәуелсіз мемлекетті басқару – әлбетте, бұрынғы Кеңес Одағында ешкім арнайы үйретпеген ғылым. Маған білім мен тәжірибенің қайнар көзіне айналып, мінез-құлқымды қалыптастырған, көзқарасымды кеңейткен өмірдің ауыр университетінен өтуге тура келді. Басқаша айтқанда, мен мемлекеттік маңызы бар қиын міндеттерді шешуге және төңірегіме миллиондарды жинауға қабілетті, жауапты адам болып қалыптастым. Алғашқы еңбек жолымды Қарметкомбинаттың көпұлтты жұмысшылар ұжымында бастаған мен жас күнімнен жеке-дара емес, көпшілікпен бірге атқарылған істің жеңіске бастайтынына әбден көз жеткіздім.
Қазір, арада әжептәуір уақыт өткен соң, қалыптасудың алғашқы кезеңінен дәл сондай өзара берік сенімнің арқасында ғана мүдірмей өткенімізді ризашылықпен еске аламын. Осылайша бізге этностық және діни алауыздықтардың алдын алып, ұлттық апатқа жол бермеудің сәті түсті. Одақ ыдыраған алмағайып кезеңде Қазақстан өзінің ішкі саясатының – бейбітшілік, келісім және бірлік – деген негізгі үш принципін қалыптастырды. Қазір айтуға жеңіл болғанмен, сол күрделі кезеңде оны жүзеге асыру әлдеқайда қиын болатын. Алайда нәтиже көзге ұрып тұр: біздің жас мемлекетіміз 126 ұлт өкілінің (1989 жылғы халық санағы) берекелі ортақ шаңырағына, туған Отанына айналды. Бұрынғы Балтық республикаларының көптеген тұрғындары КСРО құрамынан шыққаннан кейін азаматтық ала алмай және негізгі саяси құқықтарынан қағылып жатқан кезде, біз, этностық тегіне және мемлекеттік тілді білу деңгейіне қарамастан, барлық қазақстандықтардың саяси және азаматтық теңқұқылығын ресми түрде заңдастырдық. 1991 жылдың 10 желтоқсанында өз халқыма адалдыққа ант берген мен сайлау қазақтардың, орыстардың, украиндардың, корейлердің, немістердің және басқа да этностардың бауырластық қоғамдастығының қалыптасуының басы болғанын мәлімдедім»,- деген болатын Елбасы.
Нақты деректерге сүйенсек, 1992 жылы жасалған тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясы қазақ ұлтының бауырмалдық ниетінсіз, біріктірушілік қабілетінсіз жүзеге аспайтын, тұрақты азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім идеалдарын бекітті. Әртүрлі этностық тегіне қарамастан, елдің барлық тұрғындары ортақ шаңырақ астына біртұтас халық болып ұйыса алды. Дәл сол жолы Елбасы Н.Назарбаев алғаш рет шешуші диалог алаңы және этносаралық диалог тиімділігінің кепілі ретінде Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы стратегиялық бастамасын жариялады.
Еліміздің басқа да өңірлері сияқты қасиетті Әулиеата, Жамбыл жері көптеген этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Оның ішінде, өңірге қарасты Жуалы ауданында да бірқатар этнос өкілдері өзара татулық пен ынтымақта ғұмыр кешу үстінде. Ауданымыздың ең үлкен елді мекені саналатын Нұрлыкент ауылдық округінде де сегіз ұлттың өкілі тұрады. Округте 4556 тұрғын тіркелген. Атап айтқанда, кезінде орыс, неміс ұлттарының өкілдері Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары үдере көше бастағаны белгілі. Міне, содан бері олардың орнын жергілікті халықпен бірге шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастарымыз толтырып отыр. Ауылға көшіп келген қандастарымыздың дені Өзбекстан Республикасы және Түркіменстаннан. Олар өз кезегінде ауылдағы орыс, неміс, т.б. ұлт өкілдерімен татулықта тұрады. Қандастарымыз негізінен егін және бау-бақша шаруашылығымен айналысады.
Ауылдағы көпұлтты еңбек ұжымы ретінде «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атап айтуға болады. Көпұлтты елді мекеннің дамуына, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына серпін беріп отырған бұл серіктестіктің жұмысы туралы көп айтуға болады. Неміс ұлтының өкілі, іскер азамат Егор Кох басқаратын аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі саналатын аталған серіктестікке қарасты 2376 гектар егістік жері бар. Оның 600 гектарына күздік бидай егілсе, 700 гектарына мал азығы үшін көпжылдық шөп егілген. Одан бөлек, 200 гектарға дәндік жүгері, 270 гектарға сүрлемдік жүгері, 475 гектар алқапқа жаздық арпа себілсе, 30 гектарға рапс дақылы егілген. Осы уақытқа дейін 1253 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясы енгізілсе, биыл 250 гектарға үш жаңа суғару қондырғысы орнатылмақшы. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға, мал азығының берік қорын жасауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Шаруашылық негізінен сауынды сиыр және ірі қара бордақылау бағытында жұмыс істеуде. Ферма меңгерушісі Наталья Сенченконың айтуынша, мұндағы сауын сиырдың басы 400-ден асып жығылады екен. Одан бөлек, ірі қара және шошқа бордақылайтын бірнеше алаң орналасқан. Шаруашылық әу бастан-ақ замануи тәсілмен жұмыс жасауды қолға алған. Мысалы, сауынды сиырлар жыл он екі ай қорада ұсталып, бағылады. Олардан сауылатын сүтті молайту үшін жазда көк шөппен қатар құнарлы жем беріледі. Соның әсерінен болар, «Гамбург» ЖШС-дағы өндірілетін сүттің көлемі аудандағы басқа шаруашылықтарға қарағанда едәуір көп. Күнделікті сауылған сүт арнайы мұздатқышта сақталып, «Меркі ірімшік зауытына» жіберіледі.
«Гамбург» ЖШС-ның көпұлтты еңбек ұжымы екенін жоғарыда айтқанбыз. Серіктестікте орыс, неміс, украин, қырғыз, өзбек, т.б. ұлттардың өкілі бір үйдің баласындай татулықта еңбек ету үстінде. Серіктестік басшысының өзі Егор Кох неміс ұлтының өкілі болса, ферма меңгерушісі Наталья Сенченко, бригадир Евгения Пухова орыс ұлтынан. Жұмысшылардың ішінде немістер де бар.
Біз серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысуға барғанда кешкі сауынның уақытына дәл келген екенбіз. Сауыншылар сиыр саууға дайындалып жатыр екен. Сауыншылардың ішінде өзін қырғыз ұлтының өкілімін деп таныстырған тәжірибелі маман Райкүл Қырықбаеваның осында табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына биыл 30 жыл толып отыр екен. Одан бөлек, Күлпаршын Нұралиева, Айгүл Тоғызбаева, Айсана Қырықбаева, Айжан Сыдықова, Күлән Сейдуллаева, Фатима Күрішбаева, Гүлшат Алтаева, Ира Сенина фермада ұзақ жылдан бері тер төгіп келе жатқан сауыншылар. Әр сауыншы күніне 50 сиырға дейін сауатын көрінеді.
-Менің осы серіктестікте жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 30 жыл толды. Ұжымымыз көп ұлтты. Олардың барлығымен өзара түсінісіп, ынтымақ-бірлікте еңбек етіп келе жатырмыз. Мұнда әйелдер басым. Көбісі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіби мамандар. Алдымыз немере сүйген көпбалалы ана, әже атанып отырған жайымыз бар. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Бастысы, жұмыс іздеп алыс өңірлерге сандалып барып-келіп жатқан жоқпыз. Айлық жалақымызды уақтылы алып тұрамыз. Осы орайда серіктестік басшысы Егор Кохқа, басқа да басшыларға сауыншылардың атынан алғысымызды жеткіземіз. Жалақыдан бөлек отбасымызға да көмек көрсетіліп отырады.
Көпұлтты ұжым болған соң өзара жарастықта еңбек етіп жатқанымызға қуаныштымын. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақ күні құтты болсын. Аспанымыз ашық, әрбір күніміз нұрлы болсын. Ұлттар достығы арта берсін. Елімізде орнаған бейбітшіліктің, тыныштықтың қадіріне жете алсақ, барлығы жақсы болады деп санаймын,- дейді тәжірибелі сауыншы Райкүл Қырықбаева.
Татулық болған жерде тұрақтылық пен еңбек өнімділігі болатыны бесенеден белгілі. Осы орайда «Гамбург» ЖШС сияқты көпұлтты еңбек ұжымының өзара татулығы басқа да ұжымдарға үлгі болып қала бермек. Бейбітшілікті қастерлеу – біздің басты құндылығымыз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»