El іshі
ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ, ІСКЕР БАСШЫ
Мен осы мақаламды шындыққа жүгінуден бастауды жөн көріп отырмын. Неге? Әдетте, біз озық мектептерді, ұстаздарды, директорларды қаладан немесе аудан орталықтарынан іздей жүріп, солардың еңбегін көрсетуге ынтықпыз. Бұл түсінікті де. Өйткені, ол мектептер аудан орталығында орналасқандықтан, олармен жиі дидарласамыз. Содан да әрдайым оларға көңіл көп бөлінеді. Ал енді шындыққа жүгінер болсақ, марапатқа нағыз лайық ұстаздар, мектептер, оның басшылары ауылдарда да аз емес. Сондай мектеп директорларының бірі – педагогикалық жаңалықтарға сергек қарайтын №6 Александр Пушкин атындағы орта мектептің директоры Нұридин Нұрғабылов.Нұридин Куанышбайұлы 1975 жылы Ленин атындағы орта мектепті (қазіргі Күреңбел орта мектебі) бітіріп, сол жылы Жамбыл педагогикалық институтына түсіп, физика-математика факультетін 1979 жылы бітіріп шықты. Туған ауданына оралған соң еңбек жолын Братск орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып бастады.
Жас маман 1982 жылы Коммунистік партия қатарына өтті. 1982 жылы өзі түлеп ұшқан Күреңбел орта мектебіне ауысты. 1984 жылы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Іскер, жалындаған жас маманды аудандық білім бөліміндегілер көзден таса етпей, 1987 жылы шалғайдағы Кеңес ауылындағы (қазіргі Ертай ауылы) Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке басшы етіп тағайындады. Нұридиннің іскерлігі, өз ісіне деген адалдығы, ұйымдастырушылық қабілеті осы мектепте жарқырап көрінді. Ол келе сала, мектептің оқу-тәрбие процесіне жаңа оқыту жүйесін енгізді.
Аудан мектептерінің арасында бірінші болып, мектепте өлкетану мұражайын ұйымдастырды. Мектеп орналасқан Ертай ауылының ардагерлері, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер жауынгерлер, ауылдан түлеп ұшып ел басқарып отырған, ғылыммен айналысып жүрген азаматтар туралы деректер жинап, мұражай қорын толықтырды. 1988 жылы ауыл азаматтарының басын қосып, ауданда алғашқылардың бірі болып Наурыз тойын өткізуге мұрындық болды.
Мектеп оқушыларын жастайынан еңбекке баулу мақсатында қоян өсіріп, ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысты. Нұридин Қуанышбайұлының осы жылдары атқарған еңбегі, ашқан жаңалықтары елеусіз қалған емес. Атап айтқанда, ол 1991 жылы Қазақ КСР Халыққа білім беру министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы өзі түлеп ұшқан Күреңбел орта мектебіне басшылыққа ауыстырылды. Осы мерзім ішінде іргелі оқу орнында Нұридин Қуанышбайұлының басшылығымен көптеген ауыз толтырып айтуға болатын игілікті істер атқарылды. Күреңбел орта мектебінде алғаш рет аудан бойынша 1991-1992 оқу жылында оқу тәрбие үрдісіне халықтық педагогика тәсілі енгізілді.
Нұридин Нұрғабылов 1992 жылы облыста «Халықтық педагогика – бала тәрбиесінде» атты ғылыми-практикалық конференцияда өзінің іс-тәжірибесі туралы жасаған баяндамасы, іс-тәжірибесі мен жасаған көрмесі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Іскер басшы ұйымдастырған «Атамекен» бағдарламасы аудан көлеміне таратылып, насихатталды. Жаңашыл да, жігерлі жас басшы Н.Нұрғабыловтың тікелей жетекшілігімен мектепте уақыт талабына сай жаңа технологиямен сабақ беретін ұстаздар қатары көбейіп, білім сапасы жоғары көрсеткішке жетті. Мұғалімдердің оқу-тәрбие процесіне бақылау жасау және әдістемелік көмек көрсету мақсатында «рейтинг» жүйесі енгізілді. Бұл жұмыс өз нәтижесін берді. Аталған мектепте де «Өлкетану», «Даңқ» музейлері ұйымдастырылды. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау тұрғысынан алғанда бұл өлкетану, даңқ мұражайларының ашылуында үлкен мән бар еді.
1997 жылы Жамбыл облысының сол тұстағы әкімі болған Амалбек Тшановтың Нұридин Қуанышбайұлы басқарып отырған мектепке арнайы ат басын бұрып, атқарылған іске оң бағасын беруі елеулі жаңалық болды. Бұл елде экономикалық тұрақсыздық орнап, жаппай жұмыссыздық жайлап жатқан кез болатын. Міне, сондай қысылтаяң кезде де Нұридин Қуанышбайұлы мектеп өміріне жаңалық енгізуден бір жалыққан емес.
1998 жылы тәрбие үрдісін жетілдіру мақсатында мектепте 4-8 сыныптар арасында «Ұлан» ұйымы құрылып, тәжірибе облыс көлемінде кеңінен таратылды. Мектепте оқушылар арасынан өздері дауыс беріп сайлаған мектеп президентін, премьер- министрін, білім министрін, спорт және мәдениет министрлерін сайлап, оқу орнында өзін-өзі басқару жұмысы жақсы жолға қойылды. Оқушыларды өмірге бейімдеуде бұл жұмыстардың берері зор болды.
20 жылға жуық өмірін туған ауылындағы мектепте басшылық қызмет атқарған Нұридин Нұрғабылов мектеп ұстаздарының ғана емес, көптеген талантты балалардың дарынын ұштап, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген талай жастың өмірден өз орнын табуына ықпал етті.
«Жасыл ел» бағдарламасын қолдау, ауылдың өркендеуіне үлес қосу мақсатында Қуат Асабаев атындағы саябақтың ашылуына ықпал жасап, оған 450 түп алма, 3000-нан аса терек ағаштарын ектірді. Ол саябақ бүгінгі күні өз жемісін беріп тұр. Сол алманы өзі жемесе де, бүгінде ел игілігін көріп отыр. «Атадан мал қалмасын, тал қалсын» деп дана халқымыз айтқандай, бұл игілікті істің қайыры мол екені даусыз. Қазіргі таңда бұл саябақты ауыл тұрғындары «Нұридин бағы» деп те атайды.
Нұридин Қуанышбайұлы 2009 жылы №30 Көктөбе орта мектебіне ауыстырылды. Бұл мектепте 11 ай ғана жұмыс атқарды. Осы бір қысқа мерзімнің ішінде ол мұнда да өзінің іскерлігін тағы бір дәлелдеді. Мектепті кабинеттік жүйеге енгізді. Әр пәнге жеке кабинет арнап, оның безендірілуіне ауыл азаматтарын, ата-аналарды жұмылдырды. Ауылдың өркендеп дамуына белсене араласқан ауылдың құрметті азаматтарының есімдерін ауыл көшелеріне беруге атсалысты. Игі істердің ұйытқысы болып жүрген мектеп басшысына разы болған ауыл азаматтары да қолдан келген жәрдемдерін аяған емес. Ауылдың азаматтары өз аттарынан үздік оқитын, белсенді оқушыларға степендия беріп отырды.
«Жаксының жақсылығын айт – нұры тасысын» демей ме халық даналығы? Осы мектепте қызмет еткен аз уақытта 140 бастауыш сынып оқушысын тегін тамақпен қамтамасыз етті. Алма бағынан алма жинатып, кептіріп, мектеп асханасы сол алмалардан үлкен үзілісте әр балаға 200 гр. тосап пен тегін тәтті тағам үлестіріліп берілді. Ауыл ағасы Бауыржан Иманалиев деген азамат азық-түлікпен көмек беріп отырды
«Бір тал шапсаң, он тал ек!» демекші, Нұридин Қуанышбайұлы жүрген жерін тал-дарақ, гүлге толтыруды өмірлік кредо еткен жан. Оның басшылығымен мектептің айналасына 150 түп алма, 2000 түп терек отырғызылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы естен шығармайтын басшы бұл іске мектеп ұжымын жұмылдырған еді. Сол еңбек далаға кетпей қазір де өз жемісін беруде.
Оқушылардың білім сапасы мен мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жолында жаңалыққа жаны құмар жан Нұридин Қуанышбайұлы мектепті қазіргі заманауи құралдар мен жабдықтар, бірнеше кабинетке интерактивті тақталар қойдырды. Заман көшінен қалмауды мақсат еткен білікті басшы жүрген жерінде ең бірінші әдемілік пен тазалыққа, ұқыптылық пен жинақтылыққа аса мән беріп, баса назар аударады. Ұжымның, ата-аналардың көмегімен мектеп ішінің безендірілуіне үлкен мән береді. Мектептің ішіне кіреберістен бастап әр кабинетке гүл өсіргізді.
2010 жылы аудан орталығындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне ауысты. Көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмей, тозығы жетіп тұрған мектепті көріп, көңілі құлазыған Нұридин Нұрғабылов бірден өзінің бұрынғы іс-тәжірибесіне сүйеніп, ондағы барлық ұстаздар қауымын ұйымдастыра отырып, жөндеу жұмыстарына кірісті. Соның арқасында мектеп бірте-бірте жаңарып, жандана бастады. Тәрбие мен оқу процесі дұрыс жолға қойылды. Мектеп ұжымының жұмысқа деген құлшынысы артса, шәкірттердің білімге деген ынтасы күшейді. №2 Мыңбұлақ орта мектебін басқарған жылдары Батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойымен орайлас келіп, білімнің қара шаңырағы жаңа тың өзгерістермен назар аудартты.
Мектеп 2011 жылы «Ауыл мектебінің өмірі» атты республикалық байқауға қатысып, І орын иеленді. Осы жылдар ішінде білікті ұстаздар мен мектеп басшысының арқасында дарынды балалар анықталып, аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жатты.
Сол кездегі аудандық білім бөлімі басшылығының шешімімен 2012 жылғы желтоқсан айының аяғында Нұридин Қуанышбайұлы Қарасаз ауылында орналасқан №6 Александр Пушкин атындағы орта мектептің директоры қызметіне ауыстырылды. Бұл мектепте де шешімі күрделі болып қордаланған біраз мәселелер бар екен. Мектеп ұжымы мен ата-аналармен келісе отырып, бірте-бірте бұл мәселелердің де шешімін таба бастады.
Мектептің безендірілуіне мейлінше көңіл бөлініп, тез арада тиісті жұмыстар басталып та кетті. «Қалауын тапсаң қар да жанады» демекші, іскер басшының келуімен жаңашаландыру, жандандыру жұмыстары жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүргізіле бастады. Басшы назарынан ешқандай іс таса қалмады. Қабырғаларға мектептің үздік оқушылары мен олардың ата-аналарына, жарыс жеңімпаздарына, мектеп демеушілеріне арналған стендтер ілінді. Бұл игі іс оқушылар мен ата-аналардың ризашылығын туғызды. Кім-кім де болса, өз баласынаң мектеп мақтанышы атанғанын мақтан тұтады емес пе? Ұстаздардың да еңбектері еленіп, стендтерден жетістіктері көрініс тапты. Көптеген ұстаздар оқушыларымен түрлі деңгейлердегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, мектеп атын асқақтатып келеді.
Аталған мектепті бітірген түлектерден мектепке демеушілер тарту ісі де жолға қойылды. Ата-аналар, мектеп түлектері өз еркімен мектепке қолынан келген көмегін беріп жатты. Ауыл азаматтары да игі істен шет қалмады. Көгеріштендіру-көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына қолғабыс етті. Мерзімдік гүлдерді отырғызу жақсы жолға қойылып, жасыл желекке оранған мектеп елдің көз қуанышына айналды.
Тәжірибелі басшы келгелі мектептің материалдық-техникалық базасына аса көңіл аударды. Кезең-кезеңімен мектептің терезелері, шатырлары, жылу жүйелері, едендері мен жылу трассалары ауыстырылып, мектептің кіреберісі қайта жаңартылды. Пән кабинеттеріне жаңа жиһаздар алынды.
Мектепке көрші Жүрімбай, Қарасу, Көктас ауылдарынан жылма-жыл 120-дан аса оқушы тасымалданып оқытылады. Аудан әкімінің көмегімен жаңа автобус сатып алынды. Сынып кабинеттерінің барлығы да компьютермен қамтылған. Екі компьютер кабинеті, химия, физика, биология, робототехника кабинеттері заманауи техникамен жабдықталған. Төрт мультимедиалық, 3 интерактивтік тақталы кабинеттер жұмыс жасауда.
Мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Ұжымда береке мен бірлік сақталған. «Жақсы бастық – жарты бақыт!» деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ұжым мен мектеп басшыларының арасында үлкен сыйластық орнаған. Жанына білікті, іскер орынбасарларды таңдай білген басшы аз уақытта мектептің әкімшілік құрамын білікті ұстаздардан жасақтады. Барлық мәселелерді бірлесе, ақылдаса отырып шешеді. Ең бірінші білім сапасына көңіл аударылады.
Бұл мектепке келгелі де «Өлкетану» мұражайының жұмысын жандандырып, өрісін кеңейтті. Оқушылар мен ұстаздардың көмегімен музей қорын көне жәдігерлермен толықтырды. Мұражай ашық алаңда 3 қабаттың фойесінде орналасты. Кез келген адам көріп тамашалауына жағдай жасалған. Музей 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Виртуалды мектеп музейі» байқауында жүлделі ІІ орында иеленіп, бағалы сыйлықпен, грамотамен марапатталса, 2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Музей – ел шежіресі» интернет байқауының Бас жүлдесін иемденді.
Мұның бәрінде де Нұридин Қуанышбайұлының көрегендігі мен ізденімпаздығының, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы. Бөлме гүлдермен көмкерілген музей ел тарихы, салт-дәстүрінен сыр шертетін орынға айналды. «Тәртіп бар жерде – тәрбие бар» демекші, оқушылар ұқыптылық пен әр мүлікті көздің қарашығындай сақтауға бейімделген, кез келген затқа жауапкершілікпен қарайды. Ол жерде оқушыларға туған өлке тарихына арналған сабақтар өткізіледі.
Өз білімін жетілдіру, заман көшінен қалмау, жаңа технологияны жоғары деңгейде меңгеру, білім саласында жылма жыл өзгеріп жатқан заңдар мен толықтырулар бойынша тиісті жұмыстарды атқару сияқты толып жатқан дүниелер дер кезінде іске асырылып келеді.
Нұридин Қуанышбайұлы 2015 жылы Кембридж университетінің бағдарламасымен мектеп директорларына арналған 9 айлық курста дәріс алып, педагогтардың жаңа технологиямен жұмыс істеуіне өзі бас болып қозғау салып отыр. Білім саласының соны өзгерістеріне ілесе білім мен тәрбиенің қатар дамуына ұйытқы болып келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Атап айтар болсақ, өткен оқу жылында ҰБТ-да 113,2 пайыз білім сапасын көрсетіп, аудандық білім бөлімінің рейтингісі бойынша үздік үштікке енді. Жыл сайын мектеп бітірушілер арасынан «Алтын белгі», «Үздік аттестатқа» үміткерлер өз білімдерін дәлелдеуде. Былтырғы жылы ҰБТ-ға қатысқан 22 оқушының 18-і 100-дан жоғары балл жинап, грант иегерлері атанса, оқу орнының биылғы көрсеткіші де жаман емес.
Нұридин Қуанышбайұлы өзінің еңбек жолында іскер басшы, жаңашыл, ізденімпаз, өз мамандығын жете меңгерген жоғары санатты ұстаз екенін дәлелдеп келеді. Елбасының білім сапасы бойынша мемлекеттік маңызға ие Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асыруда үлкен істің ұйытқысы болып жүрген іскер басшының табиғи болмысында да өзіндік ерекшілігі бар. Қатал талап қоя білгенімен, қатыгездіктен жырақ.
«Мектеп басқарушысына мынадай үш қасиет қажет: ғылымды, педагогикалық шеберлікті, ұйымдастырушылық қабілетті ұштастыра білу» деген атақты педагогтардың бірі В.А.Сухомлинский. Нұридиннің бойынан осы үш қасиетте табылып жатса, оған ол- басшының кекшіл болмауы керек» деген қағиданы қосады. Өйткені, халық арасында «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген ұлағатты сөз бар. Адам болған соң қателеседі. Сондықтан да Нұридин біреудің білмей істеген істерін кешіре білу қажет деп түсінеді. Тіпті бірлі жарлы қарамағындағы заңға бағынғысы келмейтіндерге, ережені мойындағысы келмейтіндерге де кеңдікпен қарауы басшының көпшілік алдындағы беделін арттырмаса кемітпейді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген ұлағатты сөзді үнемі жадында ұстайды. Ұлылықтың өзі де кешірімділікпен өлшенетінін ұмытпаған абзал.
Н.Нұрғабыловтың тағы бір ұстанған ісі оқытудың жаңа технологияларын енгізуді, жаттанды емес жасанды қолдау емес, қайта шәкірттерге дәріс берудің бұрынғы түрлерін түбегейлі өзгерту, жаңалықты жатсынбай жүзеге асыру болып табылады. Жаңашыл жұмыс істеудегі негізгі тұлға ол – ұстаз.
Жаңашылдыққа жаны құмар, жаңалық енгізуді жаны сүйетін Нұридин тағы да бірінші болып жаңа технологияларды меңгеріп, ұстаздар қауымын да жаңашыл болуға, оқу үрдіміндегі жаңа оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеруге шақырып, ол жолда өзі үнемі оларға қолдау көрсетіп отырады. Өзі үйренген жаңа тәсілдерді қолдаудағы оның басты мақсаты – оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға машықтандыру, олардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға кең өріс ашу, бірлесе отырып жаттығуларды талдау, өзін-өзі бағалау және ой қорыту дағдыларын қалыптастыру. Ол өз сабақтарында шәкірттерін жарыстыруға, іскерлік ойындарын, проблемалық жағдайларды талдауды пайдалануға толық мүмкіндік береді. Жаңартылған білім беру негізінде шәкірттің өз бетімен жұмыс жасауына жағдай жасайды.
Нұридин Нұрғабылов өзі басқарған мектептердегі жеткен нәтижелердің бәрінде мемлекеттік стандарттың терең меңгерілуін, мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуін қадағалау арқылы қол жеткізіп отырды. Ол жаңартылған білім мазмұнына қатысты былайша пікір білдіреді:
– Бұл білім сапасына еніп жатқан жаңа әдіс-тәсілдер мұғалімнің мүмкіндігімен қоса оқушыларды өзін-өзі бағалауға дағдыландыру, әр баланың қабілетіне қарай тапсырма беру, сыныптағы барлық оқушыларды сабаққа толық белсенді қатыстыра отырып, ойлау қабілеттерін дамытуды, алған білімдерін өмірде шынайы қолдана білуге баулуды көздейді.
Өмірін жас ұрпақты тәрбиелеу жолына арнаған Нұридин Нұрғабылов білікті басшы, білімді ұстаз ғана емес, жапырағын кеңге жайған үлгілі отбасының да тірегі. Әрине, оның жеткен табысына жұбайы Ұлжан Естаеваның қосқан үлесі аз болмаса керек. Ұлжан Әбенқызы жоғары санатты, білімді ұстаз. Аяулы жары екеуі бес бірдей ұлды тәрбиелеп өсіріп, оларды да өз ұяларына қондыра алған ардақты ата-аналар. Бесеуі де заман талабына сай жоғары оқу орындарын бітіріп еліміздің экономикасын көтеруде жан жақта еңбек етіп жүр.
Өмірінің 40 жылын (соның 32 жылында мектеп директоры) халық ағарту ісіне арнап келе жатқан Нұридин Қуанышбайұлының еңбегі елеусіз қалған емес. Ол 1991 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, 1993 жылы «Қазақстан Республикасы білім бері ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2007 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгімен, 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Ауданның, облыстың жергілікті атқарушы органдары басшыларынан алған марапаттары бір төбе. 1995, 1998, 2001, 2003, 2008 жылдары облыстық білім басқармасының, 2002, 2006, 2011, 2016 жылдары Жамбыл облысы әкімінің, 1994, 2005, 2012, 2016 жылдары аудан әкімінің Құрмет грамоталарын иеленді.
Балаға деген жүрегі мейірімге толы әке, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Нұридин Қуанышбайұлы өзі басқарған білім мекемелерін әрдайым табысты қырынан көрсете білді. Қызметіне қалтқысыз, білім сапасының дамуына мол үлес қосып жүрген біз білетін Нұридин Нұрғабылов осындай абзал жан.
Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»