El іshі

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екендігін, бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті орасан зор екендігіне тоқтала келе, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтауға тиісті бақылауды күшейтуді тапсырды.

Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындауға аудан шаруашылықтары да өзіндік үлестерін қосуда. Осы ретте аграрлық өндірісті әртараптандырып, ақ егіспен қабат мал шаруашылығын дамытуға және басқа да басым дақылдар өсіруге ден қойған шаруашылықтар қатарында Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» шаруа қожалығын атауға болады.
– Алғаш рет 2001 жылы шаруа қожалығын құрған кезде біршама қиындықтар кездесті. Бастапқыда ісімізді 300-400 гектар алқапқа ақ егіс және картоп өсіруден бастадық. Мемлекеттің қаржылай қолдауына сүйеніп, ісімізді дер кезінде дұрыс бағытқа бұрып, ұйымдастыра білдік. Соның нәтижесінде шаруамыз біртіндеп оңалып, даму жолына түсе бастады, – дейді қожалық жетекшісі Дәулет Үсенбаев.
Қожалық өндірісті әртараптандыру мақсатында 2009 жылы алма өсіруге бетбұрыс жасады. «Дарханның» бұрын ауыл іргесінде де азын-аулақ алма бағы бар-ды. Алайда, одан ойдағыдай өнім алынбайтын. Міне, қарқынды алмабақ арқылы өнімді екі есеге дейін арттыруға болатынына көз жеткізген Дәулет Өмірбайұлы мемлекеттің қолдауымен ағын суы мол тұстан жаңа алма бағының орнын белгілеп, 60 гектарға алма көшеттерін отырғызды.
– Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан әрі жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар. Жалпы, биыл қуаңшылық болғанымен, бау өнімін тұрақты деңгейде сақтап қалды, – дейді шаруашылық басшысы.
Алма бақтағы ағаштардың дені аласа бойлы. Ерте пісіп-жетілетін, жергілікті климатқа бейімделген, 3-4 жылда өнім беретін «Золотой превосходный», «Заря», «Бесжұлдыз», «Айдоред» сұрыптары таңдалған. Там-тұмдап апорт алмалары да бар. Жиналған өнімнің біраз бөлігі бау басынан сатылады, қалғаны 600 тонналық жертөледе сақталады.
Шаруа қожалығы 2012 жылдан бері «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, сүт бағытында 70, ет бағытында 28 бас сиырды несиеге алды. Мал шаруашылығын қолға алумен шабындық және жайылымдық жерге қажеттілік пайда болды. Содан бері малдың қоңдылығын, өсімділігін арттыру үшін суғармалы шабындықтарда жоңышқа, эспарцет, дәндік жүгері өсіру жағы дұрыс жолға қойылып келеді.
Бүгінде қожалықта бағылатын ірі қара малдың саны 250 басқа жеткізілді. Оның басым бөлігін ет бағытындағы табын құрайды. Бордақыланған малдар аудан орталығындағы және Тараз қаласындағы мал базарларында саудаланады. Сүт бағытындағы 30-40 бас сиырдан сауылған сүт жергілікті өндіріс ошақтарына өткізіледі.
Сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екенін жақсы түсінетін қожалық басшысы бұрнағы жылдары Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан күздік бидайдың супер элиталық «Стекловидный-24» тұқымын әкеліп екті. Сапалы бидай тұқымы гектарынан 35-46 центнер өнімге қол жеткізілуге мүмкіндік беріп, қожалық аймақтағы шаруашылықтарды элиталық тұқымдармен қамтамасыз етті.
Мезгіл өте, ескі техниканы жаңарту қажеттігі де туындады. Астық жинауға және шөп оруға қажетті техникалар да алынып, тірлікке пайдаланып келеді. Қолда бар техникамен ауылдағы ағайындарға да ара-тұра көмек көрсетемін. Қазір шаруашылықта бір «К-700», бір-екі доңғалақты трактор, жүк машиналары мен жүк тиегіш, шөп тайлағыш техникалар, тіркемелер, басқалай да құрал-жабдықтардың болуының өзі жыл он екі ай тынбайтын еңбек майданында қомақты күш болмақ.
Биыл ауа райының құрғақ болуымен Көксай каналының аңғарындағы суғармалы алқаптарда су тапшылығы қатты сезілді. Бірнеше жыл бұрын сатып алған шаруа қожалығының жаңбырлатып суғару қондырғысы ылғал жетіспеу салдарынан іске қосылмай қалды.
Шаруа қожалығының өз жайылымы, шөп шабындығы мен егістігі бар, соның арқасында малдары өз жем-шөбімен қамтылады. Биыл да мал азығының берік қоры әзірленіп, шаруашылық мал қыстату науқанына толық дайындықпен келді. Ауылдағы мал базасына 50 мажар жоңышқа, 500 дана орама жиналып, 100 тонна пішендеме, дәндік жүгеріден 200 тонна сүрлем бастырылды. Сүрлем демекші, мал азықтандыру сапасын жақсарту үшін екі-үш жыл бұрын мал базасының жанынан 300 тонналық сүрлемдік шұңқыр қазылып, іске қосылды.
Сиырлар күздің жылы күндерін пайдаланып, Теріс өзенінің жағасында жайылып жүр. Енді бірер күнде алма бау орналасқан алқапқа көшірілмек. Суық түскенде ауылдағы базаға әкелінеді. Мал күтімімен малшылар Заңғар Өтешов пен Досым Елекбаевтар айналысады. Сонымен қатар механизаторлар Рәтбек Балатаев, Ерғали Маханов, Шілден Рахмановтар ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан, шаруашылықтың ыстық-суығына төселген белді мамандар.
Айтпақшы, қожалықта шаруаның дөңгелене жүріп кетуі ұжымдағы бірлікке, ұйымшылдыққа тікелей байланысты. Мұнда көңілге қонымды жағдайдың бірі еңбек адамын әлеуметтік, тұрмыстық жағынан көтермелей білу жақсы үрдіске айналған. Бұл тұрғыда науқандық жұмысқа тартылғандар күнделікті табысын нақты ақшалай әрі өнім түрінде алып тұрса, тұрақты жұмыстағы еңбек адамдарының айлық жалақысы 130-150 мың теңге деңгейінде ұсталып отыр. Ынталандыру мақсатында жұмысшыларға қысқы соғымға мал беру жағы да қарастырылған. Кей жылдары қыс ұзап кетіп, мал азықтан тарыққан жағдайда, қарамағындағыларға жем-шөптей көмек беру жағы да бар.
Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Үсенбаевтың атқарған ілкімді істерімен қатар келешекте ойға алған мақсат, жоспарлары да баршылық. Мәселен, алдағы жылдары астық жинайтын комбайн сатып алуды межелеп отыр. Сондай-ақ, шаруашылықта өндірілетін өнімдерді қайта өңдеп, дайын өнім ұсыну жағын да ойластыру қажет.
Алма бауларында жылда кем дегенде 300-400 тонна алма жерге түсіп, сақтауға жарамсыз болып, іріп-шіріп қалады. Іргеміздегі Түркістан облысы Түлкібас ауданының Састөбе ауылында ұрынған алмаларды қабылдап, одан түрлі шырындар шығаратын жеміс-консерві зауыты жұмыс істеп тұр. Алайда, зауыттың қабылдау бағасы тым төмен болғандықтан, апарған жол шығынын өтемейді. Дәулет келешекте қожалық базасынан осындай өндіріс ашуды межелеп отыр.
Дәулет Өмірбайұлы өмірлік жары Әлимамен екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Шолпан тұрмыста, екіншісі Лаура С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің соңғы курсында білім алуда. Ұлы Бексұлтан да білім жолын қуып, Тараз өңірлік университетінің заң факультетінің студенті болса, кенжелері Нұрбек пен Нұрасыл мектеп оқушылары. Екеуі жасы сексеннен асқан анасы Анаркүлді алақанына салып аялап отыр.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» дегендей, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің жемісін татып отырған «Дархан» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.

Суретте қожалық малшысы
Заңғар Өтешов

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close