El іshі

Талай дарынды түлеткен шаңырақ

Тәуелсіздік жылдары бой көтеріп, халықты қуанышқа кенелткен білім шаңырағының бірі – Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектеп. Бұл мектептен еліміздің дамуына еңбегі сіңген талай дарындар мен мықтылар түлеп ұшты. Олардың қатарында Бауыржан Үсенов, Әміртай Бөрі, Қасым Әзімхан, Тельман Сауранбеков, Бақыт Мырзабек, Анархан Әзімханұлы, Жексен Бижанов, Дербіс Байділдаев, Ержанбек Нұрбеков, Есенғали Үсенбаев, Талғат Айтбайұлы, Алпысбай Шымырбайұлы, Сәтімбек Рыспаев, Гүлжәмила Райымбекова, тағы да басқалар бар.

Мектептің бүгінгі заман талабына сай жаңа ғимаратының іргетасы 2014 жылы қаланып, 2016 жылы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл ғимараттың салынуы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен үлкен қуаныш болды.
Абай атындағы орта мектептің тарихына аз-кем тоқталсақ, жазушы, журналист Талғат Айтбайұлының «Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік…» атты кітабындағы Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Талапбек Байділдаұлының «Кешеден келдік бүгінге» атты естелігінде былай дейді: «Абай мектебінің арғы тарихына, өзім білетін тағдырына үңілейін. 1928 жылғы коллективтендіру науқанымен бірге әрбір елді мекенде бастауыш мектептердің негізі қалана бастады. Сол уақыттан білетінім, ауданның екі жерінде жеті жылдық мектеп болды. Бірі – Талдыбұлақта, екіншісі – Кеңес ауылында. Аудан орталығындағы орта мектеп сәл кейіндеу ашылса керек. Қалған ауылдардың бәрінде бастауыш мектеп жұмыс істеді.
Ол уақытта әрбір ауыл өзінше колхоз болатын. Кантемировкада ашылған колхоз «Свободный труд» деп аталатын. Осы селода ашылған мектеп Кантемировка бастауыш мектебі деп аталды. Оны ашып, ұстаздық еткен – Матвеев Иван Иванович. Мектептің мұғалімі де, басшысы да сол кісі. Содан 1943 жылы жеті жылдық мектепке айналды. Алғашқы директоры Сейіткәрім Қалдыбаев деген кісі. Міне, мектептің орыс-қазақ балаларын қатар оқытатын аралас мектеп болуы осы тұстан басталды. Қазақ кластарында білім алғандар Ақтасты, Шаңлақ, Талдыбұлақ, Кеңбұлақ және басқа да ауылдардың ұл-қыздары еді.
1963 жылдың қоңыр күзінен бастап алыстан қатынайтын оқушылардың бәрі де алты бөлмелі етіп салынған, сол уақытпен салыстыра айтқанда жылы да жайлы интернат үйінде жатып оқи бастады.
1965 жылы бұл мектепке ұлы Абайдың аты берілді. №10 Абай атындағы сегізжылдық мектеп делінетін болды. Мектеп директоры болып Ошақбай Әшімбаев деген кісі келді. Жоғары білімді мамандар жолдамамен келіп, қызметтерін бастады. Солардың бірі – Әбдімәжит Дәуренов. Басқа пәндерден білікті ұстаздар қатары көбейді. Білім алатын шәкірттердің де саны ұлғайды. Енді орта мектепке айналдырудың талабы күшейді. Сөйтіп, 1966-67 оқу жылында орта мектепке айналды».
Абай атындағы орта мектепте 5 сыныптан бастап мен де оқыдым. Мектеп-жанындағы интернатта жатып, білім алдық. Әбен Шынарбеков, Гүлжәмилә Нұрбекова, Қанат Төлегенов, Гүлназ Байхожаева, Алтынай Нұрбекова, Әлдибай Биқұлов, Нағима Әзімханова, Асылзада Сәрсенбаева, Бейбіт Игілікова сынды білімді, білікті, тамаша ұстаздардан білім алдым. Ол кісілердің берген білімі мен тәрбиесінің арқасында үлкен өмірге қанат қақтық. Ұстаздарыма шын жүректен алғыстан басқа айтарым жоқ. Ұстаз – ұлы есім.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұшқан ұяма арнайы барып қайттым. Ондағы мақсатым – тәуелсіздік жылдары түлеген мектебімнің бүгінгі тыныс-тіршілігін өз көзіммен көріп, жетістіктерімен, алдағы жоспарларымен бөлісу.
Білім шаңырағына 2015 жылғы қараша айынан бастап Жанар Өтегенова басшылық етеді.
-Мектепте 199 оқушыға 34 мұғалім дәріс береді. Сонымен бірге мектепалды даярлық тобында 15 бала бар. Мұғалімдердің тоғызы жоғары санатты, сегізі І санатты, бесеуі ІІ санатты болса, он мұғалім жас маман болуына байланысты әлі санаттары жоқ.
Сонымен бірге сегізі педагог-зерттеуші, төртеуі педагог-сарапшы, төртеуі педагог-модератор,- дейді мектеп басшысы. -Мектебімізде Ақмарал Сейдалиева, Мөлдіркөз Кенжебекова, Әйгерім Әшірбаева, Рәзия Оразбекова, Айман Мауртбекова сынды тағы да басқа тәжірибелі ұстаздарымыз бар. Бұл мамандар жас мамандармен де жүйелі жұмыс жүргізеді.
Өткен оқу жылында мектепті Алмабай Айдана деген түлегіміз Үздік аттестатпен бітірді. ҰБТ-ға қатысқан түлектеріміздің орташа жинаған балы – 72.
Мектепті өткен оқу жылында 16 түлек аяқтап, оның тоғызы ҰБТ тапсыруға барды. Үшеуі мемлекеттік білім грантына ие болса, қалғандары жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсті.
Білім шаңырағында білім мен өнерде өздерінің алғырлығымен, өнер-білімге құштарлығымен ерекше көзге түсіп жүрген Жасмин Жолтай, Көркем Мақай, Мадияр Мәдібек сынды, тағы да басқа шәкірттеріміз бар. Атап айтқанда, жоғары санатты ұстаз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақмарал Сейдалиеваның шәкірттері Айдана Алмабай, Аяулым Таубас, Ұлбосын Шымырбек, Еркеназ Мұстафа, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, арнайы Дипломдармен, төсбелгілермен марапатталды.
Қазақ тілі мәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Мөлдіркөз Кенжебекованың Аяжан Мұстафа, Мерей Дәулетжан, Инабат Серік, Нұрай Елемес, Карина Дауылбай, Санжар Біләнұлы, Асылхан Баймен, Олжас Шымырбек, Мадияр Мәдібек сынды шәкірттері де түрлі республикалық байқауларда топ жарып жүр.
Сонымен бірге бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Ботакүл Сәулембаеваның шәкірттері Азамат Жамалбек, Мұхаммед Түгелбай республикалық «Ақылды бала» байқауына қатысып, І орынды иеленді.
Тәжірибелі ұстаз, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ермахан Тәліпбековтың шәкірттері, жас спортшыларымыз волейболдан халықаралық жарыста жүлдеді орынға ие болған Асхат Жамалбек пен Орынбасар Оразбек, бокстан облыстық спартакиада жеңімпаздары Мұстафа Манзұр, Асхат Жамалбек пен республикалық турнирдің жеңімпаздары Азамат Жамалбек, Мұхамммед Түгелбай, Бақытхан Сапарбек сынды шәкірттеріміздің болашағынан үлкен үміт күтеміз.
Шәкірттеріміздің жетістіктеріне орай ұстаздарымыздың да марапаттары өте көп. Мәселен, география пәнінің мұғалімі Рәзия Оразбекова «Ең үздік география пәнінің мұғалімі» атағына ие болды. Сонымен бірге жоғарыда аталған ұстаздарымыздың барлығы еңбегіне қарай жоғары дәрежелі марапаттарды иеленді.
Ал, мектептің материалдық-техникалық базасына келсем, 19 оқу кабинеті, спорт зал, акт залы, асхана, ІТ сынып, робототехника сыныбы бар. ІТ мамандарымыз білімді. Робот құрастыруға деген шәкірттеріміздің қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан оқушыларға сабақтан бос уақытта мектепке келіп роботтар құрастырып үйренуге мүмкіндік жасалған. Төрт интерактивті тақта, 40 компьютеріміз бар.
Мектепке Қызтоғаннан 23 оқушы, Ақтасты ауылынан 24 оқушы келіп оқиды. Олар автобуспен тасымалданады.
Мектепте 13 үйірме бар. Оның үшеуі спорттық үйірмелер болса, қалғаны түрлі пәндерден оқушыларды қосымша дайындайды. Қазіргі таңда пән мұғалімдерді 11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындауда.
Мектебімізде орыс тілі пәнінің мұғалімі жетіспейді. Сонымен бірге оқушылардың шығармашылығын дамытатын ауылдан Аула клубы ашылса деген тілегіміз бар. Бір жылдары мектептен домбыра үйірмесі ашылғанда оқушылар қуанып, домбыраларын алып мектепке ағылатын. Ал, қазір маман жоқ. Оқушылар ән айтып, би билеп, түрлі аспаптарды үйренгісі келеді. Сондықтан үлкен тілегіміздің бірі – балалардың шығармашылық қабілетін дамытатын үйірмелер ашу.
Мектебімізде түлектермен байланысымыз да жақсы. Әр жылғы түлектер мектепке естелік ретінде қажетті, құнды дүниелерді сыйлауда. Түлектердің бұл игі істері де бүгінгі жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге,- дейді Жанар Өтегенова.
Мектеп басшысы жақында «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Жылдың үздік директоры-2021» атты республикалық байқауына қатысқан екен. Дәл біз барған күні орталықтан Жанар Өтегенованың байқауға дайындаған еңбегі жоғары бағаланып, республикалық кітап жинағына енуімен құттықтауы келіпті. Бұл да мектеп басшысының, ұжымның еңбегіне берілген баға.
Талай дарынды шәкіртті түлеткен киелі шаңырақ әлі де еліміздің өркендеуіне үлес қосар патриот, білімді, тәрбиелі, жауапкершілік қасиеті, елге, туған жерге деген сүйіспеншілігі жоғары жастарды тәрбиелей берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close